Үндістанда отандық BEML компаниясы шығарған алғашқы машинистсіз метро пойыздары жолаушылар тасымалын бастады. Алғашқы кезеңде алты вагоннан тұратын бес пойыз Бангалор метросының «Қызғылт» желісінің ұзындығы 7,5 шақырым болатын, алты станцияны қамтитын учаскесінде қатынайды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жұмыс күндері қарбалас уақытта пойыздар 8 минут сайын, ал жолаушылар аз кезде шамамен 10 минут сайын жүреді. Пойыздардың салтанатты іске қосылу рәсімі 14 қарашада өтті. Оған Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатысты.

Қазір пойыздар GoA2 жартылай автоматты режимінде жұмыс істейді. Яғни машинист кабинада болады. Қажетті жүйелер толық интеграцияланып, реттеуші органдардың рұқсаты алынғаннан кейін пойыздарды ең жоғары автоматтандыру деңгейі саналатын GoA4 режиміне көшіру жоспарланып отыр. Бұл жағдайда пойыздарға машинист қажет болмайды.

2027 жылдың ортасында желінің екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін бағытта 23 пойыз қатынайды деп күтілуде.

Әр алты вагонды құрамның вагондар арасында өтуге арналған арнайы өткелдері бар. Пойыз 2 мыңға дейін жолаушыны тасымалдай алады, оның ішінде 286 отыратын орын қарастырылған. Максималды жылдамдығы сағатына 80 шақырымға жетеді.

Пойыздар ені 1435 миллиметрлік теміржол желілеріне арналған. Қуатты кернеуі 750 вольт тұрақты токпен жұмыс істейтін контакт рельсінен алады. Вагондардың корпусы аустенитті тот баспайтын болаттан жасалған. Әр вагонның төбесінде екі кондиционер орнатылған. Салонда USB ұяшықтары, бейнебақылау жүйесі және ақпараттық дисплейлер бар.

BEML компаниясы мұндай 53 пойызды жеткізуге арналған келісімшартты 2023 жылғы тамызда жеңіп алған. Байқауда Alstom, CAF және Titagarh компанияларын басып озған.

2025 жылғы наурыз және желтоқсан айларында тағы 13 пойызға тапсырыс берілді. Осылайша сатып алынатын құрамдардың жалпы саны 66-ға жетті. Келісімшарттың жалпы құны 39,9 миллиард рупийді, яғни шамамен 425 миллион долларды құрайды. Бұл сомаға 15 жылдық техникалық қызмет көрсету де кіреді.

Пойыздар Бангалор қаласындағы BEML зауытында құрастырылады.