Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарымен танысып, құрылыс қарқынының баяулығына сын айтты. Ол мердігер компанияға жұмысшылар санын бірнеше есеге арттырып, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды, – деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қазіргі уақытта вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Нысанға алпыс жұмысшы мен сегіз бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Екі ауысыммен жұмыс ұйымдастырылған. Ғимараттың қасбетін қаптау, витраждық әйнектерді орнату, ішкі әрлеу, эскалаторлар мен перронды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Семей вокзалын реконструкциялау өткен жылдың шілде айында басталған. Жоба аясында ғимарат толық жаңартылып, аумағы кеңейтіледі.

Айта кетейік, Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл Белағаш, Ауыл, Шар, Үшбиік, Жарма, Дегелең және Жалаңашкөл станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді. Ал Аягөз бен Ақтоғай вокзалдарында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.