Қауіпсіздікті сақтауда тәртіп қажет

Сұхбат
23.12.2025, 09:12
Суретті түсірген автор
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Қозғалыс қауіпсіздігі – ең негізгі мәселе. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін теміржолшыларға қолайлы, қауіп-қатерсіз орта, жұмыс жағдайы жасалуы керек. Біздің Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Мирамбек Кенжебаевпен әңгімеміз осы және жол шаруашылығына қатысты мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Темір жол бойында орын алған жазатайым жағдай еңбек қауіпсіздігі мәселесінде әлі де талап пен тәртіпті күшейту керек екенін көрсетіп отыр. Өндіріс жағдайындағы қауіп-қатерді азайту бағытында басты көңілді неге бөлу керек?  

– Еңбек және қозғалыс қауіпсіздігі туралы айтқанда, адам – басты капитал деген мәселе алда тұруы тиіс. Қатаң тәртіп бірінші кезекте. Теміржолшыларға қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – басты міндет. Жалпы өндіріс жағдайындағы жазатайым оқиғаларды азайтып, олардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігі ережелері мен нұсқаулықтарды сақтауда талапты күшейту қажет. Жүргізілген талдаулардың нәтижесі соны көрсетеді. Еңбек қауіпсіздігін сақтауда өндірістік объектілердегі жұмыс орындарын аттестаттау да маңызды қадамның бірі. Жазатайым жайттарды болдырмауда еңбек жағдайын жақсарту іс-шараларына баса көңіл бөлу керек. Қазіргі таңда компания басшылығы жаңа технологияларды пилоттық режимде сынақтан өткізуде. Аталған технологиялар жұмыскерлерге пойыздың жақындап келе жатқанын алдын ала хабарлайтын болады.  

2025 жылға еңбек жағдайларын жақсарту бойынша 136 іс-шара бекітілген болатын. 11 айда жоспар 100 пайызға орындалды. 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша зиянды және ауыр жағдайлар үшін жеңілдіктер мен өтемақыларға жұмсалған жалпы шығындар 254 411,850 теңгені құрады. Оның 127 888,260 теңгесі – тарифтік ставкаға қосымша ақы төлеу шығындары. Жұмысшылардың қосымша демалыстарына 114 749,01 теңге қаржы қарастырылды.  

– Мирамбек Сермағанбетұлы, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде болат жолдарды қанағаттанарлық деңгейде күтіп-ұстау маңызды. Осы ретте Жамбыл бөлімшесіндегі магистральдық желі учаскелерінің сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?  

– Магистральдық желінің жай-күйін бақылау – үздіксіз процесс. Шойын жолдарды қанағаттанарлық күйде күтіп-баптау, жаңғырту жұмыстары тек қана рельстерді ауыстырумен шектелмейді. Бағыттамалық бұрмаларды, шпалдарды, бекіткіштерді жаңарту, болттарды бекіту секілді көптеген жұмыстар бар. Мәселен, бекіткіштер босап кетсе, рельстер екі жаққа тебеді. Орнынан қозғалмауы үшін оны дұрыс бекіту керек. Әрбір 100 метрдегі болттарды бірнеше мәрте тексеріп шығу қажет, осы сияқты т.т. жұмыстар жетеді.  

Биыл Жамбыл бөлімшесі бойынша мердігерлердің күшімен 52,110 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланса, 11 айдың ішінде бұл меже 100 пайызға орындалды. Аңырақай – Қордай учаскесіндегі жұп жол, Шоқпар – Алайғыр екіаралығындағы тақ жол, Бел – Аңырақай, Көктөбе – Еспедегі жұп жолдардың 16,728 шақырымында шаруашылық тәсілмен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоспар – 19,3 шақырым. Ал ПЧ-48 Сарышаған, ПЧ-51 Жамбыл жол дистанциялары белгіленген учаскелердегі 12,5 шақырым жолдың күрделі жөндеуін толық атқарып шықты. Ал бекітілген 31,8 шақырым жолдағы күшейтілген орта жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Бүгінге дейін оның 29,228 шақырымы еңсерілді. Темір жолдарды жаңғырту шараларының негізінде рельс буындары қалпына келтіріліп, бағыттамалық бұрмалар салынып, темірбетонды шпалдар ауыстырылды.  

Жалпы магистральдық желіні күтіп-баптауда осы шараларды сапалы жүргізгенде темір жолдың қанағаттанарлық күйдегі көрсеткіштері артады. 2025 жылдың 11 айында Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіндегі қанағаттанарлықсыз күйдегі жолдардың ұзындығы 2024 жылғы 197 шақырымнан 188 шақырымға дейін азайды.

– Темір жолдардың жай-күйін бағалаудағы мобильді диагностикалық кешендер көрсеткіші қандай?  

– Жылжымалы құрамның мобильді диагностикалық кешендер бойынша бағалау көрсеткішінің жоспары – 61 балл. Бірақ жыл басынан бергі 11 ай ішіндегі Жамбыл бөлімшесіне қарасты жолдардың жай-күйін балдық бағалау нақты 56 балды құрады. Осылайша, жоспарды 106 пайызға орындадық.  

– Жолдардың жай-күйі, тосыннан пайда болған ақаулар пойыздар қозғалысына қаншалықты қауіпті? Апаттар туралы не айтасыз?  

– Жалпы апат және туындаған қауіпті жағдайлар – екеуі екі бөлек нәрсе. 2025 жылдың 11 айында Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі бойынша апаттарға жол берілмеді. 2024 жылдың есепті кезеңінде 5 факті тіркелген. Дегенмен, көрсеткіш осындай деп арқаны кеңге сала алмаймыз. Себебі биыл осы кезеңде 9 оқыс оқиға орын алды. Оларға талдау жасадық: төртеуінде жол дистанцияларында сигналдар берілгеннен кейін локомотивтер өтіп кеткен, екеуінде қозғалыс қауіпсіздігінің өзге де бұзушылықтары тіркелген. Бір жағдайда пойыз 1 сағатқа кідірген. Тағы бірінде жұмыс орны қоршалмағандықтан қақтығыс орын алған. Жол сигналының қабаттасуының төрт жағдайына толықтай сараптама жасалып, себептері мен салдары анықталды. Қозғалыс қауіпсіздігінің өзге де бұзушылықтарына қатысты жүргізілген талдаулардың қорытындысы шығарылды. Қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін факторлардың бірі – құрылғылардың істен шығуы, есепті кезеңде осындай 98 жағдай тіркелді. Тарқатып айтсақ, қауіп-қатердің туындауына жол шаруашылығындағы жағдайлар да себеп болып жатады. Бағыттамалық бұрмаларды тиісінше бағыттамау, оқшаулағыш түйіспелер, түйіспенің, рельстің сынуы, энергетика және байланыс желісі құрылғыларының ақауы, қосалқы тартқыш станцияларының істен шығуы, тағы да басқа олқылықтардың салдарынан қауіпті жағдайлар орын алуы мүмкін.  

– Есепті кезеңде локомотивтерді шұғыл тежеу жағдайлары тіркелді ме?  

– Он бір айдың ішінде пойыздарды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған 111 жағдай тіркелді. Былтырғы есепті кезеңдегі факті – 107. Оның 20-сы қақтығыссыз аяқталса, 91-інде мал басу оқиғалары. Осы ретте осы сандардың барлығы елеусіз қалдыратын көрсеткіш емес екенін айта кеткім келеді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдарды бей-жай қалдырмауы тиіс. Себебі пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне тек теміржолшылар ғана жауапты емес.  

Болат жол бойындағы елді мекендердің тұрғындары қауіп-қатерден аман, шаруаларының төрт түлік малының шығын болмауы үшін сала мамандарымен бірге жергілікті әкімдіктер де профилактикалық жұмыстар жүргізуі керек. Біз осы 11 айдың ішінде әкімдіктерге 145 хат жолдап, станцияларды 414 рет жиналыс өткіздік. Біздің қызметкерлеріміз мектептерде 411 мәрте оқушылармен кездесіп, темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өтудің, вагондарға шығудың қауіпті екенін, жүріп бара жатқан пойыздарға тас лақтырудың салдарын айтып, түсіндірді. Тұрғындарға ҚР Кодексінің 439-бабы 1-5-8405-тармағының көшірмелерін тапсыра отырып, мал иелеріне темір жол бойында мал жаю және айдау ережелері туралы таныстырдық. Темір жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен бірлескен іс-шаралар жобасы қажет. Осы мәселеге қатысты темір жолда орын алған жағдайлардың талдау-сараптамасын жасап, Жамбыл облысы әкімшілігіне бірлесе жұмыс атқаруды ұсынып, хат та жолдадық. Осы орайда барлық үй жануарларының иелеріне теміржол аймағы жоғары қауіпті аймақ болып саналатынын тағы да еске салғым келеді. Мал айдау және жаю қағидаларына сәйкес темір жолдан екі километр қашықтықта қараусыз малдың жүруіне жол берілмейді. Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.  

Сондай-ақ негізгі мәселелердің бірі – бірқатар теміржол өткелдерінде фото-бейнефиксация жүйелерінің болмауы. Автокөлік құралдары тарапынан жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп, теміржол инфрақұрылымында апаттық және штаттан тыс жағдайларға әкелуі мүмкін.  

Өткелдерді фото-бейнефиксация жүйелерімен жабдықтау басым міндет болып саналады. Автокөліктердің теміржол өткеліне рұқсатсыз шығуы, тыйым салынған бағдаршам сигналына өтуі және пойыздың жақындау габаритінде тоқтауы пойыз қозғалысына елеулі қауіп төндіреді. Фото-бейнефиксация жүйелері мұндай құқықбұзушылықтарды анықтауға, соқтығысу қаупін азайтуға және пойыздардың тұрақты әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Аталған жүйелерді енгізудің практикалық әсері фото-бейнефиксация жүйелерін енгізу теміржол өткелдеріндегі көлік оқиғаларының алдын алуға, жылжымалы құрам мен инфрақұрылым объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежеуін қолдану ықтималдығын төмендетуге ықпал етеді. Бұл жолаушылар мен тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.  

Қазіргі таңда фото-бейнефиксация жүйелерімен келесі бағыттағы өткелдер қамтылатын болады: ПЧ-52, Түлкібас бағытындағы 3378+118 км Түлкібас – ОП-115 аралығындағы теміржол өткеліне бейнефиксациялау камерасы орнатылған, алайда, ол 2026 жылғы ақпан айында қосылады деп күтілуде. Ал ПЧ-52, Түлкібас бағытындағы 3439+228 км Шақпақ – Боранды аралығындағы теміржол өткеліне орнатылған бейнефиксациялау камерасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында фото-бейнефиксация жүйелерімен бірінші кезекте жабдықталуы қажет тағы бірнеше теміржол өткелі бар. Олар – ПЧ50 Шу бойынша Жиделі – Бірлік екі аралықтарында 1496+724 теміржол өткелінде орналасқан, Шу – Бірлік екі аралығында 3744+500 теміржол өткелі; сондай-ақ ПЧ-51 Жамбыл бойынша Жамбыл – Талас екі аралығында 3514+675 теміржол өткелінде орналасқан Аса-Фосфорная екі аралығында 4+0,52, 11+000 теміржол өткелі, Түрксіб – Қорағаты екі аралығында 3627+528 теміржол өткелі.  

 

Инфрақұрылым
23.12.2025
Вокзал құрылысы бақылауда
Жаңалықтар
23.12.2025
«Қауіпсіздік білгірлері» байқауының жеңімпаздары анықталды
Жаңалықтар
23.12.2025
Жетістіктер сараланды
Сұхбат
23.12.2025
Қауіпсіздікті сақтауда тәртіп қажет
ҚТЖ келбеті
23.12.2025
ҚТЖ – жүлделер көшбасшысы
Аймақтар
23.12.2025
Вагондарды жөндеу сапасы сөз болды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.12.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №107 23 желтоқсан 2025 жыл
Аймақтар
22.12.2025
Облыс әкімі теміржолшылар әулетін марапаттады
Аймақтар
22.12.2025
Қолайлы жағдай жасалуда
Аймақтар
22.12.2025
Семей – Ақтоғай аралығында рейд: теміржол бойындағы күзет жұмыстары тексерілді
Жаңалықтар
22.12.2025
Темір жолдарда 65 мың текше метрден астам қар жиналды
Әлемде
22.12.2025
Сауд Арабиясы мен Катар арасында жоғары жылдамдықты теміржол желісі салынады
Жаңалықтар
22.12.2025
Рельс үстіндегі романтика: Пойызбен саяхаттаудың қызығы мен артықшылығы
Жаңалықтар
22.12.2025
ҚТЖ локомотив бригадалары қызметкерлерінің еңбек және демалыс жағдайларын жақсартады
Жаңалықтар
22.12.2025
Астана локомотив пайдалану депосының тарихы туралы кітап жарық көрді
Жаңалықтар
22.12.2025
Тоқаев: ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады
Жаңалықтар
20.12.2025
ҚТЖ мен RIKEN KOGYO Inc. қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты
Жаңалықтар
20.12.2025
Еліміздің бірқатар вокзалдарында жөндеу жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
20.12.2025
Қостанай өңіріне «ҚТЖ»-ның корпоративтік омбудсмені барды
Аймақтар
19.12.2025
Мұнайлы өңірдің жүк тасымалы күшейді