ҚТЖ толық көлемде ЖЭО мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етеді
Оқуға 2 мин
2021 жылдың 9 айында компания 76,6 млн тонна қатты отын тиеді. Өткен жылдың ұқсас көрсеткішіне қарағанда тиеу 4% немесе 3,2 млн тоннаға өсті. Жоспардан 1,4 млн тонна артық тиелді. Бұл туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз орталығында онлайн-брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Қазақстанның ішкі тұтынушылары үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ 53,5 млн тонна көмір тиеді, оның ішінде Қазақстанның негізгі ЖЭО-ға – 47,4 млн тонна, халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін – 6,1 млн тонна. Ауа райының жылы болуына байланысты Қазақстанның оңтүстік өңірлері көмір жеткізуге енді өтінімдер бере бастағандығын атай кеткен жөн. Еліміздің солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық көлемде қамтамасыз етілген.
2021 жылдың қыркүйек айында «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісі бойынша жалпы көмір тиеу жоспары 101,7% орындалды және 8,8 млн тоннаны құрады. Өткен жылмен салыстырғанда тиеу 315,1 мың тоннаға, немесе жоспарға 103,7% өскені байқалады.
Елдің ішкі тұтынушылары үшін қыркүйекте 6,1 млн тонна тиелді (105,4% өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес). Жоспардан тыс 437,4 мың тонна қатты отын тиелді.
Өткен айда Қазақстанның ЖЭО-ларға 5 млн тонна тиелсе, бұл жоспардан 113% жоғары. 2021 жылғы 5 қазандағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО көмірдің нормативтік қорымен қамтамасыз етілген.
Қыркүйек айында халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін көмір тиеу 1,1 миллион тоннаны құрады.
ТМД елдеріне қыркүйек айында 2,7 млн тонна қатты отын тиелді, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен жоғары.