Ұжымдық шарт қосымша жеңілдікьермен толықты
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Үстіміздегі жылдың алғашқы күнінен бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен компанияның еңбек ұжымы арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт күшіне енді. Өткен жылдың соңында бұл маңызды құжатқа Ұлттық компанияның басқарма және «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағалары қол қойды. Компания теміржолшыларының ұсыныс-тілектері мен кәсіподақ қызметкерлерінің зерттеулерін негізге алған жаңа құжат қандай жаңалық-өзгерістермен ерекшеленетінін «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов әңгімелеп берді. - Жұпарбек Абзалбекұлы, жаңа ұжымдық келісімшарттың жасалу барысы әлемдік масштабқа ие болған коронавирус пандемиясының таралу кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл жағдай келісімшарттың талаптарын қайта қарауға немесе қандай да бір өзгерістер енгізуге ықпал етті ме? – Коронавирус пандемиясы Қазақстанға ғана емес, жалпы әлем елдеріне үлкен соққы болып тиді. Елімізде карантиндік жағдай жарияланып, шектеулердің қойылуымен өңірлерге шығып, аралау мүмкіндігінен айырылдық. Ұжымдық келісімшартты әзірлеу жұмыстарына маусым айында кірістік. Ел өңірлеріндегі желілерден біздің сұратуымызбен 150-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оның бәрін жұмыс тобы назарға алды. Жалпы Қазақстан теміржолының ұжымдық келісімшарты әлеуметтік әріптестік ұстанымдарды негізге алып құрылады, яғни құжатты әзірлеу барысында теміржолшылардың әділетті ұсыныс-тілектерімен қатар кәсіподақ өкілдері тарапынан жүргізілген зерттеулер де есепке алынды. Өйткені, бұл құжат теміржолшылар мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетудің кепілі болмақ. Жаңа келісімшартта жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін және құқығын қорғау, олардың және балаларының демалысы мен денсаулығын сауықтыруға қатысты бұрыннан қолданылып келе жатқан барлық кепілдіктер, бұрынғы нормалар сақталып қалды. Бұған қоса, қосымша нормалар қосылды. Оның бірі қашықтан жұмыс істеу мәселесіне қатысты болды. Бұдан бөлек көп жеңілдіктер енгізілді. Мәселен, жазатайым оқиғаларды, жарақаттануының алдын алу үшін жұмыс жүргізуге сайланған техникалық инспекторлар бар, солардың жұмысын жандандыру үшін қосымша оларға үш жұмыс күнге дейін еңбек демалысы, сосын мүгедек балалары бар қызметкерлерге балаларын медкомиссиядан өткізуге ақы төленетін екі күндік еңбек демалысы берілетін болды. Келесі бір жеңілдік, бұрын тек ата-анасы мен бауырлары қайтыс болса ғана демалыс берілсе, енді ата-әжесі мен немерелерінен айрылса да үш күн демалыс берілетін болады. – Жаңа келісімшарттың басқа қандай артықшылықтары бар, тағы қандай ұсыныстар енгізіліп, тармақтар қосылды? – Бұл келісімшартта қосымша жеңілдіктерді қарастыратын жаңа ұстанымдардың енгізілгені рас. Мәселен, қосымша төленетін еңбек демалыстарын беру, 2,3,4,5 класты станциялардың, сондай-ақ Жаңаарқа, Тобыл станцияларына қосымша Өскемен-1, Шұбаркөл станцияларының қызметкерлерін қызметтік көлікпен жұмыс орындарына және кері жеткізуге мүмкіншілік болмаған жағдайда оларға ай сайын 2 АЕК мөлшерінде төлем жүргізу қарастырылды. Өндірісте жазатайым оқиға нәтижесінде қайтыс болған, не болмаса еңбек ету қабілетін ішінара немесе толық жоғалтқан жұмыскерлердің балаларына жазғы сауықтыру демалыстарын ұйымдастыру нормасы енгізілді. Қызметкерлер жыл сайынғы еңбек демалыстарында теміржол көлігімен жол жүргенде транзиттік отырғызу 48 сағатқа дейін арттырылып, қызметкерге қамқорлығындағы адамсыз жол жүру жағдайындағы шығындарды өтеу құқығы қарастырылды. Сонымен қатар, ұжымдық келісімшарт шеңберінде станцияда, өткелде, басып озу пунктінде тұруға мүмкіндігі жоқ, жақын маңдағы елді мекенде тұратын жұмыскерлерге, ай сайынғы үстемеақы төлеу мәселесі реттелген. Отан қорғаушылар күніне орай компания қызметкерлеріне – Чернобыль АЭС апаты салдарларын жоюға қатысушыларға, жауынгер-интернационалистерге материалдық көмек төлемінің көлемі 20 АЕК дейін арттырылды. Сала қызметкерлері «ҚТЖ» ҰК» АҚ ең басты активтері болып табылады. Сондықтан еңбек жағдайын, ынталандыру жүйесін үнемі жетілдіріп отыру, оқытуды дамыту, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру – компанияның негізгі кадрлық саясатының міндеттері болып табылады. Жұмыстың ауырлығы, зияндылығына байланысты мамандықтар қатарына токарь мамандығы да қосылды. Бұған қоса бұрын мүгедектерге компания тарапынан машина берілетін және соны олар пайдаланып болғаннан кейін жарамсыз болып қалғанда утилизацияға тапсырып, соған анықтамалар әкелуге мәжбүр болатын. Бұл олардың жүріп-тұрысына, ауыл мен орталық арасында шығындануына әкелетін. Сол талап алынып тасталды. Бұдан былай оларға он жылға берілетін көлік, кейін де өздерінде қалатын болды. Жаңа ұжымдық келісімшартқа «Өзге оқшауланған құрылымдық бөлімше» деген термин енгізілді. ПЧ, ШЧ, ЭЧ сияқты мекемелер заңды тұлға да, филиал да емес, олар магистральдық желі бөлімшесінің құрылымдық бөлімшелері. Осы мекемелерде, бұрын келісім комиссиясына жүгіну үшін, қызметкерлер магистральдық желі бөлімшесіне барып жүре- тін. Ал аталған кейбір дистан- циялар бөлімшеден алыс басқа станцияда орналасуы мүмкін. Сондай жағдайда бұл тағы да жолға, іссапарды ұйымдастыруға шығындануға әкеледі. Сондықтан біз аталған жол, байланыс және белгі беру, электрмен жабдықтау дистанциялары мен басқа да мекемелердің өзінен комиссия ашуға жағдай жасадық. – Теміржолшылардың жалақысын көтеру бағытында қандай жұмыстар атқарылды? – Жыл басында компания мен кәсіподақ келісіп, «Самұрық Қазына» қорына, компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Кристиан Кунның атына теміржолшылардың жалақысын он пайызға көтеру туралы ұсыныспен хат жазды. Бұрын теміржол саласында айлық көлемі басқа салаларға қарағанда жоғары болатын, қазір тіпті қатардан қалып қойды. Хатта соны жазып қосымша қаражат сұралды. Директорлар кеңесі сөзімізге құлақ асып, қосымша қаражат бөлуге келісімін берді. Сөйтіп жыл басынан бастап сала мамандарының еңбекақысы 10% өсті. Компанияның жұмыскерлеріне еңбекақы төлеуге байланысты Қазақстан бойынша 9 кесте бар, олар әр өңірде әр түрлі. Соған қарай жалақысы да бөлек. Біз сауалнама жүргіздік. Оған 20 мыңдай адам қатысып, жауап берді. Сонда белгілі болғаны – 100 мың теңгеге дейін жалақы алатын адамның саны көп екен. Соның бәрін компанияға жеткізіп жатырмыз. Жоспарға қосып, жалақыны тағы қалай көбейтеміз деп ойланамыз. Пандемия кезінде іс-шаралар өткізілген жоқ, сондықтан кәсіподақ ақшасы маска, қолғап, санитайзер, т.б. сатып алуға арнадық. Өйткені балалар мен қызметкерлерді сауықтыру жұмыстары былтыр жүргізілмеді. Оларды сауықтыру орындарына жеткізіп, кейіннен алып қайту кәсіподақ қызметкерлерінің міндеті болатын. Мерекелерде іс-шаралардың да саны азайды. Бұдан аздаған үнемге қол жеткіздік. Басқа кәсіподақ ұйымдарының бөлген көмегін есептемегенде, тек Орталық Кеңестің комиссиясы арқылы 20 млн теңгеден астам материалдық көмек жасадық. Су басып қалған, үйлері өртенген, ауырғандарға және тағы да басқа жағдайларға байланысты қарап көмектесеміз. Жалпы Ұжымдық келісім-шарттағы барлық нормалар Қазақстан бойынша АЕК көрсеткішінің өзгеруіне қарай өзгеріп отырады. Жыл сайын өсетін айлық көрсеткіш мөлшеріне қарай шарттағы төлемдер де автоматты түрде көбейеді. Біз қашан да басымдықты еңбек адамының жағдайын жасауға береміз. Зейнеткерлер де әлеуметтік жағынан қорғалған. Жалпы біздің басты қызметіміз мүгедектердің, көп балалы және жалғызбасты аналардың, жұмыскерлердің мүдделерін қорғауға бағытталып отыр.