«Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-да алда өтетін Республикалық референдумға байланысты ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Оған компанияның орталық аппаратындағы құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кездесу аясында қатысушыларға Конституция жобасына енгізілуі көзделген өзгерістер кеңінен баяндалып, референдум өткізу рәсімі түсіндірілді. Іс-шараның басты мақсаты – ұжым мүшелерін ақпаратпен қамтамасыз ету және мемлекет үшін мәні зор үдерістерге әр азаматтың жауапкершілікпен қатысуының маңызын көрсету.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожановтың айтуынша, осындай форматтағы кездесулер ұжымның құқықтық сауаттылығын арттырып, қызметкерлер арасында жауапты азаматтық көзқарастың орнығуына оң әсер етеді.
Кездесуде Заң департаментінің атқарушы директоры Руслан Абдуллин баяндама жасап, жобаға енгізілген негізгі нормалар мен дауыс беру тәртібінің ерекшеліктерін айқындады.
Түсіндіру сипатындағы кездесулер алдағы кезеңде компанияның барлық филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінде жалғасын табады. Қызметкерлер референдумға қатысу рәсімі бойынша қосымша ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады.