Отандық өнімге қолдау бар

Инфрақұрылым
25.10.2019, 09:39
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Елдегі ірі ұлттық компаниялар қатарында 130 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық өнім өндірушілерді көп жылдан бері қолдап келеді. Оның жарқын көрінісіне қыркүйек айында өткен Қазақстан машина жасаушыларының жетінші форумында тағы бір көз жеткіздік. Бұл жолы ұлттық компания «Asia Trafo» ЖШС және «ҚазТЭЦ» ЖШС-мен күштік тартқыш трансформаторлар мен рельстік баяулатқыштарды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарға отырды.

Маңызды құжатқа қол қою «Самұрық-Қазына» АҚ-ның импорталмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Атап өтерлігі, бұған дейін әлауқат қорының басқарма төрағасы қазақстандық өнім өндірушілерге басымдық беруді ескере отырып, машина жасау өнімдері бойынша стратегияны өзектілендіруге тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Қор компаниялары алдына ағымдағы жылы Қазақстанда кемінде 10 жаңа өндіріс құру жөнінде үлкен міндет қойылды және олар бойынша офф-тейк-шарттар жасалатын болады. Міне, осы міндетті орындауға ҚТЖ бірінші болып кірісті.

«Ұлттық әл-ауқат қоры импорталмастыру бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен тікелей келісімшартқа отыру үшін жағдай жасап отыр. Бірінші кезекте, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазақстандық машина жасау кәсіпорындарына қолдау білдіріп отыр, олармен ұзақмерзімді шарт жасасуға әзір. Импорталмастыру бағдарламасы аясында Қазақстан темір жолында жобалық кеңсе құрылды, онда барлық әлеуетті жеткізушілер өз өндірісін ұсына алады. Осы алаңда біз апта сайын өндіріске қатысты ұсыныстарды талқылап, қордың келісімін алғаннан кейін оларды жаңа өндіріс жобаларының қатарына қосамыз. Және де осы шешімдер негізінде өнім өндірушілермен офф-тейк-шарттар жасаймыз», – деп аталған форумда ақпарат бөліскен болатын «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Айдын Оразханов.

Қазіргі кезде ұлттық компания отандық тауар өндірушілермен 1 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасау бойынша ішкі корпоративтік процедураларды аяқтады. Олардың қатарында трансформаторлық жабдықты өндіруші ірі кәсіпорын «Asia Trafo» ЖШС-мен 25 000 киловатқа арналған күштік тартымдық трансформаторларды жеткізу бойынша, сондай-ақ «КазТЭЦ» ЖШС-мен рельстік баяулатқыштарды сатып алу бойынша қол қойылған келісімшарттар бар.

Сондай-ақ, қазір электродтар жеткізуге «Электрод СК» ЖШС-мен және ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «ӘТЖК» АҚ үшін «Корпорация Связь» ЖШС-нен радиостанциялар сатып алу бойынша келісімшарт жасау мәселесі талқылану үстінде екен.

Айдын Оразхановтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясы Қордың орталық жобалық кеңесімен бірлесе Жаңа өндірістерді құру және қолданыстағыларын жаңғыртуға жәрдемдесу бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жол жұмыстары үшін шағын механикаландыру құралдарын сатып алу бойынша «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Механизация 1520» ЖШС кәсіпорындармен, ал «ZHERSU POWER» ЖШС-мен ВЛ-80 электровоздары мен ЧМЭ сериялы тепловоздар үшін аккумуляторлық батареялар және «Трансполимер» ЖШС-мен беріктілігі жоғары оқшаулағыш қаптамалар сатып алу бойынша жобалар қарастырылып жатқан көрінеді.

«Импорталмастыру бойынша бағдарлама аясында ҚТЖ-ның жылжымалы құрамдары үшін «Тыныс» АҚ мен «Семей машина жасау зауыты» АҚ компаниялары вагон пружиналары мен үйкеліс сыналары өндірісін игеруге дайын. Ал магистральдық желі инфрақұрылымдарының қажеттіліктері үшін «КазТЭЦ» ЖШС КТСМ аппаратурасының өндірісіне машықтанса, «МОЛ и К» кәсіпорны теміржол өтпелеріне арналған темірбетонды плиталарды шығару ісін меңгерді» деп атап өтті ҚТЖ өкілі.

Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізі бойынша транзиттің ұлғаюына байланысты қауіпсіздік талабы күшейіп отыр. Бұл мәселені шешуге қазақстандық кәсіпорындар да көмекке келіп жатыр екен. Мәселен, «Киров атындағы зауыт» АҚ әзірлеген «КОНВОЙП» күзет дабыл беру жүйесі бүгінде халықаралық бағдардағы транзитті пойыздарда сынақтан өтуде. Бұл жүйе контейнерлік пойыздардағы жүктердің сақталымын қамтамасыз етуге арналғанын айтады теміржолдың күзет қызметінің өкілдері.

ҚТЖ қазақстандық машина жасаушыларды қолдауды жалғастыра береді. 2020-2022 жылдар аралығында Ұлттық компанияның отандық тауар өндірушілерден жалпы сомасы 531 миллиардтан астам теңгені құрайтын қаржыға 391 локомотив, 300 вагон сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық орталығының бас менеджері Аян Кәрібжанов, 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі Жол картасы шеңберінде жүк вагондарының жаңа түрлерімен паркті жаңарту жоспарланып отырғанын жеткізді. – Біз Қазақстанда жаңадан өндіріс ашып жатқан

отандық тауар өндірушілерді off-take-шарттарымен қамтамасыз ететін импорталмастыру бағдарламасын әзірледік. Оff-take-шарт дегеніміз – бұл кәсіпорындарға енді ғана шығарғалы жатқан тауарларын сатып алуға кепілдік беретін арнайы келісім түрі. Неліктен мұндай келісім керек дейтін болсақ, көп жағдайда бизнес өндірісті бастауға дайын, бірақ ірі кәсіпорындардан тапсырыс болмай қала ма деп күдіктенеді. Ал біз импорталмастыру бағдарламасы арқылы отандық кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, off-take-шарттарын жасасуға мүмкіндік береміз, – дейді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Теміржан Әбдірахманов.

Осылайша, импорталмастыру бағдарламасы Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірісті құруға бизнесті ынталандырып отыр, ал бұл өз кезегінде импортты қысқартып, сәйкесінше инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етуге ықпал етпек. Импорталмастыру бағдарламасына ілігу аса қиын емес екен.

– Бағдарламаға қатысу үдерісі автоматтандырылғандықтан өте қарапайым. Оған қатысуға өтінішті электрондық нұсқада жіберуге болады. Іріктеу критерийлері де түсінікті: бірегей кәсіпорын болуы керек, яғни олардың өндірісі Қазақстанда бұрын-соңды болмауы тиіс, жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар кәсіпорын бізге ғана емес, сыртқы нарыққа да бағдарлануы тиіс. Біз бизнеспен барлық бастамаларды нақты талқылауға дайынбыз. Ол үшін әр бейсенбі сайын біз өз өндірісін ашуға бастамашылық ететін кәсіпкерлерді «импортты алмастыру сағатына» жинаймыз. Көптеген қызықты ұсыныстар бар. Мысалы, жақында біз бағдарламаға мұнай-газ кәсіпорындары сатып алатын консоль сорғылары өндірісін енгіздік. Семей қаласында ұйымдастырылған вагон баяулатқыштары бойынша да жақсы жоба бар, – дейді «Самұрық-Қазына Контракт» өкілі Теміржан Әбдірахманов. 

Жаңалықтар
21.04.2026
Қазақстан мен Ауғанстан теміржол саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруда
Әлемде
21.04.2026
БАӘ мен Иордания Қызыл теңізге шығатын жаңа теміржол дәлізін салады
Әлеумет
21.04.2026
Теміржол паркінің 90%-ы ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға бейімделді
Аймақтар
21.04.2026
Маңғыстауда жол табаны сауықтырылуда
Аймақтар
21.04.2026
Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі
ҚТЖ келбеті
21.04.2026
Оңтүстіктен – Солтүстікке: ұлы көшке үлес
Жаңалықтар / Мұрағат
21.04.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №30 21 сәуір 2026 жыл
Аймақтар / Инфрақұрылым
20.04.2026
Түркістан мен Сексеуіл арасындағы теміржол нысандары тексерілді
Жаңалықтар
20.04.2026
«Нұрлы жол» вокзалында қоғамдық тәртіпті бұзған азамат 5 тәулікке қамалды
Аймақтар
20.04.2026
Ақтөбе станциясында аса қауіпті инфекцияға қарсы оқу-жаттығу өтті
Аймақтар
20.04.2026
Кеңседен магистральға дейін: Қызылордалық теміржолшылар айналаны көгалдандыруда
Әлемде
20.04.2026
Alstom компаниясы NJ Transit үшін алғашқы Multilevel III екі қабатты моторлы вагонын жеткізді
Әлеумет
18.04.2026
Әлеуметтік қолдау: теміржолшылар үшін қолжетімді баспана бағдарламасы басталды
Жаңалықтар / Инфографика
17.04.2026
Алтынкөл – Жетіген учаскесін жаңғырту: өткізу қабілетінің өсуі және цифрлық басқару
Әлемде
17.04.2026
Қытай экспресс-жүк пойыздарының санын арттыруда
Жүк тасымалы
17.04.2026
15 жылда Алашаңқай арқылы 53 мың пойыз өткен
Жаңалықтар
17.04.2026
ҚТЖ және Astana IT University цифрландыру және жаңа буын кадрларын даярлау саласындағы әріптестікті нығайтуда
Трансформация
17.04.2026
Оқу орнынан – өндіріске
Аймақтар
17.04.2026
Межелі жұмыстар атқарылуда
Аймақтар
17.04.2026
Жамбылда теміржолшы-энергетиктерге арналған демалыс аллеясы ашылды