Төтенше апаттан жан сауғалап жеткен Жылыой халқын маңғыстаулықтар құшақ жая қарсы алды.

 

Атырау облысы Жылыой ауданында туындаған  табиғи апат аумағынан Бейнеу ауданына 6 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

 

Теміржолшылар мен еріктілер көмек көрсету үшін "Ақсалим", "Теміржол" демалыс үйі мен   "ҚазАвтоЖол" мекемесін уақытша  паналау  орталығына айналдырып, алдын ала даярлады. Олар көшіп келгендерге жылы орын беріп,  ас-су ұсынды.

 

"Біз, теміржолшылар мен еріктілер жылқы сойып, қазан көтеріп, ас-су әзірледік.  Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге жылы орын жасақтадық. Бейнеуге 6500-ден астам адам келді", - деді Бейнеу айналым департаментінің машинисі Арал Батыр.

 

Бейнеу ауданына эвакуацияланғандардың жалпы саны 6500-ден астам адамды құрады.