Жолшыға жағдай бірінші кезекте жасалуы тиіс

Сұхбат
23.05.2023, 10:40
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Қазір таңда ҚТЖ-да жол күтімін жасайтын 46 жол дистанциясы бар. Солардың арасынан былтыр салалық жарыста 4-орын алған Астана жол дистанциясының директоры Дәурен Қабаспен сұхбатымызда жұмысшылардың еңбек жағдайы, жөндеу жұмыстарының сапасы, жалпы табысқа жету сыры сөз болды.

– Дәурен Набиғолдаұлы, дистанция жұмысының жоғары деңгейге көтерілуіне септік еткен көрсеткіштерге тоқталсаңыз.  

– Жалпы салалық жарыста мекеменің жұмысы балдық, экономикалық, техника қауіпсіздігі және тағы да басқа 21 көрсеткіш бойынша бағаланады. Жол дистанциясында барлық жұмыстар жылдың басында бекітілген жоспарға сай жүргізіледі. Былтыр біздің дистанция аумағы бойынша Жасыл – Макинка, Ақкөл – Елтай перегондарында 16,8 км/жолға күрделі жөндеу жүргізіліп және толық көлемде жоспар бойынша орындалған болатын. Соның арқасында жоғарыда аталған перегондарда пойыздың жылдамдығы сағатына 90 км-ден 120-140 км-ге дейін көтерілді. Және Шортанды, Ақкөл станцияларында 2,5 км/жолда Р50 үлгісіндегі рельстер Р65 үлгісіндегі рельс түрлеріне ауыстырылды. Сонымен қатар жоспарға сай 40 км малға қарсы жаңа қоршаулар салынып, 4,8 км ескі қоршауларға жөндеу жұмыстары жүргізілген және 3,6 км рельс тармақтары ауыстырылды. Астана, Аршалы, Бабатай, Қырқыншы станцияларының бас жолдарындағы 21 бағыттама бұрмалары жаңартылды. 9,6 км жолға күшейтілген орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, яғни күрделі жөндеуден шыққан шпалдар мүлдем ескі шпалдардың орнына ауыстырып салынды. Міне, осындай көрсеткіштеріміз салалық жарыста жүлделі орынның бірінен көрінуімізге сеп болса керек.  

– Дистанцияның әкімшілік ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықталған жаңа ғимаратқа көшіпсіздер.  

– Былтыр күзде Магистральдық желі дирекциясының басшылығы бұрынғы әкімшілік мекеменің қасындағы осы ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, бізді сонда көшіру туралы шешім қабылдады. Қазан айында тендер өтіп, қарашада жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл сонау 1983 жылы салынған ескі шеберхана еді. Кейінгі жылдары бос тұрды. Компаниядан қаржы бөлініп, іші-сыртына жөндеу жүргізген соң мынадай әдемі ғимаратқа айналды. Қаңтар айының соңында көштік. Ғимарат үш қабатты, бірінші қабатта диспетчерлер отырады және тамақтану бөлмесі мен жиналыс өткізетін зал бар. Екінші қабатта әкімшілік пен техникалық-өндірістік бөлім отырады. Үшінші қабатқа кадр бөлімі, есеп-қисап, экономистер, еңбек қорғау мамандары қоныстанды. Мекеме кәсіподағы жабдықтап, жиһаз алуға көмектесті. Бұрынғы мекемені екпе ағаштарын отырғызу қызметіне бердік.  

– Күні бойы ашық аспан астында жүретін желілік телімдердегі жолшылар жағдайына ойыссаңыз.  

– Биыл бізде өндіріс учаскелеріне көп көмек берілді. Жалпы жол дистанциясында 7 өндіріс учаскесі бар. Макинкадағы №1 өндіріс учаскесі ескі ғимаратта отырған еді, оларға да жаңа ғимарат салынды. Ақкөлдегі №2 өндіріс учаскесі ВЧД кеңсесіне көшірілді. Олар бұрын отырған үш бөлмелі ғимаратты баспанасы жоқ жалғызбасты қызметкерлерге бердік. 2021 жылы Қырқыншы станциясында кеңсе салынған болатын. Биыл компаниядан қаржы бөлініп, 3 станциядағы жолшыларға модульдер берілгелі жатыр, 100 шаршы метрлік әр модульде 12 адамға дейін тұра алады. Ішінде асхана, душ, жиын өткізетін орындары бар. Жалпы, жолшыларға жағдай бірінші кезекте жасалуы тиіс, оны ҚТЖ мен салалық кәсіподақ та үнемі назарда ұстап отырғанын айтуымыз керек.  

– Жалпы Астана дистанциясы – кезіндегі 4 дистанцияны біріктірген үлкен мекеме. Қазіргі таңда дистанция құрылымы қалай өзгерді?  

– Жалпы дистанцияға қарасты теміржолдың ұзындығы – 966 км. Соның ішінде басты жолдар 731,5 км, қабылдау-жөнелту жолдары 94,7 км, станциялық жолдар 139,8 км құрайды. Басты жолдардың 95 пайызы – түйіспесіз жолдар. Темірбетон шпал төселген жерлер 736 км. Барлық телімде 811 бағыттама бұрмасы бар. 29 өткел бар, оның ішінде 17 өткел күзетіледі, 12 өткел күзетілмейді. Дистанция 4 бағытта – Бурабай, Атбасар, Ереймантау және Қарағанды бағытында қызмет көрсетеді. Осы бағыттар бойынша барлығы 555 жол монтері еңбек етеді, оларға 32 жол шебері басшылық етеді. Барлығы 14 станцияның жолына күтім жасап отырмыз.  

– Биылғы жоспар қандай жұмыстарды қамтитынын айтып өтсеңіз...  

– Биылғы жылға жоспарланған жұмыс өте көп. Бабатай – Аршалы перегонының жұп жолында 12,4 км/жолдың шпалы мен балласты күрделі түрде жаңартылады. Оны ПЧМ Ағадыр мекемесі 48 сағаттық технологиялық «толаскез» алып, РМ жол техникалық машина көмегімен атқарады. Сонымен қатар осы жылы 23 бағыттама бұрмасының ағаш шпалдары темірбетон түріне ауыстырылады. Мұны біз 8 сағаттық технологиялық «толаскез» алып өз күшімізбен жасаймыз. Одан бөлек 11 бағыттама бұрмаларын сауықтыру жұмыстары жүргізіледі, яғни рельс астындағы төсемі балшық болып кеткендіктен, оны тазалап, жаңа қиыршық тас төселеді. Және де 10,6 км жерге күшейтілген орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Жөндеуден кейін ауысқан шпалдарды сұрыптап, 7 км малға қарсы қоршауды жаңартуға пайдаланамыз. Тағы да айта кететін болсақ, дистанциямыз бойынша жол техникалық машиналар көмегімен келесі жұмыс түрлері жоспарлануда, мысалға РМ машинасымен шілде-тамыз айында 18,100 км балласт қабатын тазарту жоспарлануда, УНИМАТ техникасы көмегімен бұрмаларды көтереміз және Дуомат машинасы арқылы 110 км жолдың сапасын жақсарту жоспарлануда. Сонымен қатар түйіспесіз жолдарда рельс тармақтары ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Былтыр мекеме аумағында футбол алаңы ашылса, биыл волейбол алаңын ашу көзделуде.  

– Еңбек жағдайын жасаудан бөлек жалақының көтерілуі кадрларды тұрақтандыруға ықпал етті ме?  

– Өте жақсы әсер етті. 2020 жылы дистанцияда 140 монтер жетпейтін. Қазір тек 10-15 адам жетіспеушілігі байқалады. Бірақ бұл 500-ден астам адамның ішінде білінбейді. Биылдың өзінде бізде жалақы көлемі 20 пайызға дейін көтерілді. 5 пайыз қаңтарда, сосын тағы 15 пайыз. Содан бері кадр тұрақтала бастады. Одан бөлек курорттық бағдарламалар ұсынылады. Шипажайда демалып келген қызметкерлердің барлық жол ақысын, демалыс орнына кеткен шығындарын мекеме төлеп береді.  

– Өзіңіз еңбек жолыңызды туған өлкеңіз Шығыс Қазақстанның теміржолынан бастапсыз...  

– Иә, жалпы салада 24 жылдан бері еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Огневка станциясында жолшы болып бастап, жол шебері, жол бригадирі, инженер-технолог, аға шебер, дистанция бастығының орынбасары, бас инженер секілді еңбек сатыларынан өткенмін. 2020 жылдан осы Астана жол дистанциясын басқарамын.  

– Сұхбатыңызға рахмет!  

 

Жаңалықтар
25.08.2026
Бурабай курортының теміржолшысы 100 жылдық мерейтойын атап өтті
Жаңалықтар
25.08.2026
ҚТЖ жаңа жылыту маусымына 19,5 млн тоннадан астам көмір жеткізді
Инфрақұрылым
25.08.2026
Алпыс сағаттық ауқымды жұмыс
Аймақтар
25.08.2026
Үздік жолшылар ұжымы – Құлсарыда
Аймақтар
25.08.2026
Қызылордалық теміржолшылар жүк тасымалын табысты үйлестіріп отыр
ҚТЖ келбеті
25.08.2026
Қауіпті ақауды дер кезінде таныған маман
Әлеумет
25.08.2026
Ізгі дәстүр: Теміржолшылар бірінші сыныпқа баратын балаларға қолдау көрсетті
Аймақтар
25.08.2026
Ұрлық түбі – қорлық
Жаңалықтар / Мұрағат
25.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №67 25 тамыз 2026 жыл
Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жүк тасымалы
24.08.2026
Елімізде теміржол транзитін автоматтандыру аясы кеңейді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты
Жүк тасымалы
24.08.2026
Биыл ҚТЖ желісімен 184,4 млн тонна жүк тасымалданды
Жаңалықтар
24.08.2026
Қараусыз қалған мал жүк пойызының шұғыл тежелуіне себеп болды
Аймақтар
24.08.2026
Павлодарлық теміржолшылар жас спортшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды