Тілсіз жаумен күрес: салғырттық сан соқтырмасын

Жаңалықтар
20.05.2020, 10:55
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Өрт – тілсіз жау деп бекер айтпайды. Табан асты жан жағын жайпап өтіп, қыруар шығынға батыратын өртті болдырамаудың бірден-бір жолы – оның алдын алу. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бойынша 10 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл - былтырғыға қарағанда бір көрсеткішке кем.

Өрт оқиғасы Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі аумағында 4 мәрте орын алса, Қостанайда 2 рет, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе өңірлерінде бір-бір оқиғадан тіркелген. Атап өтерлігі, соңғы үш аймақта өткен жылы бірде-бір өрт оқиғасы болмаған еді. Ақмола, Павлодар,Семей, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшелерінде биыл бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмегенін де атап өткен жөн.

Биыл болған 10 өрт оқиғасының шығу себептері де әртүрлі. Төрт жағдайда, өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылуы болса, 3 жағдайда жабдықтардың техникалық істен шығуы, 2 жағдайда қысқаша тұйықталу, 1 жағдайда дала өрті себеп болған. Өрт оқиғалары жолаушылар вагондары мен локомотивтерде, сондай-ақ, жүк вагондары мен жер төсемінде орын алған.

Өрт оқиғаларының шығуын алдын алу мақсатында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 27 мыңнан астам өрт-техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 мыңнан астам Компания мен еншілес ұйымдарының нысандарында өрт қауіпсіздігі нормаларының (ӨҚН) бұзушылығы анықталған. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылығына жасалған талдауға сүйенсек, 2019 жылмен салыстырғанда биыл компания мен оның еншілес ұйымы бойынша ӨҚН бұзушылығының саны 8% артқанын байқаймыз.

Есепті мерзім ішінде өрт шығу қаупі бар нысандарға қатысты 261 ескерту берілді. Ескертулер көбінесе, өрт белгі беру жүйелерінде, қызметтік-техникалық вагондарда, жүк вагондарында, локомотивтерде, электр телімдерде, стационарлық нысандарда берілген.

«Жыл сайын өртке қарсы режимнің қайталанып бұзылуы, яғни жылу, желдету, түтінге қарсы қорғау жүйелерінің, электр қондырғылары, өртке қарсы сумен жабдықтау, байланыс құралдары, өртті сөндіру сияқты құрал-жабдықтардың істен шығуы нысандағы өрт қауіпсіздігіне жауапты басшылардың орындаушылық міндет-тәртібінің тиісті деңгейде еместігін айқындай түседі», – дейді Магистральдық желі дирекциясына қарасты Өрт қауіпсіздігі департаментінің басшысы Бақытжан Ділімбетов.

Ол Компанияның бірқатар құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдары өрт қауіпсіздігіне жауапты басшылар мен қызметкерлердің мамандандырылған ұйымдарда өрт-техникалық минимумы бағдарламасы бойынша оқытылуын әлі күнге жүргізбегендерін қынжыла жеткізді.

Шын мәнінде, жоғарыда көрсетілген Өрт қауіпсіздігі нормаларын бұзушылықтар аса көп қаржылық шығындарды қажет етпейді екен.

Кәсіпорын жетекшілері өрт сөндіру, өртке қарсы жабдықтар мен сумен жабдықтау құралдарының техникалық жағдайына, өрт автоматикасы және дабыл беру жүйелерінің сервистік қызметіне, ағаштан жасалған конструкциялардың өрттен қорғану құрамымен өңдеу, электржелілерін оқшаулау сияқты дүниелерге дер кезінде көңіл бөліп, қарамайтын салғырттығы сан соқтыруы әбден мүмкін екенін айтады департамент жетекшісі.

Айта кететін жайт, Компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарының қызметкерлеріне жыл сайын аймақтық және желілік деңгейде өрт шыға қалған жағдайда қалай әрекет етіп, іс-қимыл жасау керектігіне машықтайтын оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады. Биыл бірінші тоқсанда 59 оқу-жаттығу өткізу жоспарланған болатын, алайда, оның тек 39-ы өткізіліпті.

Таратып айтсақ, 13 жаттығу ғимаратта, локомотивтер мен арнайы жылжымалы құрамдарда төрттөрттен, үш-үштен жүк және жолаушылар вагондарында болса, қалған 12 жаттығу вокзалдарда, тағысын тағы стратегиялық нысандарда өткізілген.

Межелі оқу-жаттығулардың толықтай өткізілмей, тоқтап қалуына ҚР Президентінің Жарлығымен короновирус індетінің елге таралмауының алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы Төтенше жағдайдың енгізілуімен карантин жариялануы себеп болған.

Десе де, өрт қаупі басым, яғни аптап ыстық болатын жаз маусымының таяп келе жатқанына байланысты теміржол төсемі маңындағы екпе ағаштар мен дала алқабында болып жататын өрттің алдын алу және жоюға бағытталған жоспар аясында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Атап айтсақ, теміржол бойындағы дала алқабын және екпе ағаштардың ағымдық күтімін жасау бойынша өртке қарсы жұмыстарды орындау үшін автотракторлық техника дайындалып жатқан көрінеді. Иә, елде төтенше жағдайдың енгізілуімен біраз шаруаның тоқтап қалып, қолбайлау болғаны жасырын емес. Ал тілсіз жау елде карантин кезеңі жарияланғанына қарай ма... Мәселен, 30 сәуірдегі жағдайды алып қарайтын болсақ, Компания бойынша жол бойындағы алқаптарда 6 өрт оқиғасы тіркелген.

Бұл өрт ұшқындары даладан, саяжай массивтерінен, автожолдан келген және пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінің атсалысуымен сөндірілген. «Карантин жағдайында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе болып қалмақ. Соның ішінде жолаушылар пойыздарындағы өртке қарсы жағдай алаңдатпай қоймайды. Өйткені, ЖТ шаруашылығында биыл тіркелген 3 өрт оқиғасының екеуі, жолда келе жатқан жолаушылар пойызында шыққан.

Пойыз бригадасы қызметкерлерінің қырағылығының арқасында өртті дер кезінде тұншықтырып, жолаушылардың қауіпсіздігі сақталды әрі көп материалдық шығынға жол берілген жоқ», – деді Бақытжан Нәлібайұлы. 

Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ пойыздары жолаушыларына арналған ТОП-6 ыңғайлы сервис
Инфрақұрылым
30.01.2026
Жаңа порт құрылысы басталмақ
Станция тынысы
30.01.2026
Бірлігі жарасқан ұжымның биік белесі
Қауіпсіздік
30.01.2026
«Бір қателік өмірімді өзгертті»
Жаңалықтар
30.01.2026
Туризмді дамыту сөз болды
Аймақтар
30.01.2026
Оқу орындарымен меморандумға қол қойылды
Жаңалықтар / Мұрағат
30.01.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №7 30 қаңтар 2026 жыл
Жаңалықтар
29.01.2026
Қазақстан Ауғанстан арқылы Араб теңізіне шығу жолдарын қарастырып жатыр
Жаңалықтар
29.01.2026
«Нұрлы жол» вокзалында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті
Аймақтар
29.01.2026
Білімді маман – білікті маман
Жолаушылар тасымалы
29.01.2026
ҚТЖ бірқатар бағыттағы «Тальго» пойыздарына жеңілдіктер енгізді
Әлеумет
28.01.2026
Билетке жеңілдік: жоғары орындар сұраныста
Темір жол тарихы
28.01.2026
Метоллоломнан табылған жез қоңырау
Әлемде
28.01.2026
Сағатына 600 шақырым: Теміржол тарихын қайта жазған жапондық жоба
Жаңалықтар
28.01.2026
ҚТЖ-ның LED-экранында батыр-теміржолшылар туралы бейнеролик ұсынылды
Жаңалықтар
27.01.2026
Сенат депутаттары жолаушы вагондарының өндірісімен танысты
Жолаушылар тасымалы
27.01.2026
Халықаралық «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырады
Жаңалықтар
27.01.2026
Машинистер машығы жетілдірілуде
Аймақтар / Қауіпсіздік
27.01.2026
Инфрақұрылым қауіпсіздігі күшейтілді
ҚТЖ келбеті
27.01.2026
ЖИ мүмкіндігі шексіз