Республика күні қарсаңында еліміздің екі өңірінде – Маңғыстау және Жамбыл облыстарындағы қайта жаңғыртудан өткен Маңғыстау және Тараз теміржол вокзалдары пайдалануға беріліп, жолаушыларға есіктерін айқара ашты. Жаңа келбетке ие болған нысандар құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.
Мұнайлы өлкедегі жаңа вокзалдың ашылу рәсіміне ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай, теміржол мекемелерінің басшылары мен ардагерлері, ауданның билік өкілдері де қатысты. Олар маңғыстаулықтарды қос мерекемен құттықтап, осындай заманауи вокзалдың құрылысын жүргізіп, елге уақытылы табыстауға атсалысқан азаматтарға алғыстарын айтты.
Бұдан кейін жиылған жұрт жаңа нысанның ішін аралады. Қайта құру барысында толығымен жаңартылған ғимаратта жолаушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Үш жер үсті және бір техникалық қабаттан тұратын нысанның бірінші қабатында скрининг алаңы, фойе, кассалар, күту залы, кофехана және багажды сақтау бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта қосымша күту аймағы, ана мен бала бөлмелері, жолаушылардың ұзақ демалу бөлмелері, сондай-ақ сауда орындары жабдықталған. Үшінші қабат әкімшілік және қызметтік үй-жайларға арналған. Интерьер заманауи жанбайтын және тозуға төзімді материалдардан жасалған.
Ғимаратта аймақтың тарихын, мәдени құндылықтарын және негізгі көрікті жерлерін бейнелейтін қабырға рельефі орналасқан. Нысанда мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың қажеттіліктері де ескеріліп, олар үшін лифтілер, эскалаторлар мен траволаторлар орнатылған, тактильді навигация және арнайы уақытша демалыс бөлмесі де қарастырылған.
Вокзал заманауи желдету, бейнебақылау, кіруді бақылау және өрт дабылы жүйелерімен, сондай-ақ тексеру жабдықтарымен жабдықталған. Күту залдарында ақпараттық тақталар мен жайлы креслолар орнатылған.
Тәулігіне 2,5 мыңға жуық жолаушыны өткізуге арналған бұл нысанда адам көп кезінде 4,5 мың жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда еліміздің оннан астам өңірі және Өзбекстанмен байланыстыратын 16 жолаушылар пойызы өтеді. Жалпы Маңғыстау вокзалы аумағы реконструкциялаудан соң 11 еседен астам ұлғайып, бұрынғы 763,7 шаршы метрден 8 899 шаршы метрге дейін жетті.

Осыдан 70 жыл бұрын салынған Тараз теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейін салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, теміржол бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалы директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Азизхан Қалыбаевтың айтуынша, модернизациядан кейінгі вокзалдың жалпы ауданы 2421 шаршы метрге дейін кеңейтілген. Ғимараттың сыртқы қасбеті мен шатыры, жылу және жарықтандыру жүйелері толық жаңартылған.
– Қасбетті безендіру кезінде травертин пайдаланылып, жертөле қазақстандық өндірістегі гранит плиткасымен қапталды. Сондай-ақ отандық өндірістің энергия үнемдейтін екі қабатты жылы тірек-ригель жүйесі негізінде жасалған жаңа терезелер мен алюминий витраждар орнатылған. Ғимараттың ішкі қабырғалары жанбайтын материалдарды қолдана отырып безендірілді. Дыбыс өткізбейтін тірек төбелері орнатылып, төзімді еден жабындары қолданылған, – дейді Азизхан Қалыбаев.
Вокзал ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы аналарға бөлек жағдай қарастырылған. Балғындар үшін арнайы ойын алаңы да бар. Ең бастысы, бұрын болмаған екінші қабатқа көтерілетін жеделсаты мен экскалатор іске қосылған. Жалпы Тараз вокзалы бірінші санатқа жатады. Тараз станциясы арқылы еларалық және Ресей Федерациясының қалаларымен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 36 жолаушылар пойызы өтеді. Ал жолаушылар ағыны тәулігіне екі жарым мың адамды құрайды. Іші-сырты толық жаңартылған ғимараттан бөлек, вокзалдың перронына да жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Жамбыл