Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның теміржол саласы ауқымды өзгерістерді бастан өткерді. Жаңа магистральдар салынып, отандық өндіріс орындары ашылды, халықаралық көлік дәліздері дамыды. Бұл жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттырып, ұлттық экономиканың дамуына тың серпін берді.

АҚСУ – ДЕГЕЛЕҢ  

Тәуелсіздік жылдарында салынған тұңғыш магистраль. Ұзындығы 187 шақырымдық жол Семей аймағын Павлодар өңірімен төте жол арқылы байланыстырып, Павлодар – Семей – Алматы бағытына қатынайтын жолаушы пойыздарының жолда жүру уақытын 6 сағатқа қысқартты. Құрылыстың басталу рәсімі 1998 жылы Павлодар қаласынан 50 шақырым жердегі Ермак-Пассажирский бекетінде өтті. Жол 2001 жылы 19 маусымда ашылды.

ХРОМТАУ – АЛТЫНСАРИН  

Республиканың көлік-тасымал мүмкіндіктерін дамытуда стратегиялық маңызды жоба. Ұзындығы 402 шақырымға созылып жатқан магистраль құрылысы 2001 жылы басталды. Жаңа желі өз өнімдерімізді сыртқы нарыққа ең қысқа жолмен жеткізуге мүмкіндік берді. Құрылыс кезінде 12 млн текше метрге жуық жол төселіп, 147 су құбыр желісі мен пойыздарды бір жолдан екіншісіне бағыттайтын 51 бұрма салынды. 2004 жылы 30 қарашада Хромтау – Алтынсарин теміржол желісі бойымен жүк тиелген алғашқы пойыздар жолға шықты.  

ШАР – ӨСКЕМЕН  

Қазақстанның теміржол саласындағы басым бағытқа ие жобаларының бірі. Оның құрылысы тұңғыш рет концессиялық негізде 2005 жылы басталды. Жалпы ұзындығы 151 шақырымдық шойын жол өңірдің ғана емес, Қазақстан үшін маңызы жоғары еді. Жаңа теміржол желісін салтанатты түрде пайдалануға беру рәсімі 2008 жылдың желтоқсан айында Шалабай станциясында өтті. Бұл магистраль ұлттық теміржол желілерін бір-бірімен тоғыстырып, тасымал қашықтығын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.  

«ӨЗЕН – ТҮРКІМЕНСТАНМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА» ЖОБАСЫ  

Парсы шығанағына тура жол салған желі. 2007 жылы 16 қазанда Тегеранда Қазақстан, Түркіменстан, Иран президенттері «Өзен – Горган теміржол желісін салу» туралы декларацияға қол қойды. 2009 жылы құрылысты бастауға пәрмен берілді. Трансшекаралық магистраль ұзындығы – 938 шақырым. Оның 146 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Желінің қазақстандық телімі ресми түрде 2011 жылы желтоқсанда пайдалануға беріліп, алғашқы пойыз жолға шықты. 2013 жылы Қазақстан мен Түркіменстан президенттері екі ел арасына тікелей қатынайтын Болашақ шекара өткелі (ҚР) – Серхетяка (Түркіменстан) рейсін ашты.  

ЖЕТІГЕН – ҚОРҒАС

Қытайға ашылған «қақпа». 290 шақырымдық желі құрылысы 2009 жылы басталды. Бұл жол Қытаймен арадағы көршілік қарым-қатынасты нығайтатын екінші сауда-экономикалық байланыс трассасы деп бағаланды. Желі ҚХР мен Қазақстанның оңтүстік аймақтары және Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 2012 жылы жаңа желісі пайдалануға берілді.  

ЖЕЗҚАЗҒАН – БЕЙНЕУ, АРҚАЛЫҚ – ШҰБАРКӨЛ  

Транзиттік және экспорттық әлеуетімізді арттырған жобалар. Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстан аумағы арқылы ауқымды теміржол магистралін салу туралы идея Президенттің 2006 жылдың 11 сәуіріндегі «Қазақстан Республикасының көліктік стратегиясы туралы» Жарлығында көрініс тапты. 2012 жылы шілдеде жалпыұлттық телекөпір барысында жаңа темір жолдар құрылысын бастау рәсімі өтті.  

БОРЖАҚТЫ – ЕРСАЙ

Небәрі 14 км шағын жол – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» даму бағдарламасына кіретін негізгі бағыттардың бірі. Магистраль құрылысы 2014 жылы басталды. Телім заманауи микропроцессорлық жүйемен қамтамасыз етілді. Желі Құрық портын магистральдық теміржол желісімен байланыстырып, Транскаспий бағытын біздің еліміз арқылы өтетін Кавказ және Оңтүстік Еуропа нарығына қарай ұзартты.  

АЛМАТЫ – ШУ ЕКІНШІ ЖОЛДАР ҚҰРЫЛЫСЫ  

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2015 жылдың сәуірінде аталған бағыт бойынша екінші жолдың құрылысы басталды. Алматы қаласының агломерациясын дамытуда үлкен рөл атқаратын жаңа теміржол учаскесі жобасы қозғалысты ұйымдастыру саласына инженерлік өзгерістер енгізді, тасымал көлемін үш есе арттырды. 1500-ге жуық жұмыс орны ашылып, 110 шақырымнан астам жол салынады.

ЛОКОМОТИВ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫ  

2009 жылдың шілдесінде «Қазақстанның жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» негізінде «Локомотив құрастыру зауыты АҚ» құрылды. Бұл еліміздің ауыр машина жасау тарихының жаңа парағын ашқан жоба. Қазақстанда құрастырылған тұңғыш магистральдық Evolution-ТЭ33А сериясындағы бесінші буындағы жүк тепловоздары зауыт конвейерінен 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап шығарыла бастады.  

ЭЛЕКТРОВОЗ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫ  

Қазақстандағы заманауи машина жасау кәсіпорындарының бірі. Зауыт тарихы 2010 жылы қазан айында – «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен француздың «Alstom» компаниясы және ресейлік «Трансмашхолдинг» ЖАҚ арасындағы электровоз жасау жөніндегі келісімінен бастау алады. Ал 2012 жылы зауыттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Онда шығарылатын KZ8 A электровоздары техникалық сипаттамасы жағынан әлемдегі ең қуатты локомотивтердің бірі болып табылады.  

ҚАЗАҚСТАН ВАГОН ҚҰРАСТЫРУ КОМПАНИЯСЫ  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бастамасы бойынша 2008 жылы «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» АҚ құрылды. 2009-2011 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде, Екібастұздағы вагон жөндеу депосы базасында жартылай вагондар мен 25 тоннаға дейін жүк көтере алатын арбасы бар ашық вагондар өндірісі ұйымдастырылды. Жоба бойынша кәсіпорынның жылдық қуаты 2500 жүк вагонын шығаруға жеткілікті.  

«ТҰЛПАР-ТАЛЬГО» ВАГОНДАРЫ

2011 жылы елордада «Тұлпар-Тальго» жүрдек жолаушы вагондарын шығаратын зауыт «ҚТЖ» АҚ мен испандық Patentes Talgo S.L.U. компаниясының ынтымақтастығы арқасында бой көтерді. Өндірістің мақсаты – отандық нарықты жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстандық өнімді ТМД мен алыс шетелдерге экспортқа шығару. Бұл вагондар пайдалану қабілетін жоймай, 40 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Бүгін Қазақстан жолаушылар вагондарын шығаруда швейцариялық Stadler компаниясымен бірге жұмыс істеуде.  

БАҒЫТТАМАЛЫ БҰРМАЛАР МЕН ДӨҢГЕЛЕК ЖҰПТАРЫ ӨНДІРІСІ  

Импорттың орнын өз өнімдеріміз басты. 2012 жылдан бастап Екібастұздағы «Проммашкомплект» зауыты пойыздарды бір жолдан екіншісіне ауыстыратын бағыттамалы бұрмалар мен дөңгелек жұптарын жасауды қолға алды. Зауыт өнімдері қазіргі заманғы сапа және қауіпсіздік талаптарына толық жауап береді. Кәсіпорын Германия, Италия, Швейцария, Жапония мен өзге де озық елдерде шығарылған ең заманауи қондырғылармен жабдықталған.  

АҚТӨБЕ РЕЛЬС-АРҚАЛЫҚ ЗАУЫТЫ  

Зауыт 2014 жылы жалпыхалықтық телекөпір барысында іске қосылды. Бұл да Қазақстан экономикасы үшін қайталанбас рөл атқаратын маңызды жобалардың бірі. Зауыттың қуаты жылына 200 мың тонна рельс пен 230 мың тонна сұрыптама өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс барысында заманауи технологиялар қолданылса, рельс жасау стандарттары Еуропалық одақ талаптарына толық жауап береді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ – КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХОЛДИНГ  

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2011 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жерүсті, теңіз және әуе көлігі түрлерінің сервистік қызметтерін біріктіру міндеті жүктеліп, ол көлік-логистикалық оператор ретінде айқындалды. Осыған байланысты компания көліктің барлық түрлерін қамтитын логистикалық және тасымалдау компанияларын, терминалдық және магистральдық инфрақұрылымды біріктіретін көпдеңгейлі, тігінен интеграцияланған көлік-логистикалық холдинг болып қайта құрылды.  

«ҚОРҒАС» ХШЫО ЖӘНЕ ҚҰРҒАҚ ПОРТ  

2011 жылы Қытаймен шекаралас аумақта, Алтынкөл станциясына жақын жерде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Аталған аймақта Батыс Қытайдан Ресейге, Еуропа және Орталық Азия елдеріне бағытталған жүк ағындары шоғырландырылады. Сол жылы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына берілді.  

СОҢҒЫ БУЫН ДИЗЕЛЬДІ ҚОЗҒАЛТҚЫШТАР  

2012 жылы теміржол, тау-кен өндіру және көлік жабдықтарын өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі GE Transportation «ТрансМашДизель» компаниясымен және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен Астана қаласында дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауыт салу жөніндегі меморандумға қол қойды. 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстанның елордасында General Electric технологиясы бойынша дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауыт іске қосылды.