Темір жолы мен теңіз жолы дамыған өлке

Темір жол тарихы
30.07.2024, 10:06
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Биыл Қазақ теміржолына – 120, Маңғыстау теміржолына – 60 жыл. Осы айтулы даталарға орай түбек темір жолының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер, «Құрмет» орденінің иегері, Құрметті теміржолшы Қожахмет Уәзірмен сұхбатымызды жариялаймыз.

– Қожахмет Шабайұлы, осы өңірде туып-өсіп, бүкіл еңбек жолын осы  салаға арнаған жан ретінде сізден түбек теміржолының өткен күндерінен естелік сұрасақ...

–   Алдымен барша теміржолшыны алдағы кәсіби мерекемен және теміржолымыздың мерейтойымен құттықтаймын! Өткен уақыт – көрген түс демекші, бәрі бір сәтте өте шыққандай. Бірақ сол артта қалған жылдар бедерінде  теміржолшы деген халықтың жанкешті еңбегі мен өз кәсібіне шексіз адалдығы жатыр. Маңғыстауға теміржол 1962 жылы салынып бастап, 1964 жылы уақытша пайдалануға берілді. Айналасы оншақты жылда арғы жағы Түрксіб жолының тармағынан бастау алып, берісі Атырау атырабынан Үстірттің үстімен Маңғыстаудың қара ойына құлаған теміржол қарт түбекке жан бітіріп, жан-жақтан жұрт қоныс аударып, шет жүрген қандастар елге оралып, өзінің үй жайы, мектеп-балабақшасы, аурухана, дүкен, клубы, толып жатқан инженерлік құрылымдары, бар үлкен құрылымға айналды.  

Ол кезде біз қазір «станция Маңғышлақ» дейтін Маңғыстау кенті «А» станциясы аталды. Одан 30 шақырым жердегі №16 бекетті «Б» станциясы дейтін. «Б» станциясында теміржол төсеміне төсейтін қиыршық тас шығатын карьер болды. Теміржолға сол жерден щебень алып, жол астына төсеген. «А» станциясы бүгінгі Мұнайлы ауданының орталығы Маңғыстау ауылы. Мен осы Маңғышлақ станциясы құрылып, үйлер, мектептер салына бастағанда 6-сыныпта оқитын бала едім. Теміржолға шартараптан адамдар жұмысқа тартылып, халық көбейгесін 1966 жылы станцияның басынан теміржолшылар балаларына арналған 7 сыныптық №16 мектеп-интернаты ашылды. Бұл мектеп «теміржолшылар мектебі» аталды. Теміржолшылар отбасынан шыққан талай ұл-қыз осы мектептен түлеп ұшты.

– Әр кезеңнің ескірмейтін естеліктері болады. Жол салу қалай жүрді, есіңізде ме?    

– Түбектен мұнай табылып, бүкіл әлемге әйгілі болғасын Жетібайдан, Өзеннен теміржол салуды кеңес үкіметі дереу бастады ғой. Ақтаудан Шетпеге тас карьеріне де теміржол қажет болып, жобасы жасалған. Кейін Мақаттан Құлсары-Бейнеу, Бейнеуден бері қарай теміржол тартуға жобалары жасалады, бірақ бәрі де асығыстау істелген жоба болатын. Рельстің ең жеңіл түрі – Р-43 , шпалдарды да сирек, бір шақырымға 1600 данадан, астына қиыршық тастың орнына құм қиыршығы төселіп, теміржол салынды. Яғни 1962 жылдары Бейнеуден Ақтауға қарай бірінші болып «Орта Азия құрылыс механизация» тресінің №30 құрылыс-монтаж пойызы (СМП) жол салуды Бейнеуден бастады. Сол жылы күзде  №66 СМП-сы Ақтаудан Бейнеуге қарай теміржол сала бастайды. 1964 жылы 29 маусымда ұзындығы 404 шақырымдық Бейнеу – Ақтау теміржолы екі жақтан келіп түйісіп, оның күміс қазығы 209 шақырымда  қағылды. 1966 жылы жолды пайдалануға бергенге дейін мұнай өңдеу зауытына бір жарым миллион тоннадай Жетібай, Маңғышлақ мұнайының алғашқы легі тасылды.

Дегенмен, теміржолды пайдалануға бергеннен кейін сол асығыс жобаның көп қиыншылығын игеруге тура келеді. Жаңбыр қатты жауса, көпірлер, суағарлар шыдас бермей теміржолды су шаятын болды. Топырақ борап, қоршаулар болмағандықтан құм басады. Алғашқы жылдары теміржолшылар осындай қиындықтармен күресті. Маңғыстау жол дистанциясының басшысы болған Сағынай Қошқарбаев деген кісі осы дистанцияны құрып, Сай-Өтестен Шетпеге, Шетпеден Маңғышлаққа, одан Өзенге дейін теміржолды жаяу жүріп қабылдап, көп қиындықты еңсерген жан ретінде есте қалды.  

– Сіз де өңір теміржолына жарты ғасыр еңбек сіңірген жансыз.  Бұл салаға қызығушылығыңыз сол бала кезден басталса керрк?  

– 1966 жылы Мәскеудегі Жол және қатынастар министрлігінің 15 шілдедегі бұйрығымен тұрақты пайдалануға қабылданған соң Маңғышлақ станциясы тез  дами бастады. Бастапқыда құрылысшылар, шеттен келген мамандар отбасымен бірге вагон үйшіктерде тұратын. Кейін үйлер салынып, соған көшірілді. Тыныш қана жатқан ауылға теміржолдың гүрсілімен бірге жаңа өмір көшіп келген еді. Бізге   теміржол да,  пойыз да – барлығы таңсық. Көше толған теміржолшылар, фуражка киген бастықтары формасы жарқырап жүреді. Соның бәріне қызыға қарап, әлемде теміржолшыдан асқан бақытты адам жоқ шығар дейтінбіз. Сырттан келгендердің біразы түбектің қатал табиғатына шыдамай кетті, біразы қалды. Әрине, теміржол жаңа кәсіп болғандықтан кадр мәселесі қиын болды. Жергілікті халықтан теміржолшылар даярлау ісі мықтап қолға алынды. Қысқа курстар ұйымдастырылып, жан-жаққа институт-техникумдарға жергілікті жастар оқуға жіберіле бастады. Жол дистанциясында жол шеберлері, жол бапкерлері жетпеді. Мекеменің алғашқы кадр бастығы Есберген Ерпанов бірнеше рет Түркіменстан теміржолына барып, қазақтарды елге қайтуға үгіттеп, біраз жұмыс істеді.  Өзбекстан және Қарақалпақстаннан да мамандар тартылды. Алғашқылардың бірі болып келгендер Зұлхан Сақтағанов, Қылышбек Бабақұлов, Сағынхан Түзелбаев, Азанқұл Байпақов, Дүйсеке Әбілов, Тлеухан Өтебеков, Әділ Аңғарбаев, Мырзағали Қобжанов есімді ағаларымыз еді. Олардың көбінің білімі 4-7 сыныптық болса да теміржолдың нағыз білгірлері болды. Теміржол инструкциясы мен ПТЭ-ны жатқа білетін, тек Уставпен жүретін жандар еді. Көбісі  Құрметті теміржолшы атанды. Борамбай Қашақов, Күзембай Ізтұрғанов деген қазақтан шыққан алғашқы станция бастықтары болды. Шапай Нұрмағанбетов, Нұрқаш Мадияров деген машинистер, жол бригадирі Тілеухан Өтебеков сынды ағаларымызды үлгі тұтатынбыз.  

Мен 1968 жылы мектеп бітіре сала Маңғыстау жол дистанциясында бір жылға жуық жол монтері болдым. Кезінде асығыстау жобалармен салынған теміржолды құм басып, қатты жауын жауса, су шайып жататын. Түннің ішінде оятып жұмысқа шақырады. Түнімен құм тазалаймыз, су ағызамыз. Құм көшпеу үшін екі жағына қамыс тоқып, қоршау істейміз. Бір жылдай осындай жұмыстарды атқарып жүріп, келер жылы Ташкент теміржол институтына оқуға тапсырып, емтиханнан өттім. 1974 жылы дипломды маман болып  дистанциядағы жұмысымды жалғастыра бердім. Бригадир, мастер, дистанция бастығы болдым. Уақыт деген көзді ашып-жұмғанша зулап өтіп, жарты ғасыр еңбек еттік қой...  

– Баяғы өзіңіз еңбек жолыңызды бастаған дистанцияға басшы болған соң жұмысты неден бастадыңыз?    

- Мен дистанция тізгінін ұстаған 1986-87 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, Бейнеуден Маңғышлаққа дейін 440 шақырымды ауыр рельс Р-65-ке, қиыршық тасқа ауыстырып, шпалдарды шақырымына 1840 данадан салдық. Содан соң пойыз жылдамдығы 40-тан 90-шақырымға көтерілді. Жолдың шетіне малға қарсы қоршаулар тұрғыздық. Бала кезде түйемізді пойыз қағып кеткенде жылағаным есімде, сондықтан халықтың малын пойыз басып кетсе, кәдімгідей қамығатынмын.  

Қызметіме кіріскен күннен кезінде ойға алған жобам – мекеменің 2 қабатты кеңсесін салуды қолға алдым. Көп ұзамай бұрын жатақ жайда отырған дистанция қызметкерлері жаңа әрі кең ғимаратқа көшті. 1986 жылдың мамырында «Май пленумы» өтті. Онда өзімізді өзіміз жергілікті ауылшаруашылық өнімімен қамтамасыз етуіміз қажет деген мәселе көтерілді. Осы азық-түлік бағдарламасы жөніндегі бастаманы қолдап, сол жылы жаңа ғимараттың жанынан аумағы атшаптырым жерге жылыжай салдық. Мұны облыстың бірінші хатшысы да көруге келіп, өңірдегі барлық мекемеге азық-түлік бағдарламасы бойынша осындай тапсырмалар берілді. Бақшадан көкөністерді жинап, өзімізден артылғанын ауыл тұрғындарына сататынбыз. Содан қалған өрік бағы әлі бар.  

1991 жылы бүкіл Кеңес одағы бойынша «Тұрғын үй-91» бағдарламасы жарияланды. Соған байланысты станциядағы қазіргі екі қабатты 16 пәтерлі №81, 82 үйлерді салдық. 41 жұмысшымыз үйлі болды. Ол кезде әлеуметтік салаға баса назар аударылды. 1994-2000 жылдары Бейнеу-Маңғышлақ аралығында жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жолдың жағдайы жақсарып, қосымша телімдер салынып, бір кезде тұйық жатқан түбектің жолы халықаралық көлік дәліздеріне қосылып, осылай дами берді. Бүгінде міне, шүкір, теміржолы да, теңіз жолы да дамыған өлкеге айналдық.

– Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы теміржолшылар күнімен құттықтаймыз.  

Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті
Спорт
18.05.2026
Тараз теміржолшылары арасында тораптық спорт жарысы өтті
Әлемде
18.05.2026
Еуропа теміржолдарына бірыңғай билет жүйесі енгізілмек
Жаңалықтар
18.05.2026
Теміржол вокзалдарын жаңғыртуды үйлестіру және жеделдету жөніндегі жедел штаб құрылды
Әлеумет
17.05.2026
Ақтөбе облысында заманауи өнер мектебі салынуда
Инфрақұрылым
16.05.2026
Қазақстанның бес өңірінде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын
Әлемде
15.05.2026
Биыл Ресей теміржолдарында апат пен пойыздардың рельстен шығу жағдайлары көбейген
Жолаушылар тасымалы
15.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы қатынайды
Аймақтар
15.05.2026
Қозғалыс қауіпсіздігін күзеткен теміржолшылардың аналарына құрмет көрсетілді
Инфрақұрылым
15.05.2026
Жаңаланған жолдар – қауіпсіздік кепілі
Аймақтар
15.05.2026
Көктемгі байқау кемшіліктерді анықтады
Аймақтар
15.05.2026
Семейлік теміржолшылар қаржылық сауаттылығын арттыруда
Жаңалықтар
15.05.2026
Астанада жас теміржолшылар үшін кәсіби бағдарлау курсы өтті
Аймақтар
15.05.2026
Әмбебап маман
Аймақтар
15.05.2026
Қауіпті сейілткен теміржолшының анасы алғысқа бөленді
Аймақтар
15.05.2026
Бір жұмысшы – бір өсімдік
Жаңалықтар / Мұрағат
15.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №37 15 мамыр 2026 жыл
Жаңалықтар
14.05.2026
ТМД темір жолдары интеграцияны нығайтуда
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Көлік вице-министрі «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске асырылу барысын тыңдады
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Солтүстік Қазақстандағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын