Қытай мен Қазақстан арасында тағы бір контейнерлік пойыз ұйымдастырылды. Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Ланьчжоу теміржол станциясынан құрамында ферросилиций өндіруге арналған рудотермиялық пеш бар контейнерлік пойыз жөнелтілді. Қазақстанға, Жаңа-Қарағанды станциясына бағыт алған құнды жүк 10 күн ішінде 3600 км қашықтықты жүріп өтіп, Алашанькоу-Достық шекаралық өткелі арқылы Қазақстанға келеді. Тасымалдау процесін Қытайдағы «KTZ Express» АҚ еншілес ұйымы – Xinjiang KTZ International Logistics Co ұйымдастырып отыр. Ал пешке тапсырыс беруші – YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты бағалы жүкті жеткізудің сенімді тәсілі ретінде теміржол арқылы контейнерлік тасымалды таңдады. Жаңа пеш өнеркәсіптік және азаматтық құрылыста, автомобиль – әуе кемесін жасауда, сондай-ақ, медициналық құралдар өндірісінде металл конструкцияларының сапасын арттыру үшін қолданылатын ферросилиций қорытпасын өндіруді ұлғайтады.

– Мұндай ерекше жүктер тасымалдаудың ерекше шарттарын сақтай отырып атқарылады. Болашақта сервис тұрақты болады. Ганьсу провинциясының Ланьчжоу қаласынан Жаңа-Қарағанды станциясына ай сайын бір контейнерлік пойыз жөнелту жоспарланып отыр, – дейді «KTZ Express» АҚ басшысы Нұрлан Игембаев.