Аргентинада күн энергиясымен жүретін пойыз іске қосылды
Аргентинаның солтүстігіндегі Жужуй провинциясында Латын Америкасындағы алғашқы күн энергиясымен жұмыс істейтін теміржол жобасы жүзеге асырылуда. Tren Solar de la Quebrada пойызы Анд таулары арқылы өтетін 42 шақырымдық бағытта жолаушы тасымалдайды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Пойыздың төбесінде күн панельдері орнатылмаған. Екі вагоннан тұратын құрам алты литий аккумуляторынан қуат алады. Батареялар Жужуй провинциясында өндірілетін күн энергиясы арқылы қуатталады. Тежеу кезінде пайда болатын энергия да қайтадан аккумуляторларға беріледі.
Оператордың мәліметінше, толық қуатталған батареялар пойыздың 100–120 шақырым жүруіне жеткілікті. Бұл қазіргі бағыттың ұзындығынан екі еседен асады. Волькан мен Пурмамарка станцияларында жылдам қуаттау құрылғылары орнатылған, ал Тилькарада тағы бір станция ашу жоспарланған.
Аккумуляторлық технологияның арқасында пойыз дизель отынын пайдаланбайды және оған электрлендірілген байланыс желісі де қажет емес.
Tren Solar 2024 жылдың маусымында іске қосылып, Кебрада-де-Умауака алқабында 30 жылдан кейін жолаушылар пойызының қозғалысын қайта жандандырды. Бағыт ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген аумақтағы алты елді мекенді байланыстырады.
Жужуй билігінің дерегінше, іске қосылғаннан бері күн пойызының қызметін 90 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.