Асыл – тастан, өнер – жастан

Әлеумет
07.12.2018, 12:44

Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған республикалық жастар форумының екінші күнінде шараға қатысушылар екі топқа бөлініп, 40-тан астам жобаны команда болып қорғады. Ол жобалардың арасында қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға, жол шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетуге, экономикалық тиімділікке, сандық жүйеге көшу арқылы қағазбастылықтан арылуға, әлеуметтік жеңілдіктерге бағытталған тағысын тағы сан түрлі жобалар бар. Біз сәті түскенде жоба жетекшілерімен жолығып, өздері қорғап шыққан жобалардың ерекшеліктерімен танысқан едік.  

Қостанай өңірінен келген Қостанай жол дистанциясының бригадирі Рустам Ғаббасов республикалық форум шеңберінде ҚТЖ, Ғылыми-техникалық зерттеу орталығы және де Ұлттық компанияның еншілес ұйымдарынан келген сарапшылар алдында ПРСМ машинасы үшін механикалық керу құрылғысы жобасын қорғады.

– Бұл құрылғы алдын ала иілу үшін қызмет етеді, яғни темір жол рельстерін дәнекерлейтін ПРСМ машинасының жұмысына бағытталып отыр. Әдетте, рельстерді дәнекерлеу кезінде технологиялық картаға сәйкес 11 адамнан екі бригада жұмылдырылатын. Соның 8-і қызмет көрсетушілер де, екеуі жетекші мамандар жол шебері мен бригадир болатын. Соңғы 10 жылда жолшылардың жұмыс технологиясында жұмыс процесінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Барлық шаруаны лом және күректерді пайдаланып, қолмен атқаруға тура келеді. Мен жасап шығарып отырған бұл дүниені құрылғы деуге болмас, мұны тарту құралы деген жөн болар. Бұл құрал порталды кран шынжырынан, екі шыныаяқ ілмегінен, редуктордан тұрады және құралдағы тілшік рельсті тартуға және керісінше босатуға мүмкіндік береді. Бұл құралдың қосымша екі швеллері, яғни табаны бар, олар үлкен және ауыр болғандықтан әкелу мүмкін болмады. Олар бір-біріне қосылып дәнекерленген, ролик арқылы жүреді. Оның бір тізбегі бекітіледі, ал екіншісі бос болады, ол рельсті көтеруге көмектеседі. Ал нәтижесінде не аламыз дейтін болсақ, бұрын рельстерді дәнекерлеу жұмысына 11 адам жұмылдырылатын болса, бұл құрал бар-жоғы екі адамның қызметін қажет етеді. Мысалы, бұрын порталды кран болмағанда 20 адам рельстерді қысқаштармен таситын еді ғой, ал қазір порталды кранның арқасында екі адам ғана жұмыс істейді. Қысқасы, бұл құрал адам санын қысқартып, жұмыс сапасын жақсартып және де жолшылардың жұмыс қабілеттілігін 5 есе ұлғайтады, – деп өз жобасының ерекше тұстарымен бөлісті Рустам Ғаббасов.

Шығыс Қазақстан жүк тасымалы бөлімшесінің автоматтандырылған басқару жүйесі бойынша инженер-технологы Евгений Португайский бұл форумға есептеу техникасы мен оргтехниканы түгендеу және жіктеуге қатысты жобасын ала келіпті. Оның айтуынша бұл жобаның мәнісі – ол техниканың жұмыс орнына келіп түскеннен бастап есептен шығарылғанға дейінгі процесін, яғни бүкіл тарихын автоматтандыру. Бұл, шындап келгенде, шығынды мейлінше азайтпақ екен.

«Бізде кадрлардың тұрақтамауы көп. Кейбір адамдар компьютер білмейді. Ал жұмыс орнына келгенде олардың үйрену мүмкіндігі туады. Осы ретте мен, мынадай идея ұсынып отырмын, программалық өнім инвентарлық нөмір алып, яғни техникасы бар адам оны тиісті формаға қойса, онда басшылықпен келісілген және бекітілген дербес компьютердің электрондық паспорты шығады, яғни ол қашанда өзекті жағдайда болып, ақпарат жоғалмайды және тез келісіледі әрі бекітіледі. Бұл жоба осыған құрылып отыр. Ол бухгалтерияға, әкімшілік шаруашылыққа негізделіп отыр» дейді Евгений.

Ал Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі атынан келген команданың жоба жетекшісі Алтынбек Әмірбек Арыс қаласынан екен. Ол бүгін сарапшылар назарына ұсынған жобаны Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі қарамағында жұмыс істейтін Эльмира Пусирова және Жанна Токбауылинамен бірлесіп жасағанын атап өтті. Бұл жобаға қатысты идея Шымкентте өткен аймақтық жастар форумы барысында туып, оны пісіп-жетілдіруге бір айдай уақыт кеткен екен. Алтынбек демалған күндері осы жобаны кеңесіп жасау үшін Арыстан Шымкентке келіп жүргенін де айтады. Сонымен оңтүстік өңірдің жастарының жобасы несімен ерекшеленеді?!

– Станцияға келіп кеткен вагондарды жұмысшылар қолмен жазып, тіркейді. Мысалы, жаңбырлы күні қараңғыда вагон қабылдап алушы вагондардың номерін жазып тіркер кезінде, қолына қолшамды немесе қолшатырды әлде қағаз бен қаламды ұстай ма, мұның бәрі ыңғайсыз. Ал біз ұсынып отырған «Сканерлі камера» жобасы бұл қолайсыздыққа нүкте қояды деген сенімдемін. Ал сканерлі камера нашар ауа-райының өзінде вагондардың нөмірін 90% анық көрсетіп, тіркеуге мүмкіндік береді. Жоба мақсаты – қол жұмысын автоматтандыру арқылы вагонға қатысты деректерді компьютер базасына енгізу. Тиімділігі анық көрсетіледі, қателікке жол берілмейді және адам шығыны болмайды. Қалайша адам шығыны дейтін болсаңыз, қар жауып, көк тайғақ болған кезде сала қызметкерлерінің жолдың арасында жүріп, вагондар нөмірін тіркейміз дегенде, аяқтары тайып, жарақаттану алған немесе станцияда жүрген иттердің шабуылдаған кездері болған. Ал сканерлі камера арқылы бір адам станцияға кірген вагондарды бақылап отырады. Яғни станция басына бейнекамералар орнатылып, ол компьютерлік базамен байланыстырылады. Мысалы, қазір автокөліктер қалаларда «Сергек» құрылғысы бақылауға алынған ғой, қандай жылдамдықпен кетіп бара жатқаны, нөмірі – бәрі тіркеліп жатады ғой. Сол сияқты бейнекамера да станцияға кіріп шыққан вагондарды автоматты түрде бейнебаян ретінде кете береді және суретке де түсіреді, ал бұл мәліметтер базада сақталып қалады. Мәселен, екі ай бұрын өткен вагонды тексергіңіз келсе, оны ашып көруіңізге болады. Әрине, бұл жобаның артықшылығы не кемшілігі десем бе екен, ол жұмысшы санын оңтайландырады, бірақ, бұл заман талабына сай цифрландыру бағдарламасы шеңберіндегі жобаның бірі болмақ, – деп өз ойымен бөліседі жоба жетекшісі Алтынбек Әмірбек.

Ал оңтүстік астана Алматыдан келген теміржолшы жастардың жобасы «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы вагон» деп аталады екен. Жоба жетекшісі Айнұр Бутанованың ойынша, еліміздегі 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның бір бөлшегі болғандықтан, олардың емін-еркін жүріп тұруға құқы бар. Сондықтан бұл жоба мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасауға негізделіпті.

«Бұл вагонда санитарлық-гигиеналық талаптарға сай дәретханасы, отырып тұруына қолайлы орындығы, төсегі, науқас, көзі көрмейтін адамдарға тетіктер, ашық дисплей, яғни жолсерікті шақыруға арналған түймешелер болуы керек. бұл вагон әр құрамда болса, өте жақсы болар еді. Арнайы вагонды мүгедек жандарға сәйкестендіріп жабдықтау үшін 3,5 млн теңге шамасында қаржы керек» дейді Айнұр. Мұндай вагондар қаншалықты сұранысқа ие деген сауалымызға Алматы-1 станциясында вокзал кезекшісі болып жұмыс істейтін Айнұр Бутанова, бір составтың өзіне кей күндері 20-дан асқан, ал күніне 10 мүгедек жан мінетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол мұндай вагондар қарапайым 36 орындық купеге қарағанда, үш еседей аз, яғни 12 орындық болса, жетіп жатқанын айтады. «Бұл жоба Алматыда қазан айының соңында өткен тренинг барысында туындады. Біз онымен бір айдай айналыстық. Әлі де жетілдіретін тұстары бар. Жалпы Қазақстан темір жолы тарапынан ұйымдастырылып тұратын мұндай форумдардың тұлға ретінде ашылып, жаңа идеялардың туындауына, жас теміржолшылардың кәсіби өсуіне, қызметтік сатыларда көтерілуіне берері мол. Сондықтан жастар форумы келешекте де жалғасын табады деген сенімдемін. Ал жобасын қорғаушыларға сәттілік тілеп, тың ой-идеялары жүзеге асып, жемісін берсін деп тілегімді білдіремін» деп сөзін түйіндейді алматылық жастар.

Сұлугүл БАКЕСОВА


Аймақтар
28.11.2024
Көлік полицейлері вокзалда ұсақ бұзақылық жасаған төрт адамды ұстады
Жаңалықтар
28.11.2024
Елден тысқары жерлерде «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз – Тоқаев
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚТЖ мен ФинИнвест ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚР, РФ және ҚХР терминал салып, бірыңғай цифрлық платформаны пайдаланатын болады
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚТЖ мен Ресей темір жолдары бірқатар келісімге қол қойды
Аймақтар
27.11.2024
Кырағы күзет қызметінің сарбаздары
Жүк тасымалы
27.11.2024
Транзиттік вагондар ағыны артты
Әлемде
27.11.2024
Румынияда алғашқы Coradia Stream пойызы іске қосылды
Жүк тасымалы
27.11.2024
Құрық портындағы жаңа астық терминалы экспортқа мүмкіндік ашады
Жаңалықтар
26.11.2024
Жаңа темір жолдардың құрылысы кезінде 157 көпір салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
ҚТЖ 2027 жылға дейін 9 терминал салады
Жаңалықтар
26.11.2024
2029 жылға дейін 5 мың км жол салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
Оқушылар мен колледж студенттері теміржолшы мамандығымен етене танысты
Жаңалықтар
26.11.2024
Биыл отандық өндірушілермен 1 637 келісімшарт жасалды
Жүк тасымалы
26.11.2024
Достық станциясынан ҚХР-ға тасымалдау жоспары мерзімінен бұрын орындалды
Жолаушылар тасымалы
26.11.2024
Жолаушылар вагондарындағы стоп-кранды пайдалану ережелері
Жаңалықтар
26.11.2024
Ыстамбұлда ТХКБ дамуы талқыланды
Инфрақұрылым
26.11.2024
Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің инфрақұрылымын дамыту жалғасуда
Аймақтар
26.11.2024
Күзет мамандары үш тілді қатар меңгеруде
Аймақтар
26.11.2024
Станция басшылары біліктілігін арттырды