Магистральдық желі дирекциясы бойынша биыл қанатқақты режимде жүзеге асырылған жобалардың бірі – пайдалану сенімділігі жоғары В50 маркалы темірбетон шпалдардың төселуі. Бұл жоба шпалдарды механикаландырылған ауыстыруға арналған «Geismar» кешенін пайдалана отырып, Павлодар облысының Шідерті-Екібастұз телімінде төселді. Темірбетон шпалдар «Бент фирмасы» және «INNOTRACK» ЖШС кәсіпорындарында B50 маркалы бетоннан жасалған.
«Шпалдар рельстерден түсетін салмақты қабылдау, балласт қабатына динамикалық әсерді өңдеу және беру, балластпен бірге көлденең және тік жазықтықтағы рельс шпалдарының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданылады. Қазіргі уақытта темірбетонды негіз – әлемнің көптеген елдерінде шпалдардың ең сенімді түрі болып саналады және бірқатар пайдалану қасиеттерімен бағалы. Мәселен, темірбетон шпалдары шірімейді, үлкен қысым кернеулеріне төтеп береді, жоғары беріктікке ие, яғни ағаш шпалдардың қызмет ету мерзімі 15-20 жылды құраса, темірбетонды түрі 50 жылға шыдас береді», – дейді Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің директоры Марат Жүнісов.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желісінде В50 бетон маркалы темірбетон шпалдарын пайдаланудың тағы бір артықшылығы – ол 27 тоннаға дейін осьтік жүктемесі бар құрамдарды қабылдауға қауқарлы және пойыз дардың қозғалыс жылдамдығын 200 км/сағ дейін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ, шпалдың қызмет мерзімі елу жыл шамасын құрайды екен. Пилоттық режимдегі жобаны жүзеге асыруға Екібастұз жол дистанциясына қарасты Шідерті – Бозшакөл аралығы тақ жолдың 258 шақырымы таңдалуы да бекер емес. Өйткені, бұл жүктемесі аса жоғары учаске болып табылады.
«Сынақтың басты шарты – В50 маркалы темірбетон шпалын қоршаған ортаның темпера- турасы +45-тен -45 градусқа дейінгі жағдайда магистральдық теміржолға ағымдық күтім жасай отырып, пайдалану. Сынақ мерзімі – он екі айды, яғни 2022 жылдың қараша айына дейінгі уақыт аралығын қамтымақ», – деді бөлімше басшысы.