Тепловоздың тілін тапқан жан

ҚТЖ келбеті
07.02.2025, 09:22
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Машинист – теміржол көлігіндегі маңызды тұлға. Жүздеген жолаушы мен мыңдаған тонна жүктің тағдырына жауапты кәсіп иесінің жұмысын мойнына алуға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Сондықтан осынау мәртебелі мамандықты меңгеріп, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген машинист еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.

Құрық порты станциясында маневрлік тепловоз машинисі болып еңбек ететін Қуатбай Абатаев 34 жылдан бері локомотив шаруашылығында тер төгіп келеді. Тепловоз оның сенімді серігі ғана емес, жан досына айналғалы қашан. Досын аялап, онымен сырласып, баптаған сайын ол да жүзін жерге қаратпай, жарауы келіскен тұлпардай зулайтынын өз тәжірибесінен ұққан ағамыз тепловоздың тілін тапқан жан.  

Маңғыстау локомотив пайдалану депосының 2-класты тепловоз машинисі Қуатбай Нұрадинұлы 1969 жылы Қарақалпақстанда туған. Германияда әскери борышын өтеп келген 1990 жылы теміржолдағы еңбек жолын бастайды. Сол кездегі Орта Азия теміржолының Кунград локомотив депосына қарасты Жаслық айналым депосына тепловоз жөндеуші болып орналасады. Жас жігіт ТҚК-2 цехында тепловоздарды жөндеумен айналысатын ұсталардан үйреніп, отарбаның қыр-сырын толық меңгереді. Шаруаға ширақ елгезек жас көп ұзамай машинист көмекшісі болады. Ал арада бірнеше жыл өткенде басшылықтың ұйғаруымен арнайы курсты бітіріп, тепловоз тізгіндеді. Еңбек ете жүріп Ташкент теміржол институтының «Локомотив» факультетін сырттай оқып бітіріп, жоғары білім алады. Шеберлігін жетілдіріп, екі рет біліктілік курсынан өтеді.  

2005 жылы атамекенге бет бұрған бір топ қандастармен түбекке оралып, Маңғыстау локомотив пайдалану депосында тепловоз машинисі болып еңбек жолын жалғастырады. Бірнеше жылдан кейін басшылық тәжірибелі машинисті ТҚК-2 цехының сапа жөніндегі инженері етіп тағайындайды. Сосын аға локомотив қабылдаушы болады. 2018 жылы қайтадан тепловоз тізгінін алып, Маңғыстау – Сайөтес, Маңғыстау – Жаңаөзен станциялары аралығына жүк пойыздарын тасымалдай бастайды. Ал соңғы бірнеше жылдан бері Құрық порты станциясында маневрлік жұмыстарды атқаратын машинист.  

Вагондарды әрі-бері тасымалдап, сұрыптау жұмыстарына жегілген маневрлік локомотивтерді қазір бір адам басқарады, яғни алып техниканы машинистің бір өзі жеке дара жүргізеді. Ол пойыз құрастырушымен өзара түсінісіп, бір ырғақта жұмыс істейді. Вагондарды сұрыптау ісін асықша иіру маневрлік машинистің тәжірибесі мен шеберлігіне тікелей байланысты. Осындай ерекшелік Қуатбай Нұрадинұлының бойынан табылып, депо басшылығы темірдей төзімділігі мен жауапкершілігі жоғары депоның маңдайалды тепловоз машинисіне сенім артты.  

Қуатбай ағамыз көпбалалы қарапайым отбасында туған екен. Әкесі автокөлік жүргізсе, анасы аспаз болған. Машинист болуды бала кезден армандаған.  

