25.09.2026 — Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Дарақ бір жерден көгереді

ҚТЖ келбеті
17.07.2026, 08:40
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Атыраулықтарға танымал теміржолшылар әулеті Сисеновтердің саладағы жалпы еңбек өтілі 300 жылды құрайды. Бұл үлкен әулеттің бастауында Атырау облысы, Махамбет ауданы, 15-ауылында дүниеге келген бауырлар – Тұяқбай мен оның үлкен апасы Жәния тұр.

Жәния әжеміз 1930 жылы, ал Тұяқбай атамыз 1939 жылы дүниеге келген. Ата-анасы қайтыс болғанда Жәния 11 жасар, інісі 2 жасар бала екен. Сұрапыл соғыс жылдары бұғанасы қатпаған он бір-он екі жасар қыз елмен бірге тылда ауыр жұмыс істеп, жалғыз інісіне де қамқор болып, ағайын арасында өсіріп жеткізіпті. «Тыл ардагері» медалімен марапатталған Жәния Сисенова әулеттен шыққан алғашқы теміржолшы болды.  

1956 жылы Гурьев вагон пайдалану депосына вагон жөндеуші болып кіріп, тапжылмай 32 жыл еңбек етіп, 1988 жылы зейнетке шыққан. Әулеттің ақылшысы, арқасүйері болған ардақты жан 2010 жылы дүние салады. Әпкесінің жолымен теміржолға келген Тұяқбай Сисенов те 1962 жылы Гурьев вагон пайдалану депосына жұмысқа тұрып, 2003 жылға дейін, яғни 41 жыл вагон жөндеуші слесарь болып еңбек етеді. Абыроймен зейнетке шығып, 2014 жылы өмірден өтті. Жары Марфуға Сисенова екеуі үйлесімді ғұмыр кешіп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді.  

Бүгінде 80-нен асып, ұрпағының ортасында ақылшы болып отырған кейуана – кезінде түзде теміржолдың ауыр жұмысын да қатар алып жүрген батыр ана. «Алтын алқа» иегері 1968-1996 жылдар аралығында Гурьев локомотив депосында кезекші бұрмашы, локомотивтерді жабдықтаушы және бригадир болып 28 жыл қажырлы еңбек етіп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Жуырда мерейтойына орай локомотив депосы басшылығынан гүл шоғы мен алғыс хат алды.  

Қазіргі таңда Сисеновтер әулетінің ондаған мүшесі теміржолдың әр саласында еңбек етіп жүр. Ақзия Тұяқбайқызы 1985 жылы қарапайым байланыс механигі болып бастап, бүгінде Атырау магистральдық желі бөлімшесінде Азаматтық қорғаныс бөлімінің жетекші инженері қызметін абыроймен атқарып келеді. ҚТЖ басшысының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан темір жолына 120 жыл» медалімен марапатталған. Мұхтар Тұяқбайұлы еңбек жолын жол жөндеуші болып бастап, 1985-2011 жылдар аралығында 26 жыл бойы тапжылмай еңбек етіп, Атырау жол дистанциясының бас инженері деңгейіне дейін жетті. Оның жұбайы Алмажай Дюржанова 1983-2022 жылдар аралығында Атырау жол дистанциясында қатардағы инженер қызметінен бастап, техникалық бөлім бастығына дейінгі абыройлы жолдан өтті. Салаға сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақстан темір жолына 100 жыл» медалімен марапатталды және «Құрметті теміржолшы» атағын иеленді. Тұяқбай атаның ұлы Бауыржан Сисенов 1995 жылдан бері қарапайым жол жөндеуші қызметінен бастап, бас инженер лауазымына дейінгі үлкен жолдан өтті. Қазіргі уақытта тәжірибелі маман ретінде Атырау жол дистанциясында өндірістік оқу шебері болып, жас буынды тәрбиелеуге үлес қосуда.  

2013 жылы Бауыржан Тұяқбайұлы «Ақтөбе-Атырау» бағытындағы №691 жолаушылар пойызымен іссапардан келе жатқанда тамбурда тұрып вагон дөңгелегінің айналмай, қауіпті дыбыс шығарып келе жатқанын естиді. Тәжірибелі теміржолшы бұл ақаудың соңы үлкен апатқа әкелетінін бірден түсініп, жолаушылар пойызын шұғыл тоқтатуға ықпал етті. Белгілі болғандай, ол өз әрекетімен қауіптің алдын алып, жүздеген жолаушының өмірін сақтап қалды. Жауапкершілік қасиеті мен қырағылығы үшін ҚТЖ басшылығының Алғыс хатымен марапатталды.  

Бүгінде әулеттің дәстүрлі жолы үшінші буынға ауысты. Тұяқбай немересі Әлжан Атырау жол дистанциясында жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Соғыс басталған шақта жетім қалған екі жасар ұлдан 28 немере мен 39 шөбере тарап, бір қауым елге айналған. Ал оның бастауында бауыр десе жанын құрбан ететін қазақтың қайсар әйелі тұр.

 

 

Жаңалықтар / Мұрағат
25.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №76 25 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
24.09.2026
Қазақстандық делегация Бейжіңнің Оңтүстік вокзалының жұмыс тәжірибесін зерттеп білді
Жүк тасымалы
24.09.2026
«Теміржолсу» нысандарды қысқа дайындауды аяқтауда
Жаңалықтар
24.09.2026
Астана-1 вокзалы қайта жаңартудың соңғы кезеңінде
Әлемде
24.09.2026
Еуропалықтар соңғы он жылда алғаш рет автобусқа қарағанда пойызбен жиі қатынаған
ҚТЖ келбеті
24.09.2026
58 жылдан кейінгі кездесу
Спорт
24.09.2026
Теміржолшылар мерейтой иесіне турнир арнады
Жаңалықтар
24.09.2026
Қазақстан ТХКБ-дағы контейнер тасымалын төрт есеге арттырмақ
Әлемде
24.09.2026
Вьетнам Siemens Mobility компаниясынан жүрдек пойыздар сатып алады
Жүк тасымалы
23.09.2026
KTZ Express Үндістанға жасымық жөнелтті
Әлемде
23.09.2026
Қырғызстан Wabtec компаниясынан 10 жаңа локомотив сатып алмақ
Жаңалықтар
23.09.2026
Ақмола облысында Атбасар вокзалын жөндеу аяқталды
Жаңалықтар
23.09.2026
ҚТЖ локомотив паркін қысқы тасымалдауға дайындауда
Әлемде
23.09.2026
CRRC энергия үнемдейтін SmartMetro пойызын таныстырды
Жаңалықтар
23.09.2026
Қазақстан вокзалдары жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
Инфрақұрылым
22.09.2026
ҚТЖ Бейнеу бағытында автоматика жүйесін жаңғыртуда
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ 150 мың тонна болат құбырды мультимодальды бағытпен тасымалдайды
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ локомотив бригадаларының біліктілігін арттыруда
Трансформация
22.09.2026
SAP жүйесі: ҚТЖ үшін озық цифрлық шешім
Аймақтар
22.09.2026
Семейде тәулігіне кемі 350 вагон көмір тиелуде