Темірдей жігер иесі

Аймақтар
18.10.2023, 10:55

Дос адам маңайыңды жұмақ етер.

Махмұд Қашқари

 

Өмір – теміржол сияқты. Пойыз тек алға жылжиды, артқа қайтар мүмкіндік жоқ. «Шойыннан жол салынғалы жатыр, ол жолдың көрінісі домбыраның екі ішегі сияқты болады екен, онымен пойыз деген отпен жүретін арба келеді екен» деп баяғыда жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Теміржолшы» аталған әңгімесі осылай басталушы еді. Пайымымша, теміржолдағы ең қиын да күрделі мамандық – машинистке тиесілі. Локомотивтің өзі таңдаған бағдарын қалай жүріп өтетіні, машинистің жоғары кәсіби біліктілігіне байланысты. «Жолымнан жаңылмайын» деп ұйқысыз өткен түндер мен мазасыз күндерді оған қосыңыз. Дәл сол сияқты өнер саласында домбыраның қос ішегін шебер тартсаң, әдемі, әуезді әуен шығады. Педагогика мен өнер саласында елеулі із қалдырған досым  Әуесбай Бақбергенұлы өмірдегі өз әуенін мінсіз орындай жүріп, ешқашан өз бағытынан жаңылған емес. Жаңылса, артқа шегінер мүмкіндік жоқ екенін ол біледі.

Біз Әукең інім екеуіміз тарихи Жамбыл облысы, Құлан өңірінің түлегіміз, туған ауылдарымыз қоңсылас орналасқан. Мен Малдыбай ауылында туған болсам, Әуесбек інім көрші жатқан кезіндегі Бірлес, қазіргі Сәлімбай ауылының тумасы. Аңдап қарасам, темір жолдай тарамдалған тағдыр сүрлеуіміздің ұқсас тұстары көп екен. Оқу бітіргелі мен де Әукең де туған жерден жырақта біраз жүріппіз. Ол Өскеменде 5 жыл оқып, Ақтөбеде әскери борышын өтеп, елге оралып, Красногорда қызмет етті. Мен Алматыда көлік академиясын бітіріп, ұзақ жыл Сарышағанда, Шуда депода қызмет жылдарым өтті. 1974 жылы әкем Кездікбайдан жастай ерте айырылдым, Әукеңнің 6 жасар бала кезінде әкесі Бақберген дүниеден озған екен. Демек, екеуіміздің де әкеге деген аңсар-сағыныш сезімі кеудемізде еш өшкен емес. Өйткені, әкені аңсау – мәңгілік сағынышқа ұласады деп ойлаймын.

Мәдениет саласының үздігі – Әуесбай Бақбергенұлы

Өнер саласында өрісі кең інім туралы бұрынырақта сырттай естіп жүрсем де аға-іні боп тығыз араласа бастаған кезіміз 1992 жылдан бермен қарай екен. Әукеңнің ұстаздық қызметінің зор жетістігі туралы қызметтес болмасақ да баспасөз беттері арқылы жақсы қанықпын. Отбасыларымыз арасындағы жарасымды сыйластық пен шаттыққа толы шуақты күндерімізді әрдайым ризалықпен еске алып отырамыз. Әукең Рабиға келін екеуі отбасымның көптеген қуанышына ортақтасып, асаба болып, ұл-қызымның үйлену тойларын шеберлікпен басқарғаны еш ұмытылмас. Біз де жұбайым Бақыт екеуіміз Әукеңнің үлкен ұлы Қанат  пен келіні Баянның тойларында өкіл  әке мен өкіл шеше  болып,    әулеттеріміз арасындағы ағайындық жақындығымызды одан ары бекемдей түстік.  

Әуес бауырым Рабиға келін екеуі балаларына жақсы тәрбие берді. Қызы Жанат, ұлдары Қанат пен Қуат та өз балаларымдай болып кетті десем болады. Жанат көп балалы ана, құрметті музей қызметкері болса, Қанат пен Қуат та бүгінде есімдері елге белгілі журналистер. Біз өкіл ата-ана болып келе жатқан Қанат пен Баян балаларымыз «Болашақ» бағдарламасымен оқып, білім, ғылым саласында да табысты еңбектеніп жүр.  

Бір күні Қанат балам Бақыт мамасына телефон шалып, Тараздағы Назарбаев мектебі туралы пікірін сұрады. Ол мектепте біздің де Аймира, Айдана есімді немерелеріміз оқығанын ол білетін. Сол себепті де Атыраудағы Назарбаев мектебінде оқитын Ералы ұлдарын Жамбылға ауыстырғысы келетін ойымен бөлісті. Бақыт мамасы қаламыздағы зияткерлік мектептің мықты екенін, Ералы ауысса өкінбейтінін айтты. Сол сөз қамшы боп, Ералы баламыз қазір Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде озық білімімен көрініп жүргені қуантады.

Құрметті теміржолшы – Қазбек Терлікбаев  

Біздің халықта «тектілік» дейтін қастерлі ұғым бар. Тектілік – адамға тән қасиетті құндылық. Тектілік – ата-баба, тума-туыс әруағын ардақтай білу, ата- анаға деген перзенттік борышты өтеуге жан-тәнімен берілу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу. Тектілік – өз ұлтыңның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптей білетін, жақсылық пен жамандықтың ара жігіне мән беретін, ешкімнің ала жібін аттамайтын иманды кісі. Әуесбай Бақбергенұлын міне, осы асыл ұғымдардың парқын жете түсінетін және ғазиз ғұмырында оларды ұлы ұстаным ретінде сақтай білген азамат деп танып келемін.

Халқымызда «тектілікке» қоса айтылатын «кісілік» деген ұғым бар. Кісілік өз мүддесі үшін жамандыққа бармайтын, құнсыз дүниеге қызықпайтын, өзінің де өзгенің де алдында қандай да бір қиындықта пендешілікке бой алдырмайтын, қолынан келсе жақсылығын, көмегін ешкімнен аямайтын және сол жақсылығын міндет қылмайтын қасиеттер. Осы ұғымдар да Әукеңнің ісінен, мінез-құлқынан үнемі сонадайдан сезіліп тұрады. Ізгі қасиеттерінің арқасында Әукең өзі өскен жерінде, қызмет жасаған ортасында сый-құрметке ие болып келеді.

Әр адамның ғазиз ғұмырында өз сара жолы бар. Соған орай тұлғасы да қалыптасып, келбеті айшықтала түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның ісі. Асылсың ба, алтынсың ба, оны да халық өзі танып алады. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, мәртебесі биік болмақ. Мен әңгіме еткен кейіпкер ешқашан ешкімнің ақысын жеп, ала жібін аттаған емес. Ұрпағына да сондай ізгі қасиетті молынан сіңірді. Өзі де талай белестен өтті. Өмірдің талай тәттісін де, кермегін де татты. Дана халқымыз танып алған және де ел ағасы деп бағалаған біздің Әукең – Әуесбай Бақбергенұлы іскерлік қабілетімен, адамгершілік қасиетімен, кісілік келбетімен, бедел-абыройымен де әрқашан ерекшеленіп тұрады. Сонысымен де ол дара.  

 

Қазбек ТЕРЛІКБАЕВ,

Құрметті теміржолшы,

Тараз қаласы.

 

Аймақтар
22.07.2026
Маңғыстау және Павлодар облыстарында теміржол вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
22.07.2026
Жас теміржолшылар Абай еліне рухани саяхат жасады
Әлемде
22.07.2026
Ауғанстанның Пәкістан арқылы өтетін транзиттік саудасы күрт қысқарды
Әлемде
22.07.2026
Өзбекстанда «Ташкент – Хиуа» бағыты бойынша қосымша жүрдек пойыз іске қосылады
Жолаушылар тасымалы
22.07.2026
Елімізде жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жалғасуда
Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ қызметкерлеріне арналған барлық сервис енді бір платформада
Инфрақұрылым
21.07.2026
Ақтөбе облысында вокзалдарды жаңғырту барысы тексерілді
Спорт
21.07.2026
Теміржолшы Эльбрус шыңында ҚТЖ туын көтерді
Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы Алматыда өрт сөндіруге қатысты
Қауіпсіздік
21.07.2026
Теміржол өткелдерінде профилактикалық рейдтер жалғасуда
Сұхбат
21.07.2026
Теміржол тарихындағы ең ірі жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
Әлеумет
21.07.2026
ҚТЖ атынан хабарласатын телефон алаяқтары көбейді
Жаңалықтар
21.07.2026
Еліміздің вокзалдарында кедергісіз орта қалыптасуда
Цифрландыру
21.07.2026
Ақтөбе теміржолы цифрландырудың жаңа деңгейіне өтуде
Инфрақұрылым
21.07.2026
ҚТЖ жыл басынан бері темір жолдың 686 шақырымын жаңартты
Жаңалықтар / Мұрағат
21.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №55 21 шілде 2026 жыл
Аймақтар
20.07.2026
ҚТЖ компаниядағы мемлекеттік тілдің үлесін 92 пайызға жеткізуді көздеп отыр
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
№81/82 «Нұрлы жол – Орал» Тальго пойызында әйелдер вагоны іске қосылады
Инфрақұрылым
20.07.2026
ҚТЖ Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын жеделдетеді
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ISO халықаралық төрт стандарты бойынша сертификаттарға ие болды