– Отбасында 7 ұл, 2 қыз – топырлаған тоғыз бала тату-тәтті өстік. Үлкен ағам Базарбаймен арамыз біраз жас, біз бала болғанда ол оқуын бітіріп, жұмысқа тұрды. Машинистің формасын киіп келгенде қатты қызығатынмын. Әскерден келгесін мен де теміржолшы боламын деп ағама еріп депоға бардым. Содан бері осы саладамын, темір жолсыз өмірімді елестете алмаймын. Қанша қиын болса да жұмысым өзіме қызық, ұнайды. Әзірбайжаннан, Ресейден келген паромдардағы жүктерді түсіріп, тиеуді қамтамасыз етеміз. Кеме де әртүрлі, 40-45 вагоннан да болады. Паромның ішінде төрт темір жол бар, келген вагондарды сонымен екі жақтан екі тепловозбен шығарамыз. Бір ауысымда қос тепловозда қос машинист күніне 12 сағат жұмыс істейміз. 24 сағат демалып, қайтадан түнгі ауысымға шығамыз. Құрық порты станциясында сегіз машинист солай ауысыммен жұмыс істейміз. Күніне орта есеппен екі паром келіп-кетеді. Оған бір тиегенде ауыр болса екі, жеңілдеу жүк болса, төрт вагоннан кіргіземіз. Сөйтіп бір кемені жөнелту үшін жеті-сегіз рет қатынаймыз. Бұрын оншақты вагонды бірден беретін едік, қазір теңіз суының деңгейі түскендіктен вагондарды аз-аздан бірнеше рет апаруға тура келеді, – деді Қуатбай ағамыз теміржол жұмысының біз білмейтін қыр-сырымен бөлісіп.  

Жастау кездері футбол ойнау хоббиі болған екен. Бүгінде бағбандықты ермек етеді. Үйінің алдын бау-бақшаға айналдырып, қарыстай жер болса да бабын тауып пайдаланып, жазымен бірнеше рет өнім алатын көрінеді. Отбасын жаздан қоңыр күзге дейін көкөністер мен жемістерге қарық қылып, өз ауласынан түрлі өнім жинайды. Ал жолдастары отбасылық отырыстарда гитара шертіп, ән салатын керемет өнері бар деп мерейлі машинистің мақтауын одан әрі асырды.  

 

Жаңалықтар
04.09.2026
ҚТЖ: Жапониядан Қазақстанға химиялық өнімдердің алғашқы мультимодальды тасымалдауы ұйымдастырылды
Жаңалықтар
04.09.2026
Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі – «Үздік теміржол ұжымы» байқауының жеңімпазы
Аймақтар
04.09.2026
Алматы және Қызылорда өңірлерінде «Қауіпсіз өткел» акциясы өтті
Инфрақұрылым
04.09.2026
Ақтөбеде дуалды оқытудан өткен студенттерге еңбек кітапшасы табысталды
Аймақтар
04.09.2026
Тарихы терең Түрксіб
Станция тынысы
04.09.2026
Исатайда – жаңа вокзал
Қауіпсіздік
04.09.2026
Апаттың алдын алғандар
Қауіпсіздік
04.09.2026
Өз өміріңді тәуекелге тікпе...
Қауіпсіздік
04.09.2026
Тараздық күзетшілер мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабағын өткізді
Жаңалықтар
04.09.2026
IQAS – тіл мерекесіне арналған QUIZ
ҚТЖ келбеті
04.09.2026
Заман көшінен қалмаған теміржолшы
Аймақтар
04.09.2026
Қараусыз мал: Маңғыстауда сегіз айда 6 рет мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
04.09.2026
Жаңа оқу жылына – бірге!
Жаңалықтар / Мұрағат
04.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №70 04 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
03.09.2026
Қазақстанның 100 теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
03.09.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ локомотив бригадалары теміржол өткелдерінде 39 ЖКО алдын алды
Әлемде
03.09.2026
Өзбекстанда пойыз бен жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам қаза тапты
Әлемде
03.09.2026
Болгарияда Alstom компаниясының Coradia Stream электропойыздары жолаушы тасымалын бастады
Жаңалықтар
02.09.2026
«Қызылжар – Мойынты» жаңа желісі басты жолының түйісуі аяқталды
Аймақтар
02.09.2026
Ақтөбе облысында жөндеуден кейін Жем вокзалы қайта ашылды