Былтыр ҚТЖ бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу көрсеткіші 6% кеміген

Жаңалықтар
28.02.2020, 11:36
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«ҚТЖ» ҰҚ өткен жылы пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаман нәтижеге қол жеткізген жоқ. Компанияның апатсыз жұмыс үдерісін қамтамасыз ете алды. Мысалы, былтыр компания бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда алты пайызға, ал жылжымалы құрамдардың жолдан шығып кетуі 27 оқиғаға кеміген.

Жылжымалы құрамның жолдан шығып кетуінің негізгі себебі, бірінші кезекте, қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға жауапты персоналдардың қателіктері, яғни лауазымдық қызметтерін атүсті орындауы, қала берді оларға басшылық тарапынан бақылаудың босаңсуы деген тұжырым жасалып отыр.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, қозғалыс қауіпсіздігінің жағымсыз келбетін қалыптастыруға сервис және жөндеу жүргізетін кәсіпорындардың сапасыз қызмет көрсетуі де қосылып отыр екен. Айталық, жөндеу кәсіпорындарының сапасыз қосалқы бөлшектерді жеткізіп, пайдалануы салдарынан локомотивтер мен вагондардың 379 рет бұзылу оқиғасына жол берілген. Қозғалыс қауіпсіздігі мамандарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе, тыйым салған сигналдарды өтіп кету оқиғалары. «Бұл оқиғалардың орын алуына бірінші кезекте адами факторлардың ықпалы, яғни локомотив бригадалары мен қозғалыс шаруашылығы қызметкерлерінің бір-бірімен келісілмеген әрекеттері сипатындағы жауапсыздық, лауазымдық қызметтер мен сөйлесу регламенттерінің орындалмауы басты себеп болып отыр», – дейді компанияның қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі басқарушы директоры Марат Шакенов.

Мамандар жылжымалы құрамның ағытылып кету оқиғаларына да алаңдайды. Әдетте, мұндай жағдайларға жылжымалы құрамды мүлдем бекітпегенде немесе тежегіш табандықтарымен жөндеп бекітпегенде жол беріліп жатады.

Сондай-ақ, пойыздарды дайын емес жолдарға қабылдау да өрескел қателіктер қатарынан екенін ескерген жөн. Мұндай оқиғалардың соңы кейде зардабы ауыр жағдайларға әкеп соғатынын ескерсек, олардың орын алуы расында алаңдатады.

Қауіпсіздік қызметінің басшысы кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мәселесіне көңілі толмайтынын да жасырмайды.

Былтыр кірме жолдарда жылжымалы құрамның жолдан шығып кету оқиғалары салдарынан 350 вагон мен 31 локомотивке зақым келген. Ал бұл қып-қызыл қаржы шығыны мен жөндеу жұмыстарына кететін уақыттың зая болуы емес пе?! Кірме жол тармақтарының иелері зақымданған вагон-локомотивтерді жөндеуге ақша жұмсағанша, рельсті жолдарға қаржы салып, жөндеп, уақытылы күтімін жасап отырса, үлкен шығынның алдын алар еді деген сөздің жаны бар. Компания бойынша қозғалыс қауіпсіздігі жағдайына кері әсер етіп отырған оқиғалар қатарында бүйір рамаларының сынуы да бар.

Бұл, әрине, көп жағдайда зауыттық ақау болып отыр. Десе де, былтыр бүйір рамаларының сынуынан жылжымалы құрамның жолдан шығып кетуіне қатысты 11 оқиға тіркелген және ол алдыңғы жылдан 4 оқиғаға өскен. Қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жер төсемі мен жолдың жоғарғы құрылымына жасалатын ағымдық күтімнің қанағаттанарлықсыз жағдайы да аз әсер етпейтіні белгілі, соның салдарынан өткен жылы жылжымалы құрамның жолдан шығуы 8 рет орын алыпты. Жолдың жоғары құрылыс материалдарының жиі ұрлануы да алаңдатарлық жайт.

«Теміржол өтпелерінің де жағдайы мәз емес. Жүргізілген жұмыстар тиімсіз. Өткен жылы 15 жол-көлік оқиғасы болды. Әрине, бұл оқиғалардың басым бөлігі автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен болғанына қарамастан, өтпелерде қозғалыс қауіпсіздігін күшейту бойынша жұмыстарды жалғастырып, тың тәсілдер қарастыру қажет», – дейді М. Шакенов.

Сонымен қатар ол мобильді-диагностикалық кешендер анықтаған 3-ші, 4-ші дәрежелі ақаулы жолдардың кем-кетігін уақытылы түземеу немесе түзесе де сапасы сын көтермеуі, «жолдағы дүмпу» оқиғаларына әкеліп отырғанын айтады. Тәжірибе көрсеткендей, қозғалыс қауіпсіздігі ревизорлары жүргізіп тұратын тексерулер тиімді әрі нәтижелі болып отыр.

Тексеріс болған кезеңде қауіпсіздіктің бұзылуы мен техникалық құралдардың істен шығуы кеміп, пойыздардың кешігуі азая түсетіні осыған дәлел. Өткен жылы ревизорлық аппарат тарапынан 7 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, 88 мыңнан астам сәйкессіздік анықталған. Соның 50 мыңы техникалық құралдар мен жылжымалы құрамдардың күтіміне, 30 мыңы техпроцестердің сақталуына, 6 мыңнан астамы құжаттаманы жүргізудегі бұзушылық, мыңнан астам оқиға жұмыс орындарында нормативтітехникалық құжаттаманың болмауына қатысты болса, 500 қызметкер аттестациялаудан өте алмаған.

«Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар биыл да жалғасады. Соның ішінде 4 негізгі бағытқа басымдық беріп отырмыз. Олар: пойызға адам басылуын азайту, «Қозғалыс қауіпсіздігі мәдениеті» деңгейін арттыру, техникалық құралдардың істен шығуын төмендету және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қаржы ағынын басқару», – дейді қозғалыс қызметінің басшысы.

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бағытында жағымды жайттар да жоқ емес. Мысалы, мемлекеттік және құзырлы органдармен бірлесе әзірленген Жол картасы аясында іске асқан шаралар нәтижесінде, адамдарды басып кету оқиғасы былтыр 25 пайызға төмендеген. 

Аймақтар
27.06.2026
Қызылорда облысында екі вокзал мен жолаушылар платформасы жаңартылды
Аймақтар
27.06.2026
Тайынша теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
26.06.2026
Риддер және Шемонаиха станцияларында теміржол вокзалдары жөндеуден кейін қайта ашылды
Аймақтар
26.06.2026
Жаңаесіл және Саумалкөл теміржол вокзалдары қайта жөндеуден кейін ашылды
Жаңалықтар
26.06.2026
Шу және Есіл деполарының локомотив бригадалары теміржол өткелдерінде соқтығысудың алдын алды
Жаңалықтар
26.06.2026
«KAZLOGISTICS» бас директоры Шанхайдағы халықаралық форумда елдің көлік әлеуетін таныстырды
Станция тынысы
26.06.2026
Соңғы станцияның жүгі ауыр
Темір жол тарихы
26.06.2026
Теміржолдың жырын жырлап, мұңын мұңдаған қаламгер
Жаңалықтар
26.06.2026
Ляньюньган қаласының делегациясы Ақтау портына барды
Жолаушылар тасымалы
26.06.2026
Төрт Тальго пойызында вагон-мейрамхана қызметі іске қосылды
Аймақтар
26.06.2026
Атырау облысында бес вокзал дайын
Аймақтар
26.06.2026
Күрделі жөндеу – кәсібилер қолында
Цифрландыру
26.06.2026
Сандық жүйенің жемісі
Инфрақұрылым
26.06.2026
Қазақстандық және өзбек теміржолшылары түйіспесіз жолды ұстап тұру тәжірибесімен алмасты
Жаңалықтар / Мұрағат
26.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №49 26 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
25.06.2026
ҚТЖ-да темір жолдағы қауіпсіздікті арттыру шаралары талқыланды
Жаңалықтар
25.06.2026
Бурабай курорты теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Әлемде
25.06.2026
Трансауған магистралінің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін
Қауіпсіздік
25.06.2026
Кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігінде кілтипан көп
Жаңалықтар
25.06.2026
Астана – Семей - Достық пойызында спутниктік интернет іске қосылды