Бекеттердің тарихи атаулары қайтарылды

Аймақтар
25.04.2025, 08:56
Суреттерді түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Кез келген елдің өткені мен бүгіні оның жер-су атаулары арқылы көрініс табады. Қазақ елінің жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар. Белгілі бір өңірдің ономастикалық атауларына қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қилы замандарда көптеген өзгеріске ұшырап, ұмыт бола бастаған жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

ҚР Көлік министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы бұйрығы негізінде еліміздегі бірқатар теміржол станциялары мен бекеттердің аты өзгерді. Министрлік бекіткен бұйрыққа сәйкес Маңғыстау облысында №1, 10, 460 бекеттер мен Опорная, Узень, Сай-Утес станцияларының атауы өзгеріп, бұған дейін нөмірленіп немесе орысша аталып келген нысандар тарихи атауларына ие болды. Міне, түбектегі осынау теміржол нысандарына қатысты атауларға шолу жасап, таныстырып өтуді жөн көрдік.  

№1 БЕКЕТ – КҮЙКЕН  

Маңғыстау түбегіндегі бұрынғы №1 разъезд енді «Күйкен» аталады. Іретасы 1967 жылы түбек теміржолы қалыптасқан ілкі жылдары қаланған бұл нысан пойыздарды қабылдау-жөнелту және жүк операциялары атқарылатын 3-класты жүк станциясы. Ол Бейнеу ауданы орталығынан 18 км қашықтықта орналасқан. Оның Күйкен аталуына келсек, Мұрын жырау жырлайтын «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Манашыұлы Тұяқбай» дастанында мынадай аңыз айтылады. «Ащыағар сайдың бойында отырған ноғайлы ауылдарын қалмақтар шабады. Олар ноғайлының ақылшысы Орманбет биге «бізге көн» деп талап қояды. Би көнбейді. Қалмақтар оны өлтіріп, қалған он бір биді шақыртады. Он бір би қалмаққа бара жатып Манашы мырзаның үйіне түседі, оған «бізбен бірге жүр» деп үгіттеп ертіп алады. Ащыағар сайдың бойындағы қалмақтарға барған он бір би үш күнде елді көндіріп қайтып келеміз деп, Манашыны аманатқа тапсырып кетеді. Бірақ билер қайтып келмейді, ауылдарын жасырып, көшіріп әкетеді. Қалмақтар Манашыны кескілеп өлтіреді. Оның күйігіне шыдай алмаған анасы Аралтөбе тауының бір шыңынан ұшып өледі. Содан бері бұрынғы Ащыағар сайы «Манашы», Аралтөбе тауы «Күйкенұшқан» аталып кеткен» (Ж.Дүйсенбаева).  

№10 БЕКЕТ – БОЗДАҚ  

№10 бекет орналасқан елдімекен «Боздақ ауылы» болып өзгертілуіне байланысты бекет атауын Боздақ деп өзгерту ұсынылған. №10 бекет 1967 жылы салынған. Техникалық санаты бойынша ол пойыздарды қабылдау-жөнелту және жүк операциялары атқарылатын 5-класты жүк станциясы. Ол Маңғыстау ауданы орталығынан 70-80 шақырымдай қашықтықта. Ауданның Сай-Өтес ауылдық округінің құрамына кіреді. Ауыл 1964 жылы Мақат – Маңғышлақ темір жолының құрылысына байланысты пайда болған. Ал «Боздақ» сөзі астарына орай әртүрлі мағына беруі мүмкін.  

№460 БЕКЕТ – САРҒА  

Бейнеу ауданы орталығынан онша алыс емес елдімекен атымен байланысты теміржол нысанын осылай жаңаша атау ұсынылған. Бұл ауылдағы 4-класты теміржол разъезі 1966 жылы ашылған, содан 2005 жылға дейін ескі атауымен аталып келген.  

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Көшімова «Маңғыстау өңірі жер-су атауларының түсіндірме сөздігінде» Сарға атауына «Сарға – ауыл, қорым. Бейнеу ауданынан солтүстік-батысқа қарай 18 км жерде, Каспий ойпатының шығыс жағындағы Қызылжареспе қонысының шығысында, шөлді белдемде орналасқан. Атау «сары» (сын есім) және құз, жартас, тау, биік ұғымын беретін көне имитатив тұлға. Мағынасы: «кең немесе сары бор түстес тау, жартасты тауы бар ауыл» деп түсінік береді.  

ОПОРНАЯ – БОРАНҚҰЛ  

Бұрынғы Опорная станциясы орналасқан елдімекеннің Боранқұл аталғанына біраз болды. Боранқұл – Бейнеу ауданындағы ауыл аты, 1968 жылы мұнай кен орны барлау кезінде құрылған. Бейнеу ауданында сондай-ақ алғаш рет 1960-1961 жылдары геологиялық барлау партиясының гравиметриялық түсірулері негізінде анықталған осы аттас мұнай кен орны да бар. Кей жылдары станция орналасқан елдімекен қалалық типтегі ауыл да болған екен. Ондағы теміржол мекемесі бұдан алпыс жыл бұрын ашылған. Станция облыс орталығынан да аудан орталығынан да біршама қашықта орналасқан.  

УЗЕНЬ – ЖАҢАӨЗЕН  

Жаңаөзен – Маңғыстаудың Ақтаудан кейінгі екінші қаласы. Өзен мұнай кен орнының ашылуымен пайда болған. Алпысыншы жылдардың басында Өзен кен орнына барлаушы-геологтар түпкілікті қоныстанып, зерттеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Қызылсайда алғашқы мекен-жайлар пайда болып, жанжақтан халық жинала бастаған. Алғашында жертөлелер мен вагондар орналастырылып, соңынан сол маңдағы тастарды тұрғын үй тұрғызуға пайдаланады. Сөйтіп барлаушы-геологтар мекені – Өзен поселкесі пайда болады. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі құрылады. Көп өтпей Жаңа Өзен қалалық үлгідегі кент мәртебесін, соң облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған. Новый Узень қаласы Жаңаөзен болып өзгертілген. Соған байланысты осында ашылған станция атауын да Узень емес, Жаңаөзен деп өзерту ұсынылған. Іргетасы осы қаланың атымен байланысты станция қазірде 2-класты жүк станциясы қызметін атқарады.  

САЙ-УТЕС – САЙӨТЕС  

Сай мен Өтес сөз тіркестерінен құралған бұл станция атауына қатысты тұрғындар арасында түрлі әңгіме бар. Бірі сайда отыратын Өтес деген көрегенді, әулие кісі болыпты десе, енді біреулер оны түркіменнің бай адамы болған деседі. Не де болса сол маңда Өтес деп аталатын сай да, қорым да, ауыл мектебі де бар. Бәрінің бірдей Өтес атымен айтылуына қарағанда егер ол шынымен де кісі атымен байланысты болса ол тегін адам болмаса керек...  

Өтес – Солтүстік Үстірт шатқалының Қайдақ шығанағына қарап жатқан сай басы. Сондықтан Өтес сайы, яғни Сай-Өтес аталып кеткен көрінеді. Сайда бірнеше тұщы сулы құдық бар. Құдықтың оңтүстік бетіндегі қыр үстіндегі мола да Өтес атымен аталады. Ал «Өтес» орта мектебінің тарихы ауылға темір жолдың келуімен байланысты. Мақат – Ақтау теміржолының Маңғыстау түбегіне қарай жалғасуы түбек бойынан Өтес станциясының салынуына әсер еткен. Теміржолшылардың балаларына арнап салынған мектеп 1965-1966 оқу жылында ашылып, 120 оқушы, 3 мұғаліммен бастаған екен.

Бұл маңға темір жолдың тартылуына байланысты Өтес кенті құрылып, ол біраз жылға дейін Үстірттегі геофизикалық барлаушылардың, құрылысшылардың базалық орталығы болып тұрған. Сайөтес станциясы 1967 жылы салынған. 3-класты станция әкімшілік аумағы жағынан өзі аттас елдімекенде, Маңғыстау ауданында, аудан орталығынан жүзден астам шақырым қашықта орналасқан. Ауыл 1964 жылы Мақат – Маңғышлақ темір жолының құрылысына байланысты қалыптасқан. 2005 жылы Өтес ауылдық округ тізіміне еніп, 2013 жылы Сайөтес ауылдық округі болып өзгертілген.  

ТОЛТЫР – МАЙКӨМГЕН

Әңгіменің орайы келенде, қабылдау-жөнелту және жүк операциялары атқарылатын 5-класты Майкөмген бекетін де атап кетейік. Ол бұрын Маңғыстау жүк тасымалы мекемесінің құрамында болатын, қазір Атырауға қарайды. Географиялық орналасу жағынан Атырау облысы Жылыой ауданында. Маңғыстау облысымен шекаралас ауыл. Құлсары қаласы орталығынан 60 км қашықтықта Атырау – Ақтау тас жолы, Атырау – Маңғыстау темір жолы бойында орналасқан. Майкөмген ауылында теміржол бекеті 1966 жылы салынған. 2003 жылы Майкөмген ауылы болып өзгертілуіне байланысты бекет атауын Майкөмген деп өзгерту ұсынылған.  

Жалпы, Маңғыстау теміржолында мұндай ерекше мағыналы өзге де нысан атаулары аз емес. Түбекте барлығы 59 бекет-станция бар, соның біразынан тамыры тереңде жатқан атауларды табуға болады. Оның ең ірілері Ақтау, Құрық порттары мен Жаңаөзен, Болашақ бағыттарында қызмет көрсететін Маңғыстау және тоғыз жолдың торабында орналасқан бірінші класты Бейнеу станциялары. Екінші класты Жаңаөзен мен Шетпе және Болашақ станциялары, үшінші класты Құрық порты станциясы мен Күйкен бекеті. Төртінші класты – Сарға бекеті. Қалғандары бесінші класты бекеттер мен станциялар. Олардың атауының көбі алғаш салынған кезі сол нысан орналасқан елдімекеннің, жердің атымен байланысты қойылып кеткен.  

 

Аймақтар
25.04.2025
Түлектерді жұмысқа шақырды
Әлеумет
25.04.2025
Ұжымдық шарт аясындағы көмек
Аймақтар
25.04.2025
Бекеттердің тарихи атаулары қайтарылды
Инфрақұрылым
25.04.2025
Жамбыл бөлімшесінде жол жаңғыртылып, темірбетон шпалдар төселуде
Жаңалықтар
25.04.2025
Жария тыңдауда 2024 жылғы көрсеткіштер мен биылғы міндеттер таныстырылды
Инфрақұрылым
25.04.2025
Теміржол тәжірибесі сөз болды
Жаңалықтар / Мұрағат
25.04.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №31-32 25 сәуір 2025 жыл
Темір жол тарихы
24.04.2025
Балалығын соғыс ұрлаған ұрпақ
Аймақтар
24.04.2025
Маңғыстау темір жолында көктемгі сынақ жүріп жатыр
Жүк тасымалы
24.04.2025
ALSTOM компаниясы ҚТЖ-ға алты осьті 205 электровоз жеткізеді
Әлемде
24.04.2025
Түрікменстан жүк вагон және шпалдар шығаратын зауыт ашпақ
Жүк тасымалы
24.04.2025
Транскаспий бағытының дамуы контейнерлік тасымалдың күрт өсуіне әкелді
Жаңалықтар
23.04.2025
«Jibek Joly» туристік пойызы KITF көрмесінде «Үздік туристік өнім» деп танылды
Аймақтар
23.04.2025
Өрт ошағы туындамасын десек...
Инфрақұрылым
23.04.2025
Атырау облысында тоғыз вокзал жөнделеді
Спорт
23.04.2025
Күзет сарбаздары арасында спартакиада өтті
Спорт
23.04.2025
Түлкібас станциясында дартс атудан жарыс өтті
Әлемде
23.04.2025
Қытай темір жолдары 2025 жылы жолаушылар тасымалы бойынша рекорд орнатты
Жолаушылар тасымалы
22.04.2025
«Астана–Өскемен» пойызына спутниктік интернет қосылды
Жаңалықтар
22.04.2025
ҚТЖ-ның барлық құрылымдарында өртке қарсы тексеру жүргізіледі