Биылғы жылы Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Соның ішінде елді мекендердегі теміржол өткелдері де алғашқы кезекте назарға алынған болатын.
Бұл орайда жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, бірқатар ілкімді іс-шаралар нәтижелі түрде орындалуда.
Осыған дейін көктемгі комиссиялық тексеру барысында Семей қаласындағы 37 теміржол өткелінің техникалық жай-күйіне сараптама жүргізіліп, кемшіліктер анықталған болатын. Тексеру барысында бірқатар өткелдердегі асфальт-бетон жамылғысының тозғаны, өткел төсемдерінің бүлінгені және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі нақтыланған еді. Бұл жайт тіпті өткелдердегі жүк пойыздарының қауіпсіз қозғалысына да кері әсерін тигізеді. Осы орайда қалалық әкімдікпен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігі туындаған еді.
Осылайша, Семей қаласы бойынша теміржол өткелдерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Әуелгі кезекте шаһар ішіндегі өткелдердегі автокөлік ағыны аса мол үш учаске бойынша қарқынды іс жүргізілді. Себебі бұл өткелдердің шұрық-тесігі көп, жай-күйі сын көтермейтін.
Оған дейін қалалық әкімдікте арнайы үйлестіру кеңесінің жұмысы өтіп, атқарылар шаралар қатары пысықталды. Оның барысында теміржолшылар пікірі де ескерілді. Осылайша, жол қозғалысын ұйымдастыруда заманауи тәсілдерді енгізу жеке бағыт ретінде белгіленді. Оның ішінде жаңа үлгідегі жол таңбаларын, яғни теміржол өткелдеріне металл төсемдер төсеу де қарастырылды. Жөнделетін өткелдердің барлығы жергілікті әкімдіктің теңгерімінде.
Осылайша, шамалы уақыт ішінде қайта жаңғыртылған өткелдер автокөлік қозғалысын реттеп, жүргізушілердің ризашылығына кенелді. Жаңадан салынған металл төсемдер бірінші кезекте сапа мен қауіпсіздікті арттыруда.
Жуырда Жаңа-Семей станциясы аумағындағы Титов көшесіндегі теміржол өткелінің бетон төсемін ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оған байланысты аталған учаскеде автокөлік қозғалысы уақытша шектелді.
Семей магистральдық желі бөлімшесінің қозғалыс қауіпсіздігі бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, мәселе тек көлік қозғалысымен шектелмейді. Теміржол өткелдеріндегі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де алаңдатып отыр. Биылғы жылы екі қайғылы оқиға орын алды. Бұл жағдайлар теміржол маңындағы қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп отыр. Атап айтсақ, қала орталығындағы аса қауіпті орындардың бірі – Орталық базар мен педагогикалық колледж маңы. Бүгінгі таңда жобалаушылармен және мердігер ұйымдармен бірлесіп, зерделеу және зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, осы аумақтан жерасты өткелі немесе жерүсті жолын салу бойынша алдын ала жобалар әзірленіп жатыр.
Семейлік теміржолшылар қауымы үшін басты мақсат – теміржол өткелдерінің техникалық жай-күйін нормативтік талаптарға толықтай сай ету. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуда мұндай шаралардың берері мол. Яғни бұл жұмыстардың барлығы алдағы уақытта Семей магистральдық желі бөлімшесінің қадағалауында қала бермек.