Кәсіподаққа деген сенімді ақтау – басты міндет

Сұхбат
04.10.2022, 14:21
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі салаларының 100 мыңнан астам жұмысшылары мен қызметкерін біріктіретін үлкен күшке айналған беделді ұйым. Мерейтойға аталған ұйым қандай жетістіктерімен келіп отыр? Кәсіподақтың Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовпен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.

– Жұпарбек Абзалбекұлы, отызжылдық мерейтой құтты болсын! Әңгімемізді «кәсіподақ адамдар үшін бе, әлде адамдар кәсіподақ үшін керек пе?» деген сауалдан бастасақ...  

– Әрине, адамдар болмаса, кәсіподақ ұйымы болмас еді. Ал адамдардың құқықтары мен мүдделерінің заң шеңберінде қорғалып, әділ шешімін табу үшін әлбетте кәсіподақтың атқаратын рөлі зор. Сондықтан кәсіподақтың «өмір сүруі» үшін адамдар қаншалықты қажет болса, еңбеккерлер үшін кәсіподақтың да соншалықты қажеттігі дау тудырмаса керек. Яғни, кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшының арасында дәнекер қызметін атқарады. Біздің кәсіподақ үшін көлік саласының ең ірі құрылымы теміржолшы еңбеккерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бірінші орында.

– Соңғы жылдарда кәсіподақтың қатысуымен талай түйткілді мәселелер түйіні тарқатылып жатыр, бұл теміржолшылардың кәсіподаққа деген сенімі арта түскенін байқатса керек?  

– Әлбетте, кәсіподаққа мүше еңбеккерлердің сенімін ақтау – басты міндетіміз. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Біздің жұмысымызды бағалау үшін соңғы бір-екі жыл емес, тұтас отыз жылды алып қарау керек. Дегенмен, соңғы кезде теміржолшы халықтың еңбек дауларын кәсіподақ арқылы шешуге тырысуы біздің жұмысымызды ширата түскенін атап өтуіміз керек. 2021 жылы біз Ұлттық компания басшыларымен бірлесе отырып, бірнеше комиссия құрып, еліміздің барлық өңірін араладық. Ондағы мақсат, ел ішіндегі теміржолшылардың еңбек жағдайын, тұрмыстық ахуалын біліп, мұң-мұқтаждарын тыңдау болатын. Қарағанды өңірінде болғанымызда ондағы жүкті қабылдап-тапсырушылар зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқандарын, алайда, олардың жалақысына қосымша төлемақы жүргізілмей отырғанына шағымданды. Біз олардың шағымына орай арнайы комиссия құрдық. Ол комиссия жүкті қабылдап-тапсырушылардың жұмыс орындарына лаборатория шақыртып, қиындығын, зиянды жағдайын зерттеп, сараптама жасады. Нәтижесінде, зиянды еңбек жағдайы расталып, қосымша ақы төленетін болды. Бұл – Жаңаауылдан бастап соның аумағындағы төрт станцияның 49 еңбеккері. Ал Батыс аймақты аралағанымызда Ақтөбедегі Пойыздарды басқару орталығының (РЦУП) диспетчерлері де бізге осы мәселемен шықты. Олар бұрын диспетчерлерге зиянды жұмыс ретінде үстемақы төленіп келгенін, қазір бес бөлімшені қосып, орталықтандырылғанда бұл қосымша ақы алынып тасталғанына шағымданды. Бірақ, жұмыс көлемі сол баяғы, көбеймесе, азайған жоқ және еңбек жағдайы да сол күйі, өзгере қойған жоқ десті олар. Сол жерде менің ұсынысыммен Ақтөбедегі филиалдан комиссия құрып, еңбек жағдайын тексеретін лаборатория тауып, өз есебімізден аттестация өткізуге тапсырма берілді. Бұл процестер жүргізілді, нәтижесінде зиянды еңбек ретінде танылып, диспетчерлер жалақысына қосымша 12 пайыз төленетін болды және еңбек демалысына қосымша 6 күн қосылып беріледі. Мұндай жағдай Алматыда ұйымдастырылған РЦУП диспетчерлеріне де жасалып, олар да тиісті қосымша ақы мен демалыс күндерін алу құқығына ие болды. Қазір біз бұл мүмкіншіліктен осы жылдың аяғына дейін Астанада ұйымдастырылатын РЦУП диспетчерлерінің де құр қалмауына әрекет етіп жатырмыз. Сонымен қатар биыл көктемде мен Бейнеу станциясына барып, теміржолшылармен кездестім. Сонда жолшылар жаңа жол бойында 2014 жылы салынған модульдердегі төсек-орындардың сол уақыттан бері ауыстырылмай, жырым-жырым болып жыртылып біткенін айтып шағымданды.

Ал жаңа төсек-орындарды сатып алу үшін бюджетке кіргізіп, одан кейін тендер өткізу керек, бұл ұзаққа созылып кететін процесс еді. Сондықтан біз Кәсіподақтың орталық кеңес төрағасымен кеңесе отырып, төсек-орынды өз есебімізден, яғни кәсіподақ қаржысына сатып алып беруге шешім қабылдадық. Алматыға жақын Ақши елді мекенінде сапалы төсек-орын жиынтығын тігетін өндіріс орны бар екен, соған 80 жиынтыққа тапсырыс беріп, дайын болған соң Бейнеу жол дистанциясының қоймасына дейін жеткізіп бердік.  

– Жақында Қостанай облысында болған алапат өрттен зардап шеккендер қатарында теміржолшылар да бар. Осындай қиын-қыстау кезеңде сала еңбеккерлеріне кәсіподақ тарапынан қандай көмек беріліп, қолдау көрсетілді?  

– Жалпы биыл жыл басынан бергі 9 айда 94 адамға 24 млн теңге көлемінде материалдық көмек бердік. Кімдерге дейтін болсақ, біреудің өзі ауырады, екіншісінің баласы, әйелі дегендей. Қазір онкологиямен ауыратын адамдар көп. Сонымен қатар, көктемде үйін су шайып немесе өртеніп кеткен, аварияға түскен теміржолшыларға ақшалай материалдық көмек көрсетілді. Ал Қостанай облысындағы үлкен өртке келсек, қыркүйек айының 21-23 аралығында Аманқарағай станциясына өзім барып келдім. Оған дейін, дәлірек айтсақ, 13 қыркүйекте Орталық кеңестің атқару комитеті өңірдегі филиалдар, кәсіподақ комитеті жетекшілері қатысқан онлайн жиын өткіздік. Сол жиында Қостанай өңірінде өрттен зардап шеккен теміржолшыларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында қаражат жинауға шешім қабылданған болатын. Теміржолшылардың 25 отбасы осы өрттен зардап шекті, олардың арасында зейнеткерлер де бар. 11 отбасының үйі түгелімен жанып кеткен, қалғандарының қора-қопсысы, қоршаулары жанған. Содан сол жақтағы Құсмұрын, Тобыл, Есіл станцияларындағы кәсіподақ жетекшілері мен Қостанайдағы «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалының төрағасы бар, 7 адамнан тұратын комиссия құрып, Аманқарағай станциясына барып, зардап шеккен әрбір теміржолшының ахуалымен танысып қайттық. Келтіріліген зиян, яғни зардап шегу ахуалын 10 балдық шкаламен белгіледік. Дүние-мүлкі, үйі толық өртеніп кеткендерге 10 балл, қора-қопсысы өртенген жағдайда 3-4 балл, яғни шеккен зиянына қарай балдар қойылды. Бір жігіттің үйімен қоса көлігі жанып кетіпті, оған 10 балмен қатар тағы бір балл қостық. Әрине, көп ақша емес, 1 балдың құны 145 000 теңге болып шықты. Сонда ол жігітке 1 млн 595 мың теңге ақша қолына тиеді. Бұдан бөлек «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан 200 АЕК мөлшерінде көмек көрсетіліп отыр. Сонымен қатар оларға ел үкіметі тарапынан жаңа үйлер салынып жатыр. Қараша айына дейін беріледі.  

– Жұпарбек Абзалбекұлы, сөз соңында теміржолдағы еңбек жолыңыз, кәсіподақтағы қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.  

– Мен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туып өстім. Алматыдағы теміржол көлігі инженерлері институтын бітірдім. Еңбек жолымды жолшы болып Жаңаарқа ПМС-та бастадым. Әртүрлі қызметтерді атқардым. 1997 жылдың 1 қазанында кәсіподаққа келдім. Міне, бүгін осы кәсіподақ қызметінде жүргеніме ширек ғасыр болыпты. 2010 жылдан бері Орталық Кеңес төрағасының орынбасарымын, өндірістік мәселелер бойынша жауаптымын. Қызметім өзіме өте ұнайды, теміржолшылармен тікелей жұмыс істеймін. Әрине, қолымыздан келгенше, теміржолшылардың мәселелерін оңынан шешіп беруге тырысамыз.  

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Жаңалықтар
12.06.2026
Абай облысында қайта жаңартудан кейін Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары ашылды
Жүк тасымалы
12.06.2026
Астық және ұн экспорты 13%-ға өсті
Әлеумет
12.06.2026
ҚТЖ теміржолшылардың әлеуметтік пакетін жақсартты
Аймақтар
12.06.2026
Жамбыл теміржолында табыс та, тасымал да еселенді
Аймақтар
12.06.2026
Қырағы вагон қараушы апаттың алдын алды
Инфрақұрылым
12.06.2026
Күрделі жөндеуді межелеп қалды
Аймақтар
12.06.2026
Шымкентте теміржолшы өнертапқыштардың қатары артып келеді
Аймақтар
12.06.2026
Жаңа көшеге майдангер әрі теміржолшы Өтеубай Ордабайұлының есімі берілді
Спорт
12.06.2026
Ақтөбеде бильярдтан үздік теміржолшылар анықталуда
Жаңалықтар
12.06.2026
Талғат Алдыбергенов еңбек ұжымына үндеу жолдады
Жаңалықтар / Мұрағат
12.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №45 12 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
11.06.2026
Астанадағы C5+1 диалогында Транскаспий дәлізін дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
11.06.2026
«Теміржолсу» АҚ мыңнан астам теміржол инфрақұрылымы нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізді
Жаңалықтар
11.06.2026
Астана Халықаралық университетінің студенттері ҚТЖ жұмысымен танысты
ҚТЖ келбеті
11.06.2026
Семейлік инженер Мария Тұрсынова «Үздік рационализатор» атанды
Спорт
11.06.2026
Жолшылар мен машинистер арасындағы тартысты дода
Әлемде
11.06.2026
ЕО шекарааралық теміржол қатынасын жеңілдететін жаңа ережелер қабылдады
Жаңалықтар
10.06.2026
ҚТЖ теміржолшылардың балаларын марапаттады
Әлемде
10.06.2026
Түркия алғашқы жүрдек пойызын сынақтан өткізіп жатыр
Жаңалықтар
10.06.2026
Олжас Бектенов туристік бағыттар бойынша теміржол орындарының санын көбейтуді тапсырды