Бірегей жобалар жүзеге асырылды

Сұхбат
29.07.2022, 15:18
Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші

Ел экономикасының күретамыры деп темір жолды бекер айтпаса керек. Тәуелсіз Қазақ елінің даму драйверіне айналған, соңғы отызжылдықта өсіп-өркендеуіне негіз болған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына биыл – 25 жыл. Көрші мемлекеттер арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, транзиттік әлеуетін еселеп арттырумен қатар, осы жылдар ішінде ішкі темір жол желілерін де дамытқан ұлттық компания ширек ғасыр ішінде талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Батыс аймақтық филиалының бастығы Бөріхан Беркімбаевпен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.

– Бөріхан Сматуллаұлы, отыз алты жыл темір жол саласында еңбек етіп келеді екенсіз. ҚТЖ болып құрылған 25 жылда алпауыт компания неге қол жеткізді?  

– Алмағайып заманда «Тәуелсіздік» деген теңдесіз құндылыққа қол жеткізген еліміз осыдан отыз жыл бұрын мүлдем жаңа арнаға бет бұрды. Жас мемлекет бәрін нөлден бастады деуге болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін бұрын одақтың қатынас жолдар министрлігіне қараған темір жолдар жұмысы белгілі қиындықтармен бетпе-бет келді. Ортақ байланыс үзіліп, жабдықтау жойылғасын тез тоза бастады. Жүк тасымалы күрт азайып, пайдасынан шығыны көбейген отандық теміржол көлігін үлкен реформа күтіп тұрды. 1997 жылы елдегі үш теміржол басқармалары біріктіріліп, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Бір орталықтан басқарылып, нарықтық қатынастарға сай қайта құрылып, жүк тасымалы жұмыстары бір ізге қойылды. Транзиттік тасымалды тиімді қалыптастыру үшін жаңа бағыттар ашылып, ірі құрылыстар қарқынды жүре бастады. Соның ішінде ерекше екпін беріп айтатын бірегей жобалар, осы ширек ғасырда Қазақстан темір жолы 2000 км асатын теміржол салды. Олардың қай-қайсысын алмаңыз, ішкі және сыртқы байланыс үшін өте маңызды, бірегей жобалар еді. Бір ғана «Хромтау-Алтынсарин» темір жолының батыс өңірінің дамуына орасан зор мүмкіндік ашқан жоба болғаны талас тудырмайды. Жалпы, 25 жылда ҚТЖ қол жеткізген жетістіктер аз емес, темір жолда тек бірегей жобалар жүзеге асырылды.  

– Осы жылдар ішінде Ақтөбе өңірінің даму қарқынын қалай бағалар едіңіз?  

– Жалпы соңғы ширек ғасырда батыс өңірінде құрылыс қарқыны жоғары болды. Ең алдымен географиялық тұрған жері де транзитке лайық, логистикаға ыңғайлы. «Хромтау-Алтынсарин», «Өзен-Түркіменстан», «Жезқазған-Бейнеу», «Құрық-Баутино» және Маңғыстауда жаңа порт салынды. Өңірдің транзиттік әлеуеті еселеп өсті. Бір ғана Ақтөбе бөлімшесінде 370 шақырымға жуық темір жол салынып, 16 жаңа станция мен разъезд ашылды. «Ғасыр құрылысы» аталған «Хромтау – Алтынсарин» темір жолы елдің шығысын батыспен, орталық аймақтарды оңтүстігімен біріктірді және шығыстан жүк жеткізу ұзақтығын 2 мың шақырымға, ал жолаушылар ағынын 1,5 мың километрге қысқартты. Егер бұрын 2,5 мың км жол жүріп, Ақтөбеден Астанаға дейін Ресеймен шекараны төрт рет кесіп өтетін болсаң, жаңа желі салынғаннан кейін Ресей аумағын кесіп өтпей, 24 сағатта жететін болдық. Жолдың салынуы жергілікті халықтың әл-ауқатының өсуіне үлкен әсер етті. Жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, әлеуметтік-мәдени нысандары мен тиісті темір жол инфрақұрылымы бар 7 станция ашылып, жергілікті халық теміржолшы мамандығын игеруге кірісті. Бұл жол жүк тасымалы саласында да кірісті молайтты. Ішкі кәсіпорындар бұрын мемлекетаралық тарифпен төлеп келсе, жаңа жол республикалық тарифті қолдануға мүмкіндік ашты. Нәтижесінде тасымалданатын жүк көлемі артып, темір жолға да пайда, аймақ дамуына да пайда. Мысалы, бүгінде баяғы Әйтеке би мен қазіргі Әйтеке би станциясын салыстыруға да келмейді. Жол ашылғанда жергілікті халықтың қуанғаны әлі күнге көз алдымда. Қысқасы, Хромтау-Алтынсарин Ақтөбенің бағын ашқан жоба болды.  

– Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты да ТМД-да баламасы жоқ жоба деп дәріптеледі емес пе?  

– Бүкіл Қазақстанды шиырлап жатқан темір жолы бар ел үшін рельс пен шпалдың өзімізде өндірілуі маңызды. ҚТЖ-ның тағы бір бірегей жобасы – осы Ақтөбе рельс-арқалық зауытының салынуы. Қазір өз алдына жеке кәсіпорын, отандық теміржол сұранысынан бөлек әлемнің ондаған елдерімен әріптестік байланыс орнатып, өнімін экспортқа жөнелтіп отыр. Бұрын рельсті Ресейден, Украинадан алып келдік. Өзімізде зауыт салынуы үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Жол салу, жаңарту жұмыстарында материал тапшылығын жойды. Стандарт Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес келеді.  

– «Қытай-Еуропа-Қытай» дәлізінің де аймақтың әлеуетін арттыруға үлесі зор болса керек?  

– Әрине, Қытай мен Еуропа арасындағы байланыс осыған дейін теңіз арқылы ұйымдастырылып келді. Тауар 1,5 айдың ішінде жеткізілетін. Ал темір жол арқылы жүк 15 күнде жетеді. Бүгінде барлық елмен темір жол байланысымыз бар. Осыған дейін Түркіменстанмен Өзбекстан арқылы байланыс жасап келсек, бүгінде оған да темір жол ашылды. Атырауда да көптеген жаңа жобалар жүзеге асып, станция, деполар салынды. Соның ішінде Ақжайық станциясын ерекше айтқан жөн. Қала өсе келе бұл станция қала ортасында қалып қойды. Мұнай-газ өндіретін зауыттарға вагон беру кезінде 3-4 өткелден өтеді. Автокөлік жолына кедергі келтіретін. Қазір станция қала сыртына көшірілді. Өткелдердегі кедергі жойылды. Вагон беру-алу жұмыстары жеңілдеді. Бұл – өте ауқымды жұмыс.  

– Жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісі де Ақтөбе және Маңғыстау арқылы өтеді.  

– Қазақстанның 4 облысы – Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда арқылы салынған «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы республикаішілік көлік-экономикалық қатынастарды ұлғайтып, елдің экспорттық байланысын ұтымды етуге, сондай-ақ транзиттік ағындардың өту жағдайларын оңтайландыруға арналған. Тасымалдау қашықтығының қысқарғанын ескере отырып, бұл Орталық, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстанның республикадағы көлік-экономикалық байланыстарына және экспорттық трафикке оң әсерін тигізген ғаламат жоба болды.  

– Трансформациялау жобасының тиімділігі неде?  

– 2020 жылдың қазан айында Ақтөбе қаласында «Пойыздар қозғалысын басқару» орталығы іске қосылды. Оған Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда шекарасында орналасқан инфрақұрылымы бар теміржол учаскелері кірді. Барлық пойыз және локомотив диспетчерлері осы орталықта орналасып, қозғалыс бір жерден басқарылады. Тасымалдау қызметін басқару технологиясының осылай оңтайландырылуы локомотив паркін пайдалану сапасының көрсеткіштерін өсіріп, соның ішінде локомотивтердің орташа тәуліктік жүрісін жақсартуға, локомотив бригадаларын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде пойыздардың маршруттық жылдамдығын жақсартуға әсер етті. ҚТЖ үшін аса маңызды Трансформациялау жобасының тиімділігін айқындайтын көрсеткіш осы дер едім.  

– Сұхбатыңызға рақмет, 25 жылдық мерейтой барша теміржолшыларға құтты болсын!

Жолаушылар тасымалы
27.02.2026
Жолаушы пойызға үлгермей қалған жағдайда не істеу керек?
Цифрландыру
27.02.2026
Теміржолдағы технологиялық серпіліс
Жаңалықтар
27.02.2026
Апаттың алдын алғандар
Спорт
27.02.2026
Шаңғы жолындағы жарыс
Жаңалықтар
27.02.2026
Колледж бен жұмыс берушілер бас қосты
Жаңалықтар / Мұрағат
27.02.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №15 27 ақпан 2026 жыл
Жаңалықтар
26.02.2026
Ақтөбе теміржолшылары Мемлекеттік кеңесші мен жұртшылықтың қатысуымен конституциялық реформаны талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» жаңа Конституциясының жобасын талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
Алматыда III Халықаралық ESE ASIA-2026 көлік форумы өтеді
Станция тынысы
26.02.2026
Атырау станциясының тыныс-тіршілігі
Станция тынысы
26.02.2026
Жіңішкенің жүктемесі жоғары
Инфрақұрылым
26.02.2026
Маңызды инфрақұрылымдық жобалар сөз болды
Аймақтар
25.02.2026
Атырау станциясының үздік маманы зейнет демалысына шықты
Әлеумет
25.02.2026
Рамазан – мейірім айы
Жаңалықтар
25.02.2026
ӘТЖК-да Конституцияны талқылау
Жаңалықтар
25.02.2026
Қазақстан теміржол өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттайды
Әлемде
25.02.2026
Қытайда Көктем мерекесі кезінде 2,8 миллиард адам тасымалданған
Әлемде
25.02.2026
Қытайдан Тәжікстанға алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты
Әлеумет
24.02.2026
Ел болашағы туралы диалог
Қауіпсіздік
24.02.2026
Машинистер соқтығысудың алдын алды