Маңғыстау теміржолына жауын-шашын қауіп төндіруі мүмкін

Инфрақұрылым
19.04.2022, 11:04
Оқуға 4 мин
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстау теміржолында су тасқынынан қауіп жоқ деуге болады. Түбектің географиялық орны мен климаттық ерекшелігіне қарай өңірде қалың қар түсіп, қатты қыс болмайды. Ал теңіз суы жыл сайын тартылып барады...

Әйтсе де, теміржолды су шаю ықтималдығы бәрібір бар екен. Маңғыстау жол дистанциясының бастығы Бекберген Құрбановтың айтуынша, бұл қауіп көктемгі толассыз жауған жаңбырдан туындауы мүмкін. Маңғыстаудың жер бедері ойлы-қырлы. Сол қырқа-қыраттардың үстіне жауған нөсер жаңбыр жиналып, ойға қарай құлдилағанда алдынан не шықса да жайпап кететін күші болады екен. Оған тіпті анау-мынау бөгет, көпір-құбырлар да дес бермейтін көрінеді. Қырық жылға жуық тәжірибесі бар теміржолшы бірнеше рет мұндай жағдайдың куәсі болыпты.

– Өзім көзбен көрген бірінші су шаю оқиғасы 1988 жылы болды. 245-шақырымда үлкен көпірді ағып келген жауын суы жұлып кетті. Абырой болғанда, жолдан өтіп бара жатқан біреу көріп қалып, теміржолшыларға ескертеді. Дереу пойыздар тоқтатылып, топан судың зардабын жою жұмыстары басталды. Одан кейін 1991 жылы да ауқымды су басудан алты күн пойыз тоқтап қалды. Үш көпір мен 1,5 шақырым жолды су бұзып кеткендіктен Шетпе станциясы мен №15 бекет арасында бір апта пойыз жүрмей қалды. Қалпына келтіруге Маңғыстау теміржолындағы бүкіл техника жұмылдырылып, Құлсары, Бейнеу, Маңғыстаудан теміржолшылар келіп, мұнайшылар көмектесіп, әкімдіктің де күші тартылды.

Осы жағдай 1997 жылы тағы да қайталанып, №10 бекеттің арғы жағындағы көпірді су ағызып кетті. 2008 жылы да толассыз жауған жаңбыр суының салдары үлкен апатқа дейін жеткізді. №14-15 бекет арасындағы 332-шақырымда көпірдің астын су шайып кетіп, үстінен пойыз өткен кездежол опырылып түсіп, алты вагон құлады. 2012-2016 жылдары да сол төңіректегі екі құбырды су шайып кетті. 2016 жылғы жағдайда жолаушылар пойызы тұрып қалып, оны кейін қарай әкетуге мәжбүр болдық. Жақында тағы жолға су келді. Бірақ шаймады, жанасып ағып өтіп кетті, – деп әңгімеледі Бекберген аға.

Айтуынша, Маңғыстау жол дистанциясында ойлы-қырлы Сай-Өтес пен Шетпе, Шетпе мен Маңғыстаудың арасы су шаюға бейім келеді екен. Ал Маңғыстау мен Өзеннің, Өзен мен Болашақтың арасы тегістік болғасын аса қауіп жоқ. Шетпеде биік қыр көп, онда жауған жауын Қарақия ойпатына дейін ойға қарай ағып келеді. Сол жерлерде теміржолды шайып кету мүмкіндігі жоғары.

Оның алдын алуға бола ма, қандай қарекеттер жасалып жатыр деген сауалымызға:

– Бәрі табиғат құбылысына байланысты. Көпір-құбырлар салынған, талайы кеңейтілген. Жоғарыда аталған су тасқынынан болған апаттардан соң да көп жұмыстар қолға алынды. Бірақ бәрібір табиғатқа сенім жоқ. Бірнеше сағат таудың төбесіне жаңбыр жауса, су тасқын болып ағып, қауіп төндіреді, – деп жауап берді.

Бүгінде дистанцияда тасқын суға қарсы жасақталған пойыз бар, қойтастар, құм, шпалдар мен рельстік пакеттер толтырылған 11 вагон дайын тұр.

– Жалпы, Маңғыстау жол дистанциясы №9 бекеттен Маңғыстау, Маңғыстау-Өзен, Өзен-Болашақ аралығын қамтиды. Бас жолы – 552 шақырым. Осы жол аралығында 319 құбыр мен көпір бар. Түбекте теміржолды қар суы еш уақытта да шаймаған, шаймаса да керек. Қар көп түспейді. Жауған қардың ерігенін құбырлар емін-еркін өткізе алады. Біздегі қиындық – мамыр, маусым, шілде айларындағы таудың басына түсетін нөсер жаңбырға байланысты ағын су. Сол жауын-шашынның шамадан тыс көп болуынан су төменге қарай күшті қарқынмен аққанда бетондардың өзін де ағызып кететін қуаты бар. Су құбырларға сыймай қалып, шайып кететін кездер болады. Сол үшін машинистерден, жол шеберлерінен үнемі сұрап, ескертіп, қадағалап отырамыз. Барынша қырағылықты сақтаймыз. Қайбір жылғы үлкен су шаюдан кейін көпірлерді, құбырларды түгел қайта тексеруден өткізіп, кеңейту, үлкейту, бір құбырдың орнына бірнешесін салу сияқты жұмыстарды жүргіздік. Екі жылда бір рет көпір тексерушілер келіп қарап тұрады. Олардың да қорытындысы ескеріледі. Алдағы уақытта, мысалы, 10-20 метрлік 348, 299, 329-шақырымдардың көпірін үлкейту қажет. Қазір көпірлеріміздің ең үлкені – №14-15 бекеттер арасында ұзындығы 105-106 метр. Судың бассейніне қарай үлкен, орташа, кіші көпірлерді қоямыз. Құбырлар да сондай. Дөңгелек, шаршы пішінде біреу немесе бірнешеуі салынады. Біздегі құбырдың ең үлкен биіктігі 3 метрге, ені 6 метрге дейін жетеді, – деп түсіндірді жолшылар жетекшісі.

Жаңалықтар
15.10.2026
NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
15.10.2026
«NEW SILK WAY» VIII форумында халықаралық көлік дәліздері мен тасымалды цифрландыру талқыланды
Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды
Жүк тасымалы
14.10.2026
ҚТЖ Орталық Азия елдеріне астық тасымалдауды 33% арттырды
Жаңалықтар
14.10.2026
Қазақстан мен Бельгия порттар арасындағы серіктестікті дамытуды көздейді
Жаңалықтар
14.10.2026
Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 13,1%-ға өсті
Жаңалықтар
13.10.2026
Теміржолшылар «Семей орманы» резерватында 3500 қарағай көшетін отырғызды
Әлемде
13.10.2026
Stadler АҚШ нарығына арналған алғашқы аккумулятордан қуат алатын пойызды таныстырды
Жаңалықтар
13.10.2026
ҚТЖ өндірістік оқыту жүйесін жетілдіруде
Сұхбат
13.10.2026
Шығыннан – тиімділікке дейін
Жаңалықтар
13.10.2026
«Жас үздік маман» байқауы мәреге жетті
Аймақтар
13.10.2026
417 теміржолшы білімін арттырды
Қауіпсіздік
13.10.2026
Теміржолда балаларды тасымалдау кезінде санитарлық талаптарды сақтау ескертілді
Жаңалықтар / Мұрағат
13.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №81 13 қазан 2026 жыл