Соғыс кезінде салынған Гурьев-Астрахань темір жолының тарихы

Темір жол тарихы
09.05.2024, 14:09
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

1942-43 жылдары құрылысы жүрген «Гурьев-Астрахань» темір жолының тарихы туралы не білеміз? Аса қиын жағдайда жүрген теміржол құрылысын соғыс жылдары жүргізудің қажеттілігі қандай еді? Құрылыс неліктен орта жолдан тоқтады? Таратып айтайық...

ХХ ғасырдың басында Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы ашылған кен орындары бүкіл әлемге мұнайлы Қазақстанды таныстырды. 1925 жылдың басында СССР Халық шаруашылығы кеңесінің шешімімен Гурьев-Доссор тар табанды темір жолын салу үшін Ембі-мұнай тресінің жанынан құрылыс басқармасы ұйымдастырылды. Жол салу ерекше қиын жағдайда жүргізілді. Ешбір құрылыс механизмі болмады, трасса бойын ауыз сумен қамтамасыз ету үлкен күшке түсті. Жолшылардың жанқияр еңбегі нәтижесінде Гурьев-Доссор тар табанды 93 км темір жолы 1926 жылы 18 желтоқсанда пайдалануға берілді. Жол бойында ірі үш станция – Гурьев, Қарабатан, Доссор, 3 разъезд – Сокол, Ескене, Даңғар іске қосылды. Алғашқы кезде пойыз Гурьевтен Доссорға дейін 11 сағат, кейін 7 сағаттай уақытта жүріп өтті. Гурьевтен негізінде су және басқа тауарлар, Доссордан мұнай өнімдері тасылды. 1934 жылы мұнай өндіру қарқыны артуына байланысты Ескенеде тағы бір тар табанды темір жол салынды.

Ал Қандыағаш-Гурьев темір жолы 1939 жылғы 12 ақпанда салынып бітті. Жол салуға 6 мыңнан астам кұрылысшы қатысты, олардың 70% астамы жергілікті ұлттың өкілдері болды. 1939 жылы 26 ақпан күні 40 вагон тіркелген бірінші пойыз Гурьевке келді. Қандыағаш-Гурьев жолы 1939 жылы желтоқсанда уақытша, 1942 жылы тұрақты іске қосылды. Ол темір жол Ембі мұнайының Оралға, Сібірге, Орта Азияға шығуына жол ашты.  

Соғысқа дейінгі жылдарда Орал-Ембі аралығында жаңа мұнай кен орындарын барлау және іске қосумен қатар, «Каспий-Ор» мұнай құбыры, «Гурьев-Доссор-Қосшағыл» су құбыры, жоғарыда айтқан «Гурьев-Қандыағаш» теміржол желісі салынып, іске қосылған болатын. Бірінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы Гурьевте Ұлы Отан соғысы кезінде басталды. Зауыт екі жыл ішінде АҚШ-тан lend lease шарттарында жеткізілген жиынтықты жабдық базасында салынды. Бастапқы қуаты жылына 800 мың тонна болды. Зауыт Ембі кен орнынан авиациялық және автомобиль бензиндерін, мотор және қазандық отынын шығаруға маманданған еді. Осы зауыттың жанама өнім түріндегі газдарының базасында кейінгі жылдары химия зауыты салынған болатын. Осы атқарылған істердің маңызы өте жоғары. Біріншіден, Ембі мұнайын тасымалдау жолы ашылды. Екіншіден, облысты бүкіл елмен байланыстыратын теміржол қатынасы іске қосылды. Ембідегі ескі кәсіпшілік және ашық мұнай кен орындарын игеру Ұлы Отан соғысы жылдарында майданды темір жол арқылы жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде елеулі көмек көрсетті. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск темір жол желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдарында мұнай мен темір жолдың дамуына тағы бір серпін берілді. Мұнай сапасының жоғары болғаны соншалықты, оны өңдемей-ақ, темір жолмен майданға жіберіп, танктерде пайдаланды. 40-шы жылдардың аяғына қарай өндіріс көлемі жылына 1 миллион тоннаға жетті.  

Өңірде соғыс жылдарында салынған ең ауқымды да ауыр құрылыстың бірі – Гурьев-Астрахань темір жолы болды. 1941 жылы Кеңес үкіметі Кавказ мұнайын орталық аудандарға тасу үшін Кизляр-Астрахань темір жолын салу үшін Қаулы қабылдаған еді. 1942 жылы тамызда бұл темір жол торабы пайдалануға берілді. Салынғалы жатқан Гурьев-Астрахань темір жол желісі сол тораптың соңғы телімі болатын. Осы маңызды міндетті орындау үшін 16-50 жас аралығындағы еңбекке жарамды адамдарды құрылыс жұмысына жұмылдыру керек деген шешім қабылдады. Ер адамдар майданға кеткендіктен құрылыс жұмысына негізінен әйел адамдар ғана алынды. Дегенмен, құрылыс жұмысына жұмылдырылған адамдар мен техниканың және қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан құрылыс жұмысы өте баяу жүргізілді. 1943 жылдың 1 қаңтарында жоспарланған 3 600 000 текше метрдің орнына 988,8 текше метр топырақ үйіліп, 330 км темір жолдың орнына Гурьев жақтан 52 км, Досанг станциясы жағынан 45 км темір жол салынған екен. 1943 жылы ақпан айында кеңес әскерлері Сталинградта жеңіске жетіп, майдан шебі батысқа қарай ығысты. Солтүстік Кавказ азат етіліп, бұрын пайдаланылып жүрген темір жол қатынасы қайтадан қалпына келді. Осыған орай Гурьев-Астрахань темір жол құрылысы өзінің әскери маңызын жойды. Көп кешікпей бұл құрылысты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Тек арада ширек ғасырдан аса уақыт өткен соң Астрахань бағытына қарай темір жол салу мәселесі қайтадан көтеріледі. 1967 жылдан бастап құрылысшылардың соғыс жылдарында үйген үйінділерінің үстіне рельстер төселе бастап, 1970 жылы Гурьев-Астрахань темір жолы пайдалануға берілді.

 

Спорт
19.09.2026
Жүздеген теміржолшылар «ҚТЖ марафоны – Сіз де қатысыңыз» VI-шы қайырымдылық марафонына қатысты
Жаңалықтар
19.09.2026
Астанада 320-дан астам теміржолшы сенбілікке қатысты
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл
Әлеумет
17.09.2026
Достық станциясында теміржолшыларға арналған жатақхана жаңартылды
Жаңалықтар
17.09.2026
Локомотив шаруашылығы қысқы кезеңге дайындалуда
Жаңалықтар
17.09.2026
ЕО Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізіне €12 млрд-қа дейін инвестиция тартпақ
Станция тынысы
17.09.2026
Талас станциясының бүгінгі тынысы
Аймақтар
17.09.2026
Семей станциясында қауіпті өткелдер бақылауға алынды