Ақтөбелік теміржолшылар бір күнде он бес литр қан тапсырды. Бір адамнан алынған қан екі науқастың өміріне араша болатынын айтқан дәрігерлер теміржолшыларға алғысын жеткізді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Теміржолшылар Ақтөбе облыстық қан орталығына биыл алғашқылардың бірі болып қан тапсырған ұжым. Жыл басындағы игі шараға локомотив деполары, вагон шаруашылығы, станция ұжымдары бір кісідей атсалысты.
«Бүгін 30 теміржолшы қан тапсырды, мұндай шара ерікті және дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мәжбүрлеу жоқ. Теміржолшылар қан тапсыруды азаматтық борышы санайды. Өткен жылы да бірнеше рет ұйымдастырдық, биыл да соңы емес», - деді «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС Батыс филиалы кадр бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасов.
Дәрігерлер бір күнде қан орталығының қорын 15 литрге толықтырған теміржолшылардың бастамасын қолдауға және оны тұрақты ұйымдастыруға шақырды.

«Биыл облыста теміржолшылар бастап қан тапсырып жатыр. Қызыл қан түйіршектері 42 күн сақталады. Сондықтан мұндай акцияларды тұрақты өткізген дұрыс. 2 жылдан бері қан тапсыру ақысыз түрде өтеді. Соған қарамастан осындай бастамамен көпке үлгі болып отырған теміржолшыларға алғысымыз шексіз. Бұл қоғамды қайырымдылық пен мейірімділікке үйретудің бастамасы», - дейді облыстық қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Әбдірахманова.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе