Жанкешті еңбек иелері

ҚТЖ келбеті
06.03.2025, 12:10
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Осыдан талай жыл бұрын атыраулық арулар арман қуып түбек теміржолына келеді. Енді ғана оқу бітірген қос құрбы қол ұстасып Маңғыстауға жеткенде осы жерге тастай батып, судай сіңіп, бір бір әулеттің келіні, сосын анасына айналарын болжамаған да болар...    

Олар Бейнеу жол дистанциясында еңбек ететін қос құрбы Гүлназым Далабаева мен Ләззат Құлмағанбетова болатын. Бірі дистанцияда еңбек қорғау инженері болып жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету жұмыстарын атқарса, екіншісі күн-түн демей табанынан тозып, ерлермен қатар түздің шаруасын ширатып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы талай жыл жол монтері болып еңбек еткен Ләззат апа. Оның теміржолға келгеніне биыл қырық жылға қарапты. Қыздың қырық жаны бар дегені осы шығар. Қатарынан қырық жыл ауыр жұмысты атқару ерлік емей, немене?!  Отыздан асқан шағында жесір қалса да, балаларын біреуге жәутеңдетпей, қатарынан кем қылмай өсіріп жеткізді, бәрін бір-бір мамандық иесі атандырды. Ұлды үйлендіріп – ұяға, қызды ұзатып – қияға  қондырып, қазір немере сүйіп отырған жайы бар.

– Атыраудың Индер ауданындағы қарапайым көпбалалы отбасында өстім. Ата-анам совхозда еңбек етті. Мектеп бітіріп теміржол техникумына оқуға түстім. Ол кезде біздің ауданда темір жол болмады, 1985 жылы оқу бітірген соң Бейнеудегі жол дистанциясына жолдамамен жіберді. Маңғыстау темір жолына Гүлназым екеуміз келдік. Мен алғашында техник болып, бір жылдай кадр маманына көмектестім. Бір күні кадр басшысына іссапар құжаттарын дайындауға бір жігіт келді. Ол кездегі жастардың ұяңдығы ма, бір-бірімізге көз салсақ та тіліміз байланып үндеспедік. Бірде мені жұмыс бабымен желі бойына жіберді. Барсам баяғы жігіт – жол жөндеуші Асылбек Әжбенов алдымнан шықты. Бұл жолы үнсіз қалмады, мен де кетәрі болмадым. Көп өтпей шаңырақ көтердік. Бір салада болғасын бір-бірімізді түсініп, тату-тәтті өмір сүрдік. Екі ұл, екі қызды болдық. Жолдасым кейін ШЧ-да монтер, станция кезекшісі жұмыстарын атқарды. Бірақ тағдыр оны арамыздан ерте алып кетті, 2000 жылы дүниеден өтті. Кіші ұлымыз біздің жолымызды жалғады, бүгінде станция кезекшісі, – деп әңгімесін айтты Ләззат апамыз.  

Ләззат Жұмабайқызы кейінгі жылдары әйелдерді жеңіл жұмысқа ауыстыру туралы үкіметтің арнайы қаулысы шыққанға дейін жол жөндеуші болып еңбек етті. Қазір ауыр көтермесе де Бейнеу жол дистанциясының Үстірт телімінде жол монтері – жасанды құрылыстарды қараушы болып еңбек етеді. Бағыттамалық бұрмаларды тазалап, майлап, бұрып, пойыздардың жолдарға кедергісіз бұрылуын қамтамасыз ету қызметін атқарады. Аптасына екі-үш рет бұрмаларды тазалауға шығады. Сонымен қатар теміржол үстіндегі бөгде заттардың болмауына да жауапты. Жаз бойы жол үстіне шыққан шөбін отаса, басқа кездері тас-топырақтан арылтып, қыста қарын тазалайды. Қысқасы Үстірттің басындағы бес негізгі, он қосалқы бағыттамалық бұрма мен №5 бекеттегі бес бағыттамалық бұрмадан шашау шықпай, қалыпты жұмыс істеп тұруы – осы кісінің еңбегі. Өз міндетін атқару үшін жуатын майы мен тазалайтын құралдарын асынып алып күнделікті бірнеше шақырымды артқа тастайды.    

– Кезінде жолшы әйелдер көп еді. Қазір екі адам қалдық. Соңғы кездегі өзгерістерге байланысты баяғыдай шпал ауыстырып, ауыр көтермейміз. Бұрынғыны еске алсам, қандай қиын жұмыс істеген екенбіз. Жас болдық па, елемедік. Жол жөндеушінің қандай міндеті болса, бәрін ер азаматтармен бірдей атқардық. Қазір ауысымға екі адамнан жіберетін болды. Баяғыда жалғыз шығатынбыз. Сол кездегі бір оқиға есімде қалған. Қыстыгүні еді. Қар бар. Түнгі ауысымдамын. Пойыздар жүрер жолы ашық болғасын қатынап тұр. Мен де өз міндетіме кірісіп, бір жақ горловинаны тазалап келдім. Станцияға барып сәл жылынып алып екіншісіне жол тарттым. Барсам ол жерде қар қалын, рельстің басы ғана қарайып көрінеді. Екі бағыттамалық бұрманы қар басқан, стрелкалардың арасы көрінбейді. Жылдамдатып жұмысқа кірістім, себебі сәлден соң пойыздар өтеді. Жанталаса жұмысқа кірісіп кеткенім соншалық, қасыма біреу келіп түртіп қалғанда шошып кеттім. Түнгі уақыт қой. Сөйтсем, манағы мен жылынған станцияның кезекшісі қайтып бармағаныма алаңдап, вагон қараушыны іздеуге жіберген екен. Қызумен жұмысқа кірісіп кеткенім сонша, жұрт мені іздейтіндей біраз уақыт жоқ болып кеткенімді білмеппін де. Талай  оқиғалар өтті ғой. Айдалада жалғыз жұмыс істеп жүргенде ит үреді, қасқыр ұлиды, үрейіміз ұшатын. Соның бәрінен өттік. Қазір олай жалғыз жібермейді бір жақсысы, – дейді тәжірибелі жол жөндеуші апамыз.    

Қарапайым қазақ әйелін осындай жанкештілікке жетелеген – әрине ең алдымен отбасына, бала-шағасына деген махаббаты. Жолдасы о дүниелік болғалы ширек ғасыр бойы солай әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Балаларын ешкімнен кем қылмау үшін ауыр да бейнетті ғұмыр кешті. Алла жазса, бейнеттің зейнетін көрер күн де алыс емес.  

 

Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен Өзбекстан теміржолшылары тасымалдар мен порт инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен ЕО Транскаспий дәлізін дамыту мәселелерін талқылады
Жүк тасымалы
22.05.2026
Қытай мен Ауғанстан арасында Түрікменстан арқылы өтетін жаңа логистикалық бағыт іске қосылды
Аймақтар
22.05.2026
Семей теміржолында кешенді жұмыс қарқын алды
Аймақтар
22.05.2026
Жаз маусымына дайындық бағаланды
Аймақтар
22.05.2026
Ардагерлер кеңесі өтті
Инфрақұрылым
22.05.2026
Ақтөбе вокзалында жолаушыларға барлық жағдай жасалады
Аймақтар
22.05.2026
Ардагер Нұрғали Төлеповке ескерткіш тақта орнатылды
Жаңалықтар / Мұрағат
22.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №39 22 мамыр 2026 жыл
ҚТЖ келбеті
21.05.2026
Жол үстіндегі жиырма жыл
Әлемде
21.05.2026
Бішкектен Ыстықкөл жағалауына дейінгі пойыз маусым айында іске қосылады
Жүк тасымалы
21.05.2026
Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі артып келеді
Аймақтар
20.05.2026
Қызылорда облысының әкімі Шиелі вокзалының құрылысымен танысты
Әлемде
20.05.2026
Ханчжоу метросы үшін автоматтандырылған пойыз таныстырылды
Спорт
20.05.2026
Жеңімпазды сән-салтанатпен қарсы алды
Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді
Әлемде
20.05.2026
Бішкек «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасына Қытайдан 305 млн доллар алады
Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті