Иорданияда фосфат пен калий кеніштерін Қызыл теңіз жағалауындағы Акаба портымен байланыстыратын жүк теміржолының құрылысы басталды. Ұзындығы 403 шақырым болатын жобаның құны 2,5 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жоба Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен инвестициялық келісімі аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылғы қарашада жасалған келісімнен кейін, 2024 жылғы қыркүйекте тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құрылысты Jordan-UAE Railway Company (JURC) бірлескен кәсіпорны жүргізеді.

Компанияның құрамына Абу-Дабидің мемлекеттік L’IMAD Holding қоры және Иорданияның төрт ұйымы кірген. Олардың қатарында Jordan Phosphate Mines, Arab Potash, Government Investments Management және Social Security Investment әлеуметтік қамсыздандыру инвестициялық қоры бар. Біріккен кәсіпорындағы екі елдің үлесі тең, әрқайсысына 50 пайыздан тиесілі.

Жаңа теміржол желісі арқылы жыл сайын шамамен 13 млн тонна фосфат және 2,6 млн тонна калий кенін тасымалдау жоспарланған. Бұл жүк ағынын тиімді ұйымдастырып, Иорданияның автомобиль жолдарына түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кенді тасымалдауға жұмсалатын жылдық логистикалық шығынды қазіргі деңгеймен салыстырғанда шамамен 40 млн долларға қысқарту көзделіп отыр.

Құрылыс барысында 55 көпір мен алты тоннель салу жоспарланған. Жобаны іске асыру кезінде шамамен бес мың жұмыс орнын құру күтіледі.

Бұған дейін теміржол жобасын бес жыл ішінде аяқтау жоспарланған еді. Алайда қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының нақты аяқталу мерзімі жарияланған жоқ.