Матай депосында 43 жыл еңбек еткен маман марапатталды
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Қырық үш жыл темір жолда еңбек етіп, кәсібіне адалдықтан айнымай келе жатқан Серік Есжанов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.
Ал күні кеше «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов оған Алғыс хат табыстады. Серік Есжанов «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – Алматы филиалының Матай локомотив пайдалану депосында локомотив қабылдаушы болып еңбек етеді. Техникалық білімі мен орындаушылық қабілеті жоғары маман локомотив паркінің сенімділігін қамтамасыз ете отырып, тартымдық жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу сапасын қатаң бақылауды жүзеге асырады. Локомотивтерді жөндеудің барлық түрлерінен және техникалық қызмет көрсетуден кейін сапалы және жедел қабылдап алады. Жөндеу жұмыстарының нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкестігін қатаң бақылайды.
2024-2026 жылдар аралығында жеке өзі 10-нан астам локомотивті ТО-2, ТО3, ТР-1 көлеміндегі жөндеуден кейін тексеріп, қабылдап алған. Оның тексеру нәтижелеріне қарап, жұмысын сапалы жүргізетінін байқауға болады. Яғни депоның кінәсінен локомотивтердің жоспардан тыс жөндеуге қайта кіру пайызы 4.5%-ға төмендеген.
Серік Орынханұлы жоғары кәсіби қырағылыққа ие. Ағымдағы жұмыс кезеңінде ақаулы жылжымалы құрамның желіге шығуына жол бермей, бес рет тораптар мен агрегаттардың жасырын ақауларын уақтылы анықтады. Бұл жол бойында техникалық құралдардың ықтимал істен шығуын болдырмауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар С.Есжановтың дөңгелек-моторлық блоктарды жөндеу сапасына деген принципиалды көзқарасының арқасында қызмет көрсетілетін локомотивтердің жөндеуаралық жүрісі 5%-ға артып, бұл кәсіпорынның пайдалану шығындарын оңтайландыруға әкелді. Соңғы жылдары біліктілік емтихандарын сәтті тапсырған және өндірісте өз бетінше жұмыс істейтін жас мамандарды дайындаған кейіпкеріміз тәжірибелі тәлімгерлер қатарын да толықтырады.