Биыл мың шақырымнан астам жол түрлі жөндеуден өтеді

Сұхбат
22.02.2022, 10:51
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

  «ҚТЖ» ҰК» АҚ пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын жол шаруашылығының инфрақұрылымдарын жақсартуға басымдық беріп, жыл сайын жұмыс көлемін арттырып келеді. Біз бүгін Магистральдық желі дирекциясына қарасты Жол және құрылыстар департаменті тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстар, цифрлық жобалар, тағысын тағы мәселелер төңірегінде департамент директоры Ербол Сәулебековті әңгімеге тарттық.

– Ербол Тәңірбекұлы, теміржолдардың техникалық жағдайының жақсы не жаман екенін әдетте балдық бағалаудан білуге болады. Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша көрсеткіш қай деңгейде болды?

– Иә, дұрыс айтасыз, балдық бағам – жол күтімінің көрсеткіші. Егер 2021 жылдың 12 айындағы жұмыс қорытындысына келсек, жолдың орташа балдық бағамы 68 бірлікті құрап, яғни «жақсы» деп бағаланды. Жоспар бойынша 75 балл шамасы межеленген болатын, бірақ жолшылардың ерен еңбегі нәтижесінде балдық баға жоспары 110% орындалды. Еліміздегі 47 жол дистанциясының 72% немесе 34 мекемесі жылды «жақсы», ал қалған 13 дистанция «қанағаттанарлық» бағаларымен қорытындылады. Жолдың ағымдық күтіміне қатысты жоспарлы-алдын алу жұмыстары 2021 жылдың жоспарына сәйкес толық көлемде орындалды. Жыл сайын жолдарды жақсы техникалық жағдайда ұстау үшін және жолдың үстіңгі қабатындағы ақаулы материалдарды ауыстырып, жаңарту үшін пайдалану бюджетінен 7-8 млрд теңге жұмсалады. Компания басшылығының теміржолдардың күтімін жасауға, қалыпты жағдайда ұстауға мүдделі болып отыр. Мәселен, өткен жылы 150 мың астам ағаш шпал, 4500 жуық ағаш брусьтер, 830 астам бағыттауыш өнімдері, 2000 астам рельс төсемелері, 513 жиынтық бағыттауыш бұрмалары сатып алынды. Соның 26 жиынтық бұрмасы жаңа құрылыс учаскелеріне бөлінді. Қазір біз жолдың ағымдық күтіміне қажетті үстіңгі құрылым материалдарын дер кезінде алу үшін тауарларды жеткізудің ұзақмерзімді шарттарын жасау бойынша процедуралар жүргізіп жатырмыз.

– Биыл жолды сауықтыру жұмысының көлемі көбейді ме? Күрделі жөндеу көлемі ше? Осы жылдың жұмыс жоспарымен бөліссеңіз...

– Үстіміздегі жылы жолды сауықтыру жұмыстары жалғасады. Жалпы жөндеудің барлық түрімен 1053,3 км жолды сауықтыру жоспарланып отыр. Яғни, 2021 жыл көлемінен 24 шақырымға артық. Соның ішінде, биыл 551 км жол күрделі, 70 км күшейтілген орташа жөндеу, ал 62,1 км жол орташа жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек, 75,2 км жолға СМД машинасын пайдалана отырып, рельс тірегін және 164,5 км жолдың рельс табанын жаңасымен тұтастай алмастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 86,4 шақырым жолдың ескі жарамды рельс бунақтарын, 44 шақырым жолдың рельстерін ескі жарамды түрлерімен алмастыру көзделуде.

– Естуімше, былтыр шаруашылық тәсілмен станциялық жолдар ұзартылыпты. Олар қай учаскелерде жүргізілді?

– Достық – Мойынты – Жезқазған – Илецк және Алтынкөл – Шу – Арыс – Қызылорда – Қандыағаш – Илецк контейнерлік пойыздарының жүру бағыты бойынша учаскелердің өткізу қабілетін арттыру шеңберінде 20 разъезд, Керкелмес және Боройнақ разъездеріне, сондай-ақ, Күншығыр станциясында станциялық жолдарды ұзартуға қатысты шаруашылық тәсілмен жұмыстар жүргізілді. Балқаш және Алтынкөл станцияларында екі станциялық жол пайдалануға берілді. 2021 жылы «Түйемонақ, Теректі станцияларының 60-разъездің автоматика, телемеханика және телекоммуникация станциялық құрылғыларын жаңғырту» және «№19 рзд – Достық аралығындағы екінші жол және №19 разъезде үш қабылдап-жөнелту жолының құрылысы» жобаларын іске асыру басталды. 

– Сөз орайы келгенде, жол дистанциялары қызметкерлерін ынталандыру бағытында қандай шаралар қарастырылған? 2021 жыл қорытындысы бойынша қандай мекемелер үздік деп танылды? 

– Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Достық, Атбасар, Сексеуіл жол дистанциялары үздік деп танылды. Компания қызметкерлерін ынталандыру барысында екі әдіс қолданылады: материалдық және моральдық әдістер. Мәселен, еңбек және өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу нәтижелері бойынша жол монтерлері мен жол бригадирлеріне еңбекке қатысу коэффициентіне байланысты ай сайын жалақысына 20% үстемеақы төленеді, сондай-ақ тоқсан сайын өндірістік көрсеткіштерді орындау нәтижелері бойынша алғашқы 10 орын алған жол дистанциясы ұжымына тоқсандық сыйлықақы төленеді. Тағы бір атап өтерлігі, 2021 жылы желілік деңгейдегі қызметкерлердің жалақысы 21%-ға өсті. Сонымен қатар мерекелік күндерге жол дистанциясының қызметкерлері құрмет грамоталарымен, төсбелгілермен, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қол жеткізген нәтижелері мен жол және құрылыстарды сапалы ұстағаны үшін ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мәселен, былтыр жол шаруашылығының 440 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. 

– Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – қай шаруашылыққа болсын жүктелетін басты мәселе. Осы бағытта атқарылған шаруалар легі қандай? 

– Өткен жылдың он екі айында біздің департамент бойынша пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін бұзған 56 оқиға тіркелді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 оқиғаға кеміді. Осы арада, бұзушылықтың басым бөлігін, мал-жанның пойызға басылуы және жол-көлік оқиғасы құрап отыр. Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау үшін былтыр біраз шаруа жүргізілді. Айталық, малдың жолға шығып кетпеуі үшін 1005 шақырым жол бойына қоршау орнатылып, 560,5 км бойындағы қоршаулар жөнделді. Халық арасында 1500 жуық жиналыс өткізіліп, оның барысында малды бағу, малды теміржолдан өткізу ережелері таныстырылып, жадынамалар таратылды. Сонымен қатар еліміз бойынша 43 мыңнан астам адамды қамтыған жиындар өтіп, адамдардың пойызға басылып қалуының алдын алған әңгімелер жүргізілді, құқыққорғаушы органдармен бірлескен 664 рейд ұйымдастырылып, оның барысында 25 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, өткелдерде жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін 1500 астам рейд жасалды, 400 жуық ереже бұзушылық анықталды, 130 мыңға жуық жүргізуші ережемен танысты.

– Ербол Тәңірбекұлы, сұхбатымыздың соңында жол шаруашылығына енгізіліп жатқан цифрлық трансформация жобалары жайлы айтып берсеңіз, жолшылар жұмысын жеңілдетіп жатқан қандай жаңа технологиялар бар?

– 2021 жылы рельстерді қайта төсеу үшін 2 бірлік өздігінен жүретін машина сатып алынды. Бүгінгі таңда мұндай машиналардың 4 бірлігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясында қолданылып жүр, олардың көмегімен 2020 жылы Алтынкөл жол дистанциясында 128 км мөлшерінде рельс бунағы ауыстырылды. Қазіргі уақытта жол шаруашылығында Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясымен бірлесіп ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, рельс бунақтарын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесінің жобасы. Бұл жоба бунақтарды бәсеңдету және сәйкестікке келтіру бойынша уақытылы шаралар қабылдауға, сондай-ақ қалыптастыру сатысында техникалық құжаттаманы жүргізуге мүмкіндік береді. Дирекция алға тартқан мәлімет бойынша, бүгінде жобаның дайындығы 80 пайызды құрап отыр. Пилоттық жоба наурыз айына жоспарланған. Жоба бойынша, түйіспесіз жолдың бунақтарын аралыққа дейін және блок-учаскеге дейін ұзарту, бағыттамалы бұрмалардың металл бөліктерін балқыту (айқастырмаларды балқыту) әдісімен қалпына келтіру; сондай-ақ, рельс бунақтарындағы ақаулы жерлердің санын азайту үшін алюминотермиттік дәнекерлеуді қолдану қарастырылған.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жаңалықтар
12.03.2026
Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа техника табысталды
Жаңалықтар
12.03.2026
Жолаушылар үшін жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылып жатыр – Тоқаев
Жолаушылар тасымалы
12.03.2026
ҚТЖ төтенше ауа райы жағдайында пойыздардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуде
Жолаушылар тасымалы
12.03.2026
ҚТЖ тас жолдардың жабылуына байланысты 390 жолаушыны пойызбен жеткізді
Әлемде
12.03.2026
Дрондар теміржол жұмысын өзгертуде
Әлемде
11.03.2026
Әлемдегі ең жүйрік CR450 пойызы 453 км/сағ жылдамдықты еңсерді
Аймақтар
11.03.2026
Жамбылда теміржолшы арулар марапатталды
Жаңалықтар
11.03.2026
Елімізде теміржол вокзалдарын модернизациялау жұмыстары жалғасуда
ҚТЖ келбеті
11.03.2026
Атыраулық теміржолшы «Құрмет» орденімен марапатталды
Аймақтар
11.03.2026
Жамбыл филиалының еңбекқор арулары
Жаңалықтар
11.03.2026
Теміржол алпауыттары Сочиде бас қосты
Аймақтар
11.03.2026
Қызылордалық теміржолшылар нәзік жандарға құрмет көрсетті
Инфрақұрылым
11.03.2026
Қызылжар – Сексеуіл учаскесін жаңғырту қарқыны кестеден озып тұр
Жаңалықтар
11.03.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту талқыланды
Жаңалықтар
10.03.2026
ҚТЖ: су тасқынына дайындық ерекше бақылауда
Жаңалықтар
10.03.2026
ТХКБ бойынша тасымал көлемі соңғы 7 жылда 5 есе өсті
Инфрақұрылым
10.03.2026
Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңғырту
Жүк тасымалы
10.03.2026
Қазақстан мен Ресей арасындағы контейнерлік тасымал 5 жылда 8,3 млн тоннаға дейін өскен
Әлемде
10.03.2026
Түркия алғашқы жүрдек электр пойызын сынақтан өткізбек
ҚТЖ келбеті
09.03.2026
Еңбегі берекелі билет кассирі