Қазақстан – Қытай: жүк қабылдамаудағы жұмбақ жағдай

Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Көрші Қытай елінің «табалдырығына» келіп тұрған қазақстандық тауарды қабылдамай, ескертусіз және ресми ультиматумсыз шекараны жапқанына бірнеше ай болды. Көп жылдар бойы қалыптасқан Қытайға жүк жөнелту процедурасы әп-сәтте күрделі логистикалық операцияға айналды. Елімізде жүктің қайта тиелуін күткен вагондар бірнеше айдан бері шекара тұсында қаңтарылып тұр. Қазақстанның ірі экспорттаушыларының бірі болып табылатын аспан асты елінің қозғалар түрі жоқ. Бұл жағдай Қазақстанның бизнесіне қатты әсерін тигізуде. Осылайша, шекара маңындағы станцияларда вагондардың тұрып қалуы қосымша шығындарға, кейбір жағдайларда жүк сапасының жоғалуына әкелуде. Ақпан айында тасымалдау жоспары тек 76%-ға, 2021 жылдың екі айында 74%-ға орындалған. Алайда, Қытай елінен шыққан жүктің жағдайы мүлдем өзгеше. Қазақстан тарапы ҚХР-дан транзиттік және импорттық жүкті қабылдау бойынша өз міндеттемелерін толық орындап отыр. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС деректеріне сүйенсек, ақпан айында Қазақстан жүкті жоспардан 10%-ға жоғары, ал өткен жылға қарағанда 206%-ға жоғары қабылдады. Осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш биылғы жоспарға қарағанда 4 пайызға, ал өткен жылға қарағанда 68 пайызға өсті. Қытай тарапы енгізген антиковидтік шаралардың салдарынан Достық станциясы бағытында жүк тиелген 12 мың вагон Қазақстанның теміржол магистралінде жиналып қалды. Жаппай экономикалық күйреуге жол бермеу үшін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС үстіміздегі 1-31 наурыз аралығында ҚХР бағытындағы жүк транзитіне, 1-15 наурыз аралығында контейнерлердегі жүктерден басқа барлық жүктерді тасымалдауға, ал 1-20 наурыз аралығында жабық вагондардағы астық жүктерін тасымалдауға тыйым салып отыр. Осы мәселе хақында жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен экспорттаушылар дабыл қағуда. Олар бұл ахуалдың бизнеске қалай әсер еткенін және елдің қарапайым экономикасына қандай қауіп төндіретінін айтты. Вагондар жетіспеушілігі туындауда Қытай мемлекетінің қазақстандық вагондарды қабылдамауына байланысты экспорттаушылар бүгін басқа бағыттарға жүк жіберуде жылжымалы құрам жетіс- пеушілігіне тап болып отыр. Оларды көлік шығынынан бөлек, шекарада тұрып қалған тауарлардың сапасы да алаңдатады. Өйткені, жабық вагондағы үлкен қапшықтарға тиелген бидай, тағы басқа тауарлар сапасының бұзылуына әкелуі әбден мүмкін. «Менің ойымша, Қытай тарапымен кездесіп, оларды біздің жүктерімізді көп көлемде қабылдап алып, тез арада түсіруге және вагондарымызды кері қайтаруға келістіріп көндіру керек. Қазіргі қалыптасып отырған жағдай біздің бизнесімізге ғана емес, екі елдің қарым-қатынасына да теріс әсер етері анық. Бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, басқа да мүдделі құрылымдар жұмыла жұмыс істеу керек. Ал бүгінгі ахуалға қарап отырсаңыз, бұл мәселе тек ҚТЖ компаниясынан басқа ешкімді алаңдатпайтын тәрізді. Бұл жалпы дабыл қағатын жағдай. Қытай елінің неліктен жүктерді, әсіресе жабық вагондардағы бидайды қабылдамауының себептерін көрсеткен ресми құжаттарын ешкім де ұсына алмай және түсіндіре алмай отыр. Біз қытайлық COFCO серіктесімізге ҚХР-дағы жағдайға байланысты сұрау салдық, бірақ олар да беймәлім бір себептермен өз билігінен түсініктеме алуға жүгіне алмады. Сондықтан біз түсініксіз жағдайда қалып отырмыз. Егер себеп COVID-19-дан қорғану мақсатында жүкті қабылдамауға келіп тірелсе, бұл мәселе шешілді. Олай дейтініміз, ҚР аумағында вагондарға санитарлық өңдеуді жүргізу және сол арқылы пойыздарды тапсыру уақытын жеделдету үшін дезинфекциялық станция орнатуға ниет те, мүмкіндік те бар», – дейді «Астық Транс» АҚ бірінші вице-президентінің кеңесшісі Бауыржан Шәкіров. Егіс науқанына қауіп төніп тұр «GREENGOLDSKO» компаниясының бас директоры Қанат Баймұхамбетов екі ел шекарасындағы жағдай егіс науқанына да қауіп төндіріп отырғанын айтады. Көптеген жылдар бойы Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттап келген олар, өткен жылы алғаш рет осындай проблемаға тап болды. «Қытай біржақты тәртіппен жүк қабылдауды тоқтатты. Осыған байланысты біздің вагондарымыздың бір бөлігі ҚХР шекарасында тұр, ал екінші бөлігі Қазақстанның түрлі станцияларында жинақталған. Бұл, міне, бірнеше айға созылуда. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап біз бірде-бір вагон жіберген жоқпыз. Мұның себебін ешкім айта алмайды, ресми құжаттар, мәлімдемелер жоқ. Ал Қытайдан Қазақстанға барлық тауарлар еш кедергісіз өтуде. Біз жергілікті атқарушы органдарға, ауыл шаруашылығы министрлігіне, сауда және интеграция министрлігіне жүгіндік, ешқандай қолдау шаралары көрсетілмеді. Мәселе әлі шешілер емес. Бұл жағдайда бізге қолұшын беріп жатқан жалғыз компания – «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС. Олар мәселені шешуге ұмтылып, қытай тарапымен кездесіп, келіссөздер жүргізуде. Біз қытайлық серіктестермен қарым-қатынасты жылдар бойы орнаттық. Ел Президенті экспортты ұлғайту керектігін, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін көп айтады. Шынында да, шаруалар өз өнімдерін экспортқа сата отырып, егіс алқаптарын кеңейтіп, қызметкерлердің жалақысын көтерді. Ал енді қазіргі жағдай, егіс науқанына қауіп төндіріп, қалыптасқан ырғақты бұзу алдында тұр», – дейді Қанат Баймұхамбетов. «GREENGOLDSKO» компаниясының басшысы диқандар- мен тікелей жұмыс істейтіндерін айтады. Олардан тауарды қарызға алып, ақшаның бір бөлігін бірден төлесе, енді қалған бөлігін жүкті шекараға жеткізгеннен кейін төлейді екен. Ал бүгін олар жүкті шекара асыра алмағандықтан фермерлерге төлей алмай отыр. Өз кезегінде шаруа қожалықтары да егін егуге дайындық жасай алмай отыр. Шаруалар өз өнімдерін елде сата алмайды, өйткені ішкі нарық оны қабылдауға дайын емес көрінеді. Мысалы, біздің елімізде сұранысқа ие емес зығыр өнімдері толығымен экспортқа шығарылады. Бұл өнімді өндіруде бес жыл ішінде Қазақстан үлкен жетістікке жетіп, үш жыл қатарынан зығыр өсіру көлемі бойынша бірінші орынға шыққан болатын. Тіпті, Қытай нарығына шығудың арқасында Канаданы ығыстырды. Ал бүгінде еліміздің шаруалары қоймаларда жатқан тауарларын сата да алмай отыр. Шекарада көп тұрып қалған жүк сапасы нашарлай бастайды. ҚХР-дағы сатып алушы мәлімделген сапаға сәйкес келмейтін тауарды қайтарып жібере ме деген де қауіп бар. Көптеген сауда компаниялары банкротқа ұшырау алдында тұр. Бұл мәселе, мемлекет басшылары арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер арқылы шешімін табуы тиіс деп ойлаймын. Мәселені күн сайын бақылауға алып, шешімін табу үшін ҚР премьер-министрі деңгейінде жұмыс тобын құру қажет. Ресей сияқты бізге де тауарларды қаптардан алып, бейтарап жолақта биг-бегтерге қайтадан буып түюге болады. Біз Қазақстаннан Қытайға кіретін әрбір вагонға қатысты COVID-19-дың жоқтығын растайтын қорытынды шығындарын алуға дайынбыз», – дейді «GREENGOLDSKO» компаниясының бас директоры. Бар үміт – контейнерлік тасымалда Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және өткізу департаментінің директоры Рустам Жанатаев, елімізде контейнерлік тасымалды дамытуға және астық терминалын құруға кеңес береді. «Қытай халық республикасы Қазақстан үшін үлкен әрі ауқымды нарық және біз сол нарықтан орын алуға ұмтылуымыз керек. Ал ол үшін контейнерлік тасымалдарды дамыту, сәйкесінше, астықты контейнерлерге тиеу үшін элеваторларды қажетті жабдықпен жарақтандыру қажет. Қазір элеваторлардың көпшілігінде мұндай техникалық мүмкіндіктер жоқ. Сонымен бірге бұл мәселені Қытаймен де пысықтау қажет. Мысалы, біздің негізгі астық сатып алушымыз – қытайлық COFCO мемлекеттік компаниясы астықты тек жабық вагондар мен қаптарда қабылдайды. Бұл талаптарды өзгертетін кез келді. Биыл көлік коллапсы орын алды. Егер біз Қытайға экспортты ұлғайтқымыз келсе, онда сол ел аумағында астық терминалын салу керек. Әрине, бұл тың идея емес, бірақ біз үшін перспективалы», – дейді ол. Құзырлы органдар неге үнсіз? Қытайдың еліміздің жүк пойыздарын қабылдамауына қатысты сан-саққа жүгірген түрлі әңгімелер өрбуде. Оған негіз де жоқ емес. Себебі, ҚР мемлекеттік органдары мен «ҚТЖ» компаниясына 2020 жылдың маусымынан бастап қытай тарапынан шекарада карантиндік шараларды күшейту туралы ресми мәлімдемелер жіберілмеген. «Бүгінгі таңда логистикалық бизнес қиын кезеңді бастан кешуде. Өйткені шекаралардағы кептелістер, көлік қуаттарының тоқтап қалуы – Қазақстандағы және шекаралас елдердегі барлық жүк тиеу кампаниясын бұзып, жүктердің басқа бағыттар бойынша қозғалысын шектеп отыр. Жүкті жеткізу және шекарадан өту уақыты ұлғайды, қосымша шығындар пайда болды, бір нәрсені жоспарлау және ағымдағы экспорттық келісімшарттарға қызмет көрсету де күрделенді. Вагон операторлары мен ұлттық жүк тасымалдаушы қыруар шығынға ұшырауда, жүк жөнелтушілер валюталық түсімді жоғалтып отыр. Оларға өз қызметтеріне қолдау көрсету, персоналдарға жалақыны уақытылы төлеу қиындап кетті», – дейді «Транко» АҚ көліктік-логистикалық компаниясы бас директорының орынбасары Сергей Анашкин. Бір қызығы, ҚХР ҚТЖ-ның Тасымалдау жоспарын мақұлдап отыр, бұл олардың жүкті қабылдауға ниетті екендерін көрсетеді, алайда, технологиялық тұрғыдан іске аспай отыр. Ал көліктегі басты заң – ол нақты жоспарлау. Жоспарды әзірлеу кезінде көлік активтері мен құралдары жұмылдырылады. Мұндай ауытқу орын алған кезде, логистикалық тізбек болжап біле алмайтын халге ұшырайды, сауда жобаларын және жеткізу мерзімін қайта қарау, тасымалдау шарттары мен бағыттарын таңдау бойынша жедел шешім қажет болады. – Бұл жағдайда бизнестің туындаған проблемамен бетпе-бет жалғыз қалғанын көреміз. Әсіресе, азық-түлік жүктерін тасымалдау бірінші боп осалдық танытты. Әрине, «Атамекен» палатасы, бейінді қауымдастықтар тарапынан қолдау бар, бірақ бұл Қазақстан мен Қытайдың үкіметаралық деңгейінде шешілуі тиіс, уақыты тым созылып кеткен мәселе. Ал оны бірлескен сауда ағындарына қызмет көрсету үшін «жұмсақ инфрақұрылымды» бірлесіп қалыптастыру тұрғысынан шешу қажет. Осы уақытқа дейін жүктерді жылжыту бөлігіндегі осы мәселелерді Қазақстан теміржолына жүктеп келеді, менің ойымша, осы нақты жағдайда ҚТЖ тек тасымал- дауды орындаушы рөлінде болу керек, ал қалыптасқан проблеманы шешудегі халықаралық ынтымақтастық, шектеулер мен тыйымдар Қазақстанның құзыретті мемлекеттік органдары құзырында болуы тиіс. Мемлекеттік органдар біздің көлік-логистикалық стратегияны дамытып, логистикалық хаб болуға ұмтылысымызды ескере отырып, экспорттық саясатты қолдауы тиіс, – дейді Сергей Анашкин. «Транко» АҚ өкілінің айтуынша, еліміздің әрбір министрлігі, денсаулық сақтау, сауда, ауыл шаруашылығы қытайлық әріптестерімен қалыптасып отырған ахуал тетіктерін анықтап және барлық карантиндік шараларды қамтитын шешімдер қабылдау керек. Егер де Қытай елімен бірлесе регламенттер бекітіліп, пандемия кезеңіндегі жұмыс шарттары мен тасымалдау ережелері талқыланып, санитарлық бақылау біріздендірілсе, бизнес карантин жағдайында, белгіленген ережелер бойынша жұмыс істеуге, тіпті, сауда мен тасымалдауды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік беретін осы іс-шараларға қосымша шығындарды көтеруге дайын тұр екен. Алайда, екі ел шекарасында қалыптасып отырған жағдайды елдің құзырлы органдары тиісті деңгейде шешуге асығар емес. Құзырлы органдар неге үнсіз? Көптің көкейіндегі сауал осы...

Жаңалықтар
08.05.2024
Ардагерлердің өнегелі өмір жолы
Әлеумет
08.05.2024
Жеңістің 79-шы көктемі
Темір жол тарихы
08.05.2024
Тарихи жәдігерлер сыр шертеді
Аймақтар
08.05.2024
Елге – ұран, ұрпаққа – үлгі
Әлеумет
08.05.2024
Ардагерлер – ұлт ұйтқысы
Жаңалықтар
07.05.2024
Жас домбырашылар пойыз жолаушыларын таңғалдырды
Жаңалықтар
07.05.2024
ҚТЖ дәстүрлі түрде ардагерлерге Жеңіс Күні қарсаңында құрмет көрсетіп келеді
Қауіпсіздік
07.05.2024
Маңғыстауда еңбекті қорғау күніне орай байқау өтті
ҚТЖ келбеті
07.05.2024
Қауіпсіздікті сақтауға үлес қосқан теміржолшылар марапатталды
Әлеумет
07.05.2024
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Жаңалықтар / Мұрағат
07.05.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №39-40 07 мамыр 2024 жыл
ҚТЖ келбеті
07.05.2024
Берлинге жеткен жауынгер
Темір жол тарихы
07.05.2024
Майдан мен тылды жалғаған
Қауіпсіздік
06.05.2024
Атырау жүк тасымалында травматизмге жол берілмеді
Аймақтар
06.05.2024
Техникалық дәріс өтті
Әлеумет
06.05.2024
«Саламатты Қазақстан» – Бейнеуде
ҚТЖ келбеті
06.05.2024
«ҚТЖ-100 жас есім» жобасының қатысушысы табысқа жетудің сыры мен бөлісті
Инфрақұрылым
06.05.2024
Ақтөбеде 78 шақырым жол жаңарады
Қауіпсіздік
06.05.2024
Қайықпен барып қауіптің алдын алды
Жаңалықтар
06.05.2024
ҚТЖ су тасқынымен күреске қолдау көрсетуді жалғастыруда