Көп жылғы бейнеттің зейнетін көру –  кез келген адамның арманы. Атырау магистральдық желі бөлімшесінің үлкен ұжымы көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан екі бірдей қызметкерін  зейнетке шығарып салды.  

Бөлімшенің кең залында салтанатты жиын өтіп, әріптестер қос құрбының құшағын гүлге толтырды. Бөлімше бастығы Аралбай Қосымбаев теміржолдағы еңбек жолдарын аяқтап, зейнетке шығып жатқан Гүлнәр Қаспанова мен Нұрбике Қасекееваны  құттықтап, олардың ұзақ жылғы адал еңбегі үшін алғыс айтты.    

Гүлнәр Темірбекқызы Атырау қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1980 жылы Ганюшкино жол дистанциясында монтер болып бастаған. 1987 жылы Алматы теміржол инженерлері институтында жол және жол шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын аяқтаған соң Ганюшкино жол дистанциясында экономист болып қызметін жалғастырған. 1995 жылдан бастап бөлімшеде ұйымдастыру және нормалау инженері, жетекші инженер, экономист, бас есепшінің орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2017 жылдан бастап Атырау магистральдық желі бөлімшесі экономика бөлімінің бастығы қызметін атқарып, әріптестеріне сыйлы, ұжымда абыройлы маман атанды. «Үздік маман», «Қазақстан темір жолына 120 жыл», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Отбасында ұл-қыз тәрбиелеп өсірген абзал ана, аяулы әже.  

Нұрбике Бисенқызы Мақат ауданындағы 377-бекетте теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ол да еңбек жолын Атырау жол дистанциясында жол монтері болып бастайды. 1985 жылы Алматы теміржол инженерлері институтының жол шаруашылығы факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы бітіріп шығып, он шақты жыл техник, аға инспектор, еңбек жөніндегі инженер, өндірістік оқыту шебері қызметтерін атқарады. Содан кейінгі кәсіби жолы персоналды басқару саласымен тығыз байланысты болып, кадр және персоналды басқару бағытында 34 жыл бойы еңбек етті. Осы жылдар ішінде оның алдынан мыңдаған адам өтіп, талай теміржолшының кәсіби шыңдалуына ықпал етті. Нұрбике Бисенқызы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен және «ҚТЖ-ның 120 жылдығы» мерекелік медалімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Отбасында ұл-қыз өсіріп, олардың қызығын көруде.  

Әріптестер «су жаңа» зейнеткерлерді құттықтап, оларға зор денсаулық пен бейнеттің зейнетін молынан көріңіздер деген тілектерін білдірді.  Персоналды басқару бөлімінің бастығы Анар Жалғасбаева басшылық атынан арнайы марапат пен сый-сияпат табыстады.