Темір жол нысандары таныстырылды

Жаңалықтар
20.05.2016, 10:12
Үстіміздегі жылдың 2-ші шілдесінде Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы барысына арналған «Жаңа индустрияландыру: Екінші бесжылдық. Индустрияландыру және экономикалық өсу» тақырыбында жалпыұлттық телекөпір өтіп, «онлайн» режимінде 10 жаңа нысан пайдалануға берілді. Солардың қатарында «ҚТЖ» ҰК» АҚ жобалары – Маңғыстау өңіріндегі «Боржақты – Ерсай» темір жолы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Астана қаласындағы көліктік-логистикалық орталығы болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Ақтау Теңіз порты» АЭА-да 3 құрғақ жүк терминалы құрылысының аяқталғандығынан хабардар болды. Жалпыұлттық телекөпірді бастан-аяқ Елбасының өзі жүргізіп отырды. –Біз бүгін өтіп отырған дәстүрлі телекөпір барысында, бірінші бесжылдықта индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға есеп береміз. Бұл осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын сарапқа салып, бақылауға алған 10-шы мәжіліс. Біз биылдан бастап индустрияландырудың екінші бесжылдығын жарияладық. Біз бүгін күн тәртібінде келесі мәселелерді қарайтын боламыз. Бірінші, индустрияландырудың екінші бесжылдығы мәселелері. Біз сондай-ақ, таяуда іске қосылған «Нұрлы жол» бағдарламасын, оның шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды, бағдарламада қаралған бағыттарға қатысты жасалып жатқан қадамдарды талқылайтын боламыз. Астанадан басталған бүкіл тапсырма ел аймақтарында толық жүзеге асырылуы тиіс. Баршаңыз білесіздер, мен бұл бағдарламаға айрықша мән беріп отырмын. Дағдарысқа қарсы даму жайын да сөз ететін боламыз. Ең бастысы, ел экономикасының өрлеу қарқынын төмендетпеуіміз керек, – деп маңызды шараны ашқан Елбасы бірінші сөз кезегін ҚР вице-премьер, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовке берді. Өте күрделі жағдайда бірінші бесжылдықтың индустриялдандыру бағдарламасы аяқталып, жаңасы басталып отыр деген Әсет Исекешов, мұнай бағасының түсіп кетуі, жақын көршілеріміз Қытай мен Ресей экономикаларының құлдырауы, біздің өнеркәсіп нарығына, тұтастай ел экономикасына кері ықпалын тигізіп отырғанын жеткізді.  «Сіздің тапсырмаңыз бойынша, осы жылдың басында отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын және орта-шағын бизнесті қолдауға қатысты шаралар жоспары түзіліп, қабылданды. Индустрияландыру картасы бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Арнайы экономикалық аймақтарға шетелдік инвесторлар тартылып, онда қарастырылған жобаларға қатысты жұмыстар табысты іске асырылуда», – деді  Әсет Исекешов. Жалпыұлттық телекөпір барысында, «онлайн» режимінде 10 жаңа нысан пайдалануға берілген болса, соның екеуі темір жол саласына қатысты, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жобалары болатын. Еске сала кетсек, өткен жылдың 1 қазанында Мемлекет басшысы «Боржақты – Ерсай» темір жол желісі құрылысын бастауға рұқсат берген болатын.  Ұзындығы 13,9 шақырымды құрайтын желі Каспийдегі теңіз көлік операцияларын қолдауда маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Ол қолданыстағы Маңғышлақ – Өзен  магистралымен жанасып, әрі қарай қуатты паромдық кешен бой көтеріп жатқан Каспий теңізі жағасындағы  Құрық портына қарай кетеді. Келешекте, жаңа келбетке енген Құрық Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру бойынша мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық міндеттерін шешуді толық қамтамасыз ететін болады. Осы ретте, Құрық порты аумағында кемежасау, кемежөндеу зауыттарымен қатар металлқұрылымы кәсіпорыны, мұнайқұю терминалы, технопарк, теңіз операцияларын қолдау базасы мен құтқару жұмыстарын жүзеге асыратын орталықтардың бой көтеретінін айтар едік. Қазіргі таңда Боржақты және Ерсай станцияларында негізгі және станциялық қабылдап-жөнелту жолдары салынған. Кеше жаңа темір жол тармағымен бірінші жүк құрамының Ерсай станциясына, әрмен қарай Құрық портына қозғалысы ашылды, бұдан былай цемент, құм, темір-бетон блоктары, ал келекшекте болат, бидай, контейнерлер тасымалы жүзеге асырылатын болады. Боржақты – Ерсай темір жол желісінің пайдалануға дайындығы жөнінде «Теміржол жөндеу» ЖШС бас директоры Саянтай Ерғожин  баяндап, Елбасы пәрменімен жаңа жолмен алғашқы құрам жүріп кетті. Ал «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында үш құрғақ жүк айлағының аяқталғаны бейнеролик арқылы баяндалды. Одан кейін «АММТП» ҰК» АҚ президенті  Михаил Ялбачев сөз алып, Солтүстік бағытта Ақтау халықаралық теңіз сауда портын кеңейту бағытында бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы қысқаша баяндап өтті. «Жаңа индустрияландыру: Екінші бесжылдық. Индустрияландыру және экономикалық өсу» тақырыбында өткен жалпыұлттық телекөпір барысында тұсауы кесіліп, пайдалануға берілген  маңызды стратегиялық ірі нысан, Астана қаласындағы Көліктік-логистикалық орталық болды. –Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің тапсырмаңыз бойынша Қазақстанда көліктік-логистикалық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар, көрші елдерден асып түсетін, тауар тасқынын шоғырландыру және дистрибуциялау орталықтарын құру есебінен заманауи терминалдық шешімдерге қатысты аймақтардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бүгін Астанада бой түзеген, жалпы инвестиция көлемі 26 млрд теңгені құрайтын, Қазақстандағы ірі көліктік-логистикалық орталықты ашуға рұқсат етіңіз. Бұл орталықта, тоңазытқыш, жабық және контейнерлік сақтау, өңдеу, сондай-ақ, көтерме-бөлшекті сауда сервисі ұсынылатын болады. Астанада аталған орталықты пайдалануға беру нәтижесінде 850-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкін болып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы нысанның бірінші кезегін іске қосуға рұқсат етіңіз! – деді «KTZ Express» АҚ президенті Санжар Елубаев орталықты іске қосу барысында. Жалпыұлттық телекөпір барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық нысандар құрылысы таныстырылды. ҚР Инвестициялар және  даму жөніндегі 1-ші вице-министрі Жеңіс Қасымбек  Астана мен өңірлерді байланыстыратын ұзақтығы 7 мың шақырым 11 автожол жобасын іске асыру көзделгенін, автожол жобаларын іске асыру барысында 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 2020 жылға дейін қозғалыс қарқыны 2,5 есе өсетінін мәлімдеді. «Автомобиль көлігімен транзит 2 есеге артады. Басым жобалардың бірі – Астана мен Алматы арасын Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы байланыстыратын, I санаттағы, жалпы ұзақтығы 1 282 км «Орталық-Оңтүстік» дәлізі болып табылады. Астана мен Алматы арасында жол жүру уақыты 6 сағатқа азаяды. Қазір біз «Алматы – Қапшағай» учаскесінде тұрмыз. Биыл осы учаске бойымен бір бағыттағы жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз», – деді ол. Ал «Қазавтожол ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов    «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысымен таныстырды. –Бұл жоба Астананы Қазақстанның батыс облыстарымен сапалы автокөлік  жолы арқылы байланыстырады. Сондай-ақ, макроаймақтың тұтас дамуына ықпалы етіп, Ресей нарығына отандық тауарларды экспорттау мүмкіндігін арттырады. Аталған жоба Ресейдің  оңтүстіктегі Астрахань,  Волгоград және Саратов қалаларына шығуға мүмкіндік беріп, экспорттық тауарларды тасымалдау мүмкіндігін арттырады. Бүгін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы  «Орал  – Тасқала – Саратов» учаскесін жаңғыртуға  дайын. Құрметті Президент, жұмысты бастауға рұқсат сұраймыз! – деді Қизатов. –Автокөлік, темір жол бүгінгі күннің қажеттілігі үшін емес, болашақ ұрпақтың да еншісіне қалады. Жүз жылда, мың жылда салынып жатқан жол. Көріп отырсыздар, барлық бағытта, барлық аймақта салынып жатыр жолдар. Бұл жолдар Астанадан сәуле сияқты тарайтын болады. Біздің кең байтақ елімізде салынып жатқан жолдар бойында көптеген адам жұмыс істейтін болады. Сондықтан салынып жатқан жол сапасына ерекше көңіл бөлулеріңіз қажет. Биыл салынып, ендігі жылы қайта жөндейтін болмайық, – деген Елбасы бұл жолдар құрылысына қыруар қаржы бөлініп жатқанын, шетелден инвестициялар тартылып, ұлттық қордан қыруар ақша бөлініп жатқанын атап өтті. –Техникалар сатып алынып жатыр, адамдар жұмыспен қамтылуда. Сондықтан осы жолдардың сапалы болуы сіздердің мойындарыңызда, осыны талап етемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Жолдар құрылысын жүргізуге рұқсат етемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы. Сұлугүл БАКЕСОВА  
Жолаушылар тасымалы
24.06.2026
ҚТЖ жазғы маусымда танымал туристік бағыттарға 20% жеңілдік ұсынады
Әлемде
24.06.2026
Stadler мен ARST әлемдегі алғашқы тар табанды коммерциялық сутегі пойызын таныстырды
Жаңалықтар
24.06.2026
Көлік полицейлері «Нұрлы жол» вокзалында мерекелік концерт ұйымдастырды
Әлеумет
24.06.2026
Семейлік теміржолшылардың балалары Бурабайға жол тартты
Жүк тасымалы
24.06.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Жаңалықтар
24.06.2026
Мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында көлік саласында жаңа келісімдер жасалды
Жаңалықтар
24.06.2026
Ақтау порты 7 метрге дейін тереңдетіледі
Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
22.06.2026
Қазақстанның көлік саласына инвестициялар
Жаңалықтар
22.06.2026
Брюссельде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі маршруттың болашағы талқылануда
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚМГ мен ҚТЖ мұнай өнімдерінің логистикасына цифрлық бақылау енгізді
Инфрақұрылым
22.06.2026
Талдықорған теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚТЖ халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
Қауіпсіздік
22.06.2026
Теміржолшылар төтенше жағдайға қаншалықты дайын?