Маңғыстау темір жолы: кеше және бүгін

Аймақтар
02.06.2026, 09:20
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстау темір жолының тарихы тереңде. Түбектен мұнайдың мол қоры табылып, қара алтын атқылаған өткен ғасырдың 60-жылдары жер асты қазынасын игеру мақсатында тартылған темір жол ұшқан құстың қанаты талатын құла дүзге жан бітіріп, табиғаты қатал өңірге жаңа өмір сыйлады. Бүгінде төрт құбыласы толысып, нағыз кемелденген шаққа қадам басқан Маңғыстау теміржолы алпыс жылдан астам уақыт ішінде қаншама ұлы өзгерісті бастан кешті...

Алпысыншы жылдардың алғашқы жартысында Мақаттан Ақтауға дейін 704 шақырымдық жол тартылып, әрі қарай Ақтаудан Өзенге дейін жалғасқан жол 1966 жылы тұрақты пайдалануға беріледі. Мақаттан Өзенге дейінгі жол 883 шақырымға жетіп, түбекке жан-жақтан қоныстанған халық көбейіп, қазіргі Ақтау қаласы көркейіп, Өзен мен Жетібай, Шетпе, Бейнеу сынды аудан орталықтары мен елдімекендер бой көтерген.  

Мақат–Ақтау теміржолы қолданысқа берілгеннен кейін 1967 жылдың басында Атырау теміржол бөлімшесіне қарасты Маңғышлақ бөлімі құрылған. Арғы жағы Түрксіб жолының тармағынан бастау алып, берісі Атырау атырабынан Үстірттің үстімен Маңғыстаудың қара ойына құлаған теміржол аз жылда түбекке жан бітіріп, жылдам дами бастады.  

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдар Маңғышлақ теміржолы үшін де қиын-қыстау, түрлі сынаққа толы кез болды. Бұрынғы одақтас республикалар арасындағы байланыстың үзіліп, теміржол шаруашылығындағы қалыпты ырғақ бұзылып, ауытқи бастаған кез болғандықтан жүк тасымалы екі-үш есеге дейін кеміп кетті. Сондай шешуші сәттерде Маңғышлақ теміржолын басқарған басшылардың алдында үлкен міндет тұрды. Сол күндердің куәгерлерінің, ардагерлердің айтуынша, бұл – тығырықтан жол тауып күнелту, жол бойындағы теміржол кәсіпорындарын ыдыратпай сақтап қалу, тәжірибелі кадрлардан айырылып қалмау міндеті бірінші кезекке қойылған. Сол жылдары темір жолды жөндеуден өткізу үшін ескі-жарамды материалдарды пайдаланып, жоқтан бар жасау тәжірибесі жаппай енгізіле бастады. Бұрынғыдай орталықтан қамтамасыз ету тоқтаған соң бұл да тығырықтан шығудың бір жолы еді. Теміржолшылар қосымша жүк іздестіріп, тасымал жұмыстарын ұйымдастырып, темір жолдағы қозғалыс ырғағын бір күн де тоқтатпады.  

1997 жылы бұрынғы Алматы, Тың және Батыс теміржол басқармалары біріктіріліп, «Қазақстан темір жолы» РМК құрылуымен жағдай бірте-бірте оңалды. Нарықтың экономика заңдылықтары игеріліп, кәсіпорындар қарыздан құтылып, пайдаға жұмыс істей бастады. Бірақ жағдай әлі де күрделі еді...  

2007 жылы түбек теміржолында тарихи өзгеріс орын алды. Маңғыстау теміржол бөлімшесі – НОД-14 құрылды. Бұл түбек темір жолының қырық жылдан астам тарихындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңі еді. Жаңа бөлімше болып өз алдына отау құрған мекемеде теміржол телімінің өткізу қабілетін арттыру, жаңа техникаларды енгізу және соның негізінде жұмыс технологиясын жетілдіру, тасымалданатын жүктер мен жылжымалы құрамның сақталуын, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру бағыттарына көбірек күш салу қажет болды. Сол жылдары темір жолда қызмет еткен білікті мамандардың тәжірибесі енді ғана құрылған бөлімшенің іргесін бекемдеуге жұмсалды. Әлеуметтік мәселеге көңіл бөлу жағы да ұмыт қалмады. Бөлімше ашылғаннан кейін республикадағы ірі төрт жоба: Бейнеу – Сексеуіл, Ералы – Құрық, Маңғышлақ – Баутино, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара теміржол желілерін тарту жобалары жүзеге асты. Бұлардың төртеуі де Маңғыстау теміржолы арқылы жүргізілгеннен кейін өңірдің экономикалық-индустриалдық дамуына орасан зор мүмкіндіктер ашқаны айтпаса да белгілі.  

Жаңа бөлімше бастапқы кезде Оазис станциясы арқылы Өзбекстан теміржолымен, Болашақ станциясы арқылы Түркіменстанмен, 468 бекет Атырау жол бөлімшесімен, бір жағы Ақтау порты арқылы Баку, Махачкалаға баратын теңіз жолымен шектессе, қазір Құрық порты ашылып, жүк тасымалдау мүмкіндігі тағы да молая түсті.

Енді осы аталған нысандарға тоқтала кетсек, 2013 жылы Түркіменстанмен шектесетін Болашақ станциясы ашылып, көрші елмен арадағы теміржол қатынасының тұсауы кесілді. Болашақ – Серхетяка – Парсы шығанағы елдеріне шығатын трансұлттық теміржол дәлізінің Қазақстан, Түркіменстан, Иран және әрі қарай жүк ағындарының теңізге шығу жолы пайда болды. Құрылыс жұмысы 2009 жылы басталған бұл жобада қазақстандық темір жолдың ұзындығы 146 км құрады. Осы аралықта 7 жаңа станция, 68 жасанды ғимарат, 4 көпір салынды. Бүгінде Болашақ станциясы арқылы әрі-бері өтіп жатқан жүк тасқыны жоғары, жылдан жылға артып келеді.  

2014 жылы мың шақырымға жуық Бейнеу – Жезқазған теміржол желісі салынып, іске қосылды. Жезқазған – Сексеуіл – Шалқар – Бейнеу арасында теміржол арқылы байланыс көпірін арнатқан бұл жоба екі жылға жуық уақыт ішінде салынды. Бейнеу – Шалқар телімінің ұзындығы 498 шақырым. Оның Маңғыстау бөлімшесіне қарайтын бөлігі Бейнеу – Тассай аралығы. Бұл жолдың қолданысқа берілуі Арқаның астығын, тау-кен өнімдерін Ақтау арқылы Еуропа, Парсы шығанағы елдеріне шығаруға зор мүмкіндік берді. Жол бойындағы ірілі-ұсақты елдімекендердегі әлеуметтік жағдайға оң ықпал етіп, өңірдің экономикасына зор серпіліс жасады.  

Түбек теміржолының тынысын кеңітіп, құлашын кеңге жаюына мүмкіндік беретін тағы бір маңызды жоба Құрық портының ашылуы болды. Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Құрық порты географиялық тұрғыда қолайлы ауа-райын қамтамасыз ететін шығанақта тұр. Порт автомобильдер мен теміржол паромдарын жыл бойына қабылдай алады. 2016 жылы Құрық порты іске қосылса, 2017 жылы порттың теміржол паромы терминалы алғашқы миллион тонна жүкті өткізді. Жалпы Құрық порты түбек теміржолының жүк тасымалын еселеп арттырып, Кавказ бен Еуропаға жол ашқан ғаламат жоба болғаны анық.  

Жыл өткен сайын Құрық портының тынысы кеңейіп, жаңа терминалдық қуаттары іске қосылуда. 2023 жылғы қыркүйек айының соңында Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының (КТТ) бас терминалында жүктің бірінші партиясы қабылданған еді. «Саржа» КТТ құрылысының жобасы бірнеше терминалдың (астық, жалпы және сұйық жүк, әмбебап) және көлік-логистикалық кешеннің құрылысын қамтиды. Жобаны іске асыру порттың мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік берді.  

2017 жылдан бастап Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалдау белсенді түрде жүзеге асырыла бастады. Содан бері бұл бағдар арқылы 15 млн тоннадан астам жүк тасымалданыпты. Қазірде аталған маршрутпен өткізу мүмкіндігі жылына 6 млн тоннаға дейін жетті. Мұндай нәтижеге жетуге кедендік рәсімдерді автоматтандыру да оң ықпал еткен. Бұрын бір пойызды рәсімдеуге үш сағат уақыт кетсе, енді ол бірнеше есеге қысқарып, жарты сағаттай ғана уақыт жұмсалады.  

Маңғыстау теміржолының тасымалында маңызды орын алатын Ақтау теңіз портын да айтпай кете алмаймыз. Ақтау портының тарихы әріде жатыр. 1969-1986 жылдары төрт мұнай құю айлағы мен паром кешені салынған. Сол кездері нысан арқылы өтетін тасымалдың басым көпшілігін мұнай тасымалы құраған – 80-жылдардың басында жылына 7 млн тоннаға дейін жетсе, құрғақ жүктер тасымалдау жылына небәрі 300 мың тоннадан аспаған. КСРО ыдыраған соң Ақтау теңіз порты Каспий бассейніндегі мемлекеттерді өзара байланыстыратын маңызды көлік торабына айналып, тәуелсіз Қазақстанның халық-шаруашылық кешенін дамытуда стратегиялық маңызға ие болған. 1999 жылы Ақтау теңіз порты толық қайта құрудан өтіп, бұл уақыт порт тарихында шешуші кезең болып есте қалған.

Бүгінде порт аумағы үлкейіп, мүмкіндіктері молайған. Паром кешенінің өткізу қабілеті 2 млн тоннаны құрайтын Ақтау портынан Баку порты арасында тұрақты паром қатынасы орнатылған. Теміржол паромдары мен Ро-Ро кемелері мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, астық және минералды тыңайтқыштарды 18-20 сағат ішінде 253 теңіз жолын еңсеріп тасымалдайды. Паромдарға 54 теміржол вагонын және 35 ауыр жүк автомобильдерін сыйғызуға болады.  

Ақтау порты бойынша биылғы төрт айда 44 кеме жүк тиеліп жіберілген. 143 мың тонна бидай тасымалданған. Ал Құрық портында 29 кеме жөнелтіліп, 101 мың тонна жүк шетел асқан. Ауа райының қолайсыздығына, 53 күн дауыл болуына қарамастан ауыстырып тиеу жұмыстары жалғасып, қорытындысы осылай жоғары деңгейді көрсеткен.  

ТХКБ маршруты бойынша контейнерлік кемелер көбейіп, аталған мерзімде осы бағытпен 85 кеме жүк жөнелтілген. 15 275 контейнер ауыстырып тиелген. Тек Құрық портынан 3218 вагон ауыстырып тиеліп, 253 мың тонна жүк тасымалданған. Портқа дейінгі станцияда ашылған жаңа терминалда да жұмыс жандана түскен. Бұл нысан арқылы өткен жүктер көлемі де өткен жылғыдан артып, он кеме жөнелтілген.  

Өткен жылдың жазында Маңғыстау теміржолының тарихында тағы бір елеулі оқиға орын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған контейнерлік хаб мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ («KTZ Express» АҚ еншілес компаниясы атынан) Ляньюньган портымен (Қытайдың ірі порттарының бірі) және «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ бірлесіп іске асырды.  

Жаңа хаб транзиттік мүмкіндіктердің өсуін қамтамасыз етеді және Қазақстанның Шығыс-Батыс, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік және басқа да халықаралық маршруттардағы маңызды буын ретіндегі позициясын нығайтады. Қазақстанда баламасы жоқ озық техноло гияларды қамтитын заманауи логистикалық инфрақұрылым контейнерлік жүктерді өңдеуді едәуір жеделдетеді.  

Түбек теміржолының тасымалын арттырып отырған тағы бір нысан – қайта ашылғанына көп бола қоймаған Бейнеу астық терминалы. Аталған кәсіпорын бір ғана сәуір айында 21 вагон жүк түсірген. Төрт вагон тиеп, экспортқа жөнелткен.  

Жалпы, теңіз порттары инфрақұрылымы нығайған үстіне нығайып жатыр, күн өткен сайын жаңа мүмкіндіктер қосылуда. Мәселен бүгінде Ақтау портында контейнерлік хабпен кемелер қозғалысын басқару жүйесін (КҚБЖ) құру, Құрық портында айлақ акваториясын тереңдету және №1 айлақты жаңғырту, сондай-ақ портта жол бойы сервистік инфрақұрылым құру жобалары аяқталған. Ал осы жылдың соңына дейін Ақтау порты акваториясын тереңдету және Құрық портындағы «Ерсай» терминалын, «Ерсай» контейнерлік терминалын салу, Құрық портындағы №2, 4 және 5 айлақтарды жаңғырту, буксирлер сатып алу, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізіп, оларды ТХКБ-ның бірыңғай цифрлық ортасына интеграциялау жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және Қазақстанның Транскаспий бағдары бойынша негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, соңғы бес жылда ТХКБ бойынша транзиттік тасымал көлемі үш есеге дейін артқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мың контейнерге дейін жетеді деп күтілуде.  

Міне, осының бәрі теміржол арқылы Өзбекстан, Түркіменстанмен, теңіз жолы арқылы Әзербайжанмен шектесетін халықаралық статусқа ие, Қазақстандағы бірден бір теңіз қақпасына ие Маңғыстау темір жолының орасан зор транзиттік әлеуетін айқындап, отандық көлік саласындағы зор рөлі мен маңызын көрсетеді. Қазақстанды ірі транзиттік хабқа айналдыру идеясын қолдаған Мемлекет басшысы мен көлік саласы басшыларының түбекке аударып отырған айрықша назары, қамқорлығының нәтижесінде қомақты инвестициялар тартылып, инновациялық жобалар енгізілуде.  

Бүгінде түбек теміржолының, яғни Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің негізгі жолдарының пайдалану ұзындығы 1080,7 шақырымға жетті. Оның ішінде 547,1 км ПЧ-12 Бейнеу, 533,6 км ПЧ-13 Маңғыстау жол дистанциясына тиесілі. Бағыттамалық бұрмалар 690 жиынтықты құрайды. Теміржол өткелдерінің саны да көбейіп, 60-қа жетті. Оның төртеуі күзетпелі өткел. Жүзден астам темірбетонды көпірлер, бес жүзге жуық темірбетонды құбырлар бар.  

Биыл бөлімше жолдарының біраз бөлігінде өткізу сапасы тағы да жақсарады деп күтілуде. Күйкен-Бекет2-Бекет3 аралығында 32,167 шақырым жол күрделі жөндеуден, станциялық жолдардың 16,984 шақырымы күшейтілген орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған. 16 бағыттамалық бұрма жаңасымен ауыстырылып, 56 шақырым малға қарсы қоршау салу, мың шақырымнан астам аумақтағы қоршауларды жөндеу межесі қойылған.  

Өткен төрт айда жүк айналымы жоспары толықтай орындалған. Жоспар 2 млн 558 мың тонна болатын болса, түбек теміржолшылары оны 2 млн 580 мың тоннаға жеткізген. Өткен айда күніне 105 вагон тиеу жоспары артығымен орындалып, пайыздық үлесі 127 пайызбен жабылған. Тәулігіне 267 вагон жүк түсірілген. Қалған көрсеткіштер де жүз пайыздың үстінде жүзеге асырылған. Бұл – тоғыз жолдың торабына айналған Маңғыстау темір жолының бүгіні. Ал ертеңгі дамуы болашақтың еншісінде.  

 

Аймақтар
02.06.2026
Маңғыстау темір жолы: кеше және бүгін
Жаңалықтар
02.06.2026
Бес миллионыншы жолаушыны «Нұрлы жол» вокзалында қарсы алды
Әлеумет
02.06.2026
Қызыққа толы күн
Жаңалықтар / Мұрағат
02.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №42 2 маусым 2026 жыл
Әлеумет
01.06.2026
ҚТЖ ұйымдастырған мерекеге 5000 бала қатысты
Әлеумет
01.06.2026
ҚТЖ Жетісу облысында 140 орындық жаңа балабақшаны ашты
Әлеумет
01.06.2026
Мерекелік сурет байқауы
Аймақтар
01.06.2026
«WorldSkills – 2026»: Тараздық студенттердің жетістігі
Әлеумет
01.06.2026
Балаларға базарлық
Инфрақұрылым
01.06.2026
«Бейнеу – Маңғыстау» жобасының іске асырылу барысы
Жолаушылар тасымалы
01.06.2026
ҚТЖ пойыздарының жолсеріктері балаларды мерекемен құттықтады
Әлеумет
31.05.2026
Армандар орындалады
Жолаушылар тасымалы
31.05.2026
ҚТЖ пойыздарымен 500 мыңнан астам бала тасымалданды
Әлеумет
30.05.2026
Көкшетау локомотив депосында жұмысшылардың еңбек және демалыс жағдайлары жақсарды
Жолаушылар тасымалы
30.05.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ багаж тасымалын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны сынақтан өткізіп жатыр
Жаңалықтар
30.05.2026
Теміржолшыларға алғашқы көмек көрсету дағдылары мен төтенше жағдайдағы әрекеттері үйретілді
Жаңалықтар
30.05.2026
ҚТЖ Балаларды қорғау күні қарсаңында қызметкерлерінің 100 дарынды балаларын қолдады (ФОТО)
Жаңалықтар
29.05.2026
ҚТЖ үздік рационализаторларды марапаттады
Жолаушылар тасымалы
29.05.2026
ҚТЖ жазғы маусымға үш қосымша қала маңы пойызын тағайындады
Жаңалықтар
29.05.2026
Көлік министрлігі Ақтау портының акваториясын тереңдету жобасын талқылады