«Жол салудың шебері» атанған атақты теміржолшының ерен еңбегі ел есінде ме

ҚТЖ келбеті
28.12.2021, 09:02

Мен еңбек жолымды 1993 жылы Алматыдағы теміржол көлігі инженерлері институтының теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы факультетін жолшы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп, Қандыағаштағы №7 жол дистанциясында, 3-разрядты жол монтері болып  бастадым.  Бұл – менің мамандығым саласындағы ең төменгі саты. Ол кездегі үрдіс бойынша институт бітіріп, табақтай дипломмен келсең де жұмысты ең төменгі қара жұмыстан бастау - жазылмаған заңдылық болатын. Мен де жол монтерінен бастап сатылай  өстім.   Жұмыс орным маған жас маман ретінде екі бөлмелі қызметтік пәтер берді. Пәтер Қандыағаш қаласының «Жастар» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде орналасқан. Осындай қамқорлықтары үшін сол кездегі басшым Мамбетжанов Мурзабай Шайхыұлына алғысым шексіз. 1995 жылы Ақтөбедегі №8 жол дистанциясына жұмысқа ауыстым. Бір жылдан соң, жол диспетчері болып жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде мені іздеп Батыс Қазақстан темір жол басқармасына тиесілі «№11 Ақтөбе көпір салу отряды» (Мостоотряд) мекемесінің бастығы Қалыбаев Тағыберген Өтегенұлы келді.   Танысып, сөйлесе келе, ол кісі өзі жұмыс жасап жүрген мекеме, Қазақстанның батыс аймағында темір жол көпірлері құрылысымен, оларды қайта жарақтау және күрделі жөндеуден өткізумен айналысатын бірден-бір мекеме екенін айтты. Мен туралы Қандыағаш дистанциясындағы көпір жөндеу жұмыстары кезінде, сол дистанциядағы аға жол шебері, өзімнің институттағы группаласым шалқарлық Аймашев Сәдібектен естіп, іздеп келген беті екен. Ол уақыт менің, «қайран жиырма бес» деген жасқа да толмаған, албырт шағым. Қысқасы, Тағыберген ағамның айтқан әңгімесіне қатты қызыққаным сондай, «бізге келсең қайтеді?» деген ұсынысын қабылдап, келесі аптадан бастап, сол мекеменің өндірістік бөлімінің инженері болып шыға келдім. Бұл нағыз менің мамандығым, мен қызығатын жұмыс еді, құрылыс салу, көпір салу, жол салу. Ондағы жұмыс, расымен, күрделі де қызықты болып шықты. Жүзден астам адам еңбек етеді. Мекеменің өндірістік базасы мен кеңсесі орналасқан жердің ауданы 20 гектардан астам. Аулада ондаған тармаққа бөлініп жатқан өндірістік темір жол тұйығы бар. Ол жолдардың бірінде құрылыс нысандарына қажет жүктерді тиеуге арналған вагондар тұрса, біреуінде теміржол бойымен жүруге арналған арнайы кран (КДЭ-16), енді бірінде әмбебап жүк краны орналастырылған дрезина (ДГКУ-3), ал бір тармағында тіпті кеңестік дәуірден қалған 1-2 паровоз да тұр. Ана жер-мына жерде теміржолға қажет материал қоймалары, арнайы техникалар гаражы орналасқан болса, енді бір жерлерде рельс-шпал торлары (РШР) қабат-қабат болып жиналған. Мекеме кеңсесі кірпіштен салынған үш қабатты ғимарат болатын. Кеңседен бірнеше жүз метр жерде темірбетон цехы орналасқан. Бұл цехта, құрылысы салынатын немесе жөнделетін көпірлердің темірбетон конструкциялары құйып шығарылады. Цехта шығарылатын, көпірлерге арналған темірбетон арқалықтардың (пролетное строение) ұзындығы 2-3 м мен 14,5 м аралығында. Дайындалған әр арқалық пен басқа да темірбетон бұйымдардың төлқұжаттары рәсімделіп, олардың сапасын, сол төлқұжаттарға қол қою арқылы кепілдендіреміз. Осы цехта жасалған талай темірбетон бұйымдар еліміздің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының және Ресейдің Орынбор облысы аумағындағы теміржол көпірлеріне орнатылды. Көпірге жөндеу жасаудың бір ерекшелігі – дайындық кезеңінің жұмыстары пойыздар қозғалысына кедергі болмайтын тәсілдермен орындалса, жұмыстың негізгі кезеңінде, яғни, көпірдің ескі темірбетон арқалықтарын жаңасымен ауыстырарда, пойыздар қозғалысы белгілі бір уақытқа, тиісті мекемелермен алдын ала келісу арқылы тоқтатылады. Бұл технологиялық шараны, теміржолшылар, орысшасы «окно», қазақша «терезе» деп  атайды. «Терезе» жұмыс күрделілігіне қарай, әр нысан үшін, 4-8 сағатқа дейін ұзақтыққа жоспарланады. Яғни осы уақыт аралығында, көпірдегі негізгі жұмыстары аяқталып, пойыздар қозғалысы қалпына келтірілуі тиіс. Көпір арқалықтарын ауыстыру жұмысы, апат жағдайларында жолды қалпына келтіруге пайдалану үшін белгілі бір станцияларда күндіз-түні дайын тұратын, арнайы кранмен орындалады. Ол крандардың жүк көтеру мүмкіндігі 300 тоннадан басталып, 2000 тоннаға дейін жетеді. Бір қызығы, құрылысы немесе күрделі жөндеуі аяқталған көпір үстімен алғашқы пойыз жүріп өтетін шақта, сол жердегі басшылар мен инженерлік құрам өкілдерінің көпір астында тұруы дәстүрге айналған. Бұл, сапа мен қауіпсіздікке берілетін кепілдіктің бір көрінісі іспетті болатын. Мен де алғаш рет «көпір астындағылар» қатарында болған кездегі қуанышым мен мақтанышым әлі есімде... Осы мекемедегі жұмыс барысында көптеген жерлерге іссапармен бару бұйырды. Олардың ішінде Ақтөбе облысы аумағындағы Алға, Қандыағаш, Ембі, Шалқар, Мәртөк, Жайсаң станциялары, сонымен қатар Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының (арасында Төретамдағы ресейлік «Космотранс» мекемесіне қарасты, ғарыш айлағының қызметін қамтамасыз ететін, «Байқоңыр темір жолдары» мекемесінің нысандары да бар) және Ресей Федерациясының Орынбор облысының аумағында орналасқан бірталай теміржол бекеттері (Илецк темір жол дистанциясына қарасты нысандар) бар. Ал, 90 жылдардың соңына қарай теміржол саласы орталықтандырылған басқару жүйесіне көшіп, ҚТЖ құрылған соң Астана (Нұр-Сұлтан) қаласына іссапарлар жиіледі. Әлі күнге дейін есімде, Ақтөбеден кешкі сегіздерде жүріп кететін пойыз таңғы сегізде Орск станциясының вокзалына дейін ғана келіп тұратын. Бұл – автокөлікпен екі сағатта баратын Орск станциясына, теміржолмен он екі сағатта жету деген сөз. Діттеген жерімізге жеткенше түнгі ұйқыны бұзып, әуелі Жайсаң станциясында, содан соң Илецк станциясында, кейін Қарталы станциясында біздің ел мен ресейдің шекара және кеден қызметтерінің сағаттаған тексерулері арқылы өтуге тура келетін. Құжаттардан кінәрат табылса, пойыздан түсіріп алып та қалуы мүмкін. 1997-1998 жылдары мекемемізде (жалпы, аймақта да, еліміздің басқа өңірлерінде де) қиындықтар көп болды. Кеңес заманынан бері қолданыста келе жатқан арнайы техникалар ескіріп, істен шығулары жиі орын алып, құрылыс барысына кедергілер көбейді. Жалақы уақытында берілмей, оның кешігуі алты айға дейін созылатын кездер болды. Айлықтың есебінен ет, макарон өнімдерін және отын үшін көмір тарату белең алды. Сол кездерде жұмысты тастап, жеке кәсіпкерлікке кету туралы ой да туындаған еді. Алайда, анам марқұм мен әкем сабырға шақырып, ол ойымнан айнытты.   1999 жыл. Егемендік алғаннан бері еліміздің теміржол саласындағы қайта құрулар басталғанына біраз уақыт болған. Кезек темір жол саласындағы құрылыс мекемелеріне де жетті. Нәтижесінде, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның қарауындағы жекелеген ведомствоаралық бағыныстағы заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 шілдедегі №1025 Қаулысы шықты. Осы Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасының темiржол саласын монополиясыздандыру, жұмыстар мен қызмет көрсетулер саласында бәсекелестiк орта құру, «Қазақстан темiр жолы» республикалық мемлекеттік кәсiпорны қызметiнiң тиiмдiлігін арттыру мақсатында ҚР Yкiметi «Темiржолқұрылыс» еншiлес мемлекеттік кәсiпорны филиалдарының мүлкiн бөлiп шығару және оның негізiнде «Темiржолқұрылыс» ашық акционерлiк қоғамын құру туралы» қаулы етті. Қаулыға сәйкес, «Теміржолқұрылыс» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының филиалдары монополиясыздандырылды. Оның ішінде біздің Ақтөбе көпір салу отряды да болды. 2002 жыл. Ол уақыт менің қатардағы инженерліктен басталған қызметімнің, әуелі өндірістік бөлім бастығы қызметіне өсіп, кейін бас инженер лауазымына тағайындалған кезім болатын. Жұмыс уақыты көбінесе құрылыс нысанының басында өтеді. Іссапарлар ұзақ, 15-20 күнге дейін созылады. Кезекті нысанымыз – Орал қаласының шетіндегі, Жайық өзенінің көктемгі суы жайылатын аймаққа салынып жатқан көпір. Бұл аймақты көктемде еріген қар суы басып, нәтижесінде саяжай үйлері су астында қалып, төбелері ғана көрініп тұрады екен. Құрылысы жүріп жатқан көпір ұзындығы 1,5 шақырым. Нысан өте жауапты, стратегиялық маңызы бар құрылыс болып табылады. Бас мердігер – «Қапшағай көпір салу отряды» мекемесі. Қосалқы мердігерлер қатарында «Теміржолқұрылыс» ААҚ–ның, басқа облыстарда орналасқан филиалдарының да жұмыс күштері бар. Біздің мекеме де солардың бірі. Біздің мамандар көпір құрылысы жобасының құрамындағы бірнеше су өткізгіш имараттардың құрылысы мен көпір беткейлерін судан қорғау, яғни, темірбетон плиталармен бекіту жұмыстарын атқарды. Батыс Қазақстан облысының сол кездердегі әкімі Қырымбек Көшербаев, көлік министрі Абылай Мырзахметов те нысанға келіп, көпірдің құрылысын қадағалап жүрді. Осы жылдары, мекемеміздің жұмыс күшінің бір бөлігі, Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнындағы құрылыс нысандарына да бағытталып, сол кешен аймағындағы көлік жолдарының су өткізгіш имараттары құрылысымен айналысты. