Астық экспорты және вагон кептелісі: негізгі себептер мен шешімдер

Сұхбат
09.12.2025, 09:43
Нұрлыбек Досыбай

Түркістан облысы бойынша меншікті тілші

Қазақстандық астықтың Өзбекстанға экспортталу барысы мен Сарыағаш бағытындағы станцияларда қалыптасқан вагон кептелісінің себептері жөнінде «Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Тасбалтаұлы Байғазиевпен сұхбаттасқан едік.

– Нұрдәулет Тасбалтаұлы, жақында өткен баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне астық экспортының бағыты көрсетілді. Қазіргі нақты жағдайға тоқталсаңыз.  

– Иә, Түркістан облысының аумағы бойынша ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде журналистерге қазақстандық астықтың Өзбекстан шекарасына дейінгі логистикалық бағыты таныстырылды. Бүгінде Шеңгелді, Жылға, Дарбаза және Сарыағаш станцияларында вагон кептелісі бар. Мәселен, Шеңгелдіде – 300, Жылғада – 250, Дарбазада 200 вагон тұр. Жалпы осы бағыттағы вагондар саны 11 мыңнан асты, ал оның 5 мыңға жуығы – астық тиелген вагондар.  

– Вагон кептелісінің негізгі себептері қандай?

– Біздің зерттеуіміз бойынша, кептелістің үш басты себебі бар. Біріншісі – Өзбекстан темір жолында локомотивтердің жетіспеуі. Екіншісі – Ташкент темір жолы бөлімшесі мен Ферғана жазығында вагондардың уақытылы босатылмауы. Яғни ол жақта жүк түсіріп, сақтайтын қоймалар мен кірме жолдар жетіспейді. Үшіншісі – көрші елдің инфрақұрылымы қазіргі сұранысқа сай болмай отыр. Солай десек те, соңғы уақытта Өзбекстан бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Қателеспесем, олар 12 жаңа теміржол тармағын салып жатыр.  

– Ал Сарыағаш станциясының қазіргі жұмысы қандай деңгейде?  

– Сарыағаш станциясы бекітілген жоспарға сай жүмыс істеп жатыр. Қазан-қараша айларында тәулігіне орта есеппен 31 пойыз өткізіп, 28 пойыз қабылдадық. Бір тәулікте Өзбекстанға 1500-1600 вагон тапсырамыз. Негізінде станцияның әлеуеті тәулігіне 40 пойыз немесе 2000 вагонды қабылдап, өңдеуге жеткілікті. Ал жүк құрамына талдау жасайтын болсақ, оның 60 пайызы – Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорты да, қалған 40 пайызы – транзиттік жүк. Оның басым бөлігі – бидай, ұн, жанар-жағармай, көмір және басқа да тауарлар.  

– Биыл Өзбекстанға қанша астық экспортталды?  

– Биылдың өзінде Өзбекстанға 4 млн тонна астық жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп.  

– Қазіргі кептелісті азайту үшін ҚТЖ қандай шаралар қабылдауда?  

– Бірінші кезекте біз Өзбекстанға жүктің баруын жеделдету үшін Қазақстанның солтүстік аумағында-ақ вагондарды сұрыптап, «адрестік пойыз» ретінде жасақтап, жөнелтудеміз. Бұрын пойыздар Ташкент маңындағы Шұқырсайға жеткізіліп, сол жерден тарқатылатын. Бұл көп уақыт алатын. Екіншіден, осы күндері локомотив тапшылығын азайту үшін Өзбекстанға 7 локомотивті жалға бердік, алдағы күндері тағы 3-ін тапсырамыз. Үшіншіден, шекарадағы бақылау процестерін жеңілдетіп, жеделдеттік. Бұрын пойызды өңдеу 5-6 сағат алса, қазір 2-3 сағатқа төмендеттік. Бұл – цифрландыру жүйесінің арқасы.  

– Осы күндері Сарыағаш станциясында вагондар қанша уақыт тұрады?  

– Технологиялық норма бойынша 3 сағаттан артық емес. Біз соған сай жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Өзбекстанға өтуін күтіп тұрған 12 пойыз бар. Оның жартысына жуығы – бидай және бидай өнімдері. Жалпы, станциядағы транзиттік жүк көлемінің өсуіне байланысты мамандарымыздың саны да көбейді. Соңғы төрт жылда Сарыағаш станциясындағы қызметкерлер саны екі есеге артты. Сонымен қатар қосымша айта кеткім келетіні, өзбекстандық әріптестеріміз біздің станциямызға тәулігіне екі рет келіп жұмыс істейтінін ескерсек, олардың қызметтік міндеттерін атқаруына барлық жағдай жасалған.  

– Қазіргі кезде өңірдегі теміржол қозғалысының қауіпсіздік деңгейін қалай бағалайсыз?  

– Жалпы, темір жолда қауіпсіздіктің төрт деңгейі бар болса, оның екеуінің санаты өте ауыр – апат пен қирау. Биыл бізде мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. «Оқыс жағдай» санатына жататын бір оқиға болды, ал инциденттер былтырмен салыстырғанда азайды. Біз мұндай көрсеткішке жұмысшы-қызметкерлеріміздің тұрақты білімін жетілдіріп, Астана, Жамбыл, Ақтөбедегі оқу орталықтарына жіберіп оқытып, оқу-әдістемелік жиындар мен техникалық сабақтарда біліктіліктерін шыңдау нәтижесінде жеттік деп ойлаймын. Түнгі және тосын тексерулер ұйымдастыру арқылы ширата түстік. Сайып келгенде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басшыдан бастап қосшыға дейін әрбір теміржолшының қасиетті міндеті.  

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Жаңалықтар
25.08.2026
ҚТЖ жаңа жылыту маусымына 19,5 млн тоннадан астам көмір жеткізді
Инфрақұрылым
25.08.2026
Алпыс сағаттық ауқымды жұмыс
Аймақтар
25.08.2026
Үздік жолшылар ұжымы – Құлсарыда
Аймақтар
25.08.2026
Қызылордалық теміржолшылар жүк тасымалын табысты үйлестіріп отыр
ҚТЖ келбеті
25.08.2026
Қауіпті ақауды дер кезінде таныған маман
Әлеумет
25.08.2026
Ізгі дәстүр: Теміржолшылар бірінші сыныпқа баратын балаларға қолдау көрсетті
Аймақтар
25.08.2026
Ұрлық түбі – қорлық
Жаңалықтар / Мұрағат
25.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №67 25 тамыз 2026 жыл
Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жүк тасымалы
24.08.2026
Елімізде теміржол транзитін автоматтандыру аясы кеңейді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты
Жүк тасымалы
24.08.2026
Биыл ҚТЖ желісімен 184,4 млн тонна жүк тасымалданды
Жаңалықтар
24.08.2026
Қараусыз қалған мал жүк пойызының шұғыл тежелуіне себеп болды
Аймақтар
24.08.2026
Павлодарлық теміржолшылар жас спортшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді