Испанияда Мадрид пен Авила қалаларын байланыстыратын теміржол желісінде жүк пойызы рельстен шығып кетіп, машинист зардап шекті. Апат салдарынан осы учаскедегі жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды, , деп хабарлайды Rail-news.kz.
Demócrata сайтының жазуынша, оқиға 15 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 03:48 шамасында Сарсалехо муниципалитетінде болған. Captrain компаниясына тиесілі пойыз құрамында электротехникалық катушкалар тиелген 17 вагон болған. Алдын ала мәлімет бойынша, рельстен тек локомотив шыққан.
Апатқа бірнеше күн бойы жауған жаңбырдан кейін пайда болған опырылма себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Апаттан кейін өңірлік және қала маңындағы пойыздардың қозғалысы бұзылды. Renfe жолаушылар операторы Эль-Эскориаль мен Робледо-де-Чавела арасында баламалы автобус қатынасын ұйымдастырды.
Инфрақұрылым операторы Adif мамандары теміржол жолдарының жағдайын тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қозғалыстың қашан толық қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз.
Бұл Испания теміржол саласында соңғы уақытта болған кезекті апат. Бұған дейін Кордова провинциясындағы Адамус пен Толедо провинциясындағы Урде елді мекендерінде де теміржол оқиғалары тіркелген. Олар көлік министрлігі, Renfe және Adif басшылығындағы кадрлық өзгерістерге себеп болған. Алайда аталған оқиғалардың себептері арасында әзірге ешқандай байланыс анықталған жоқ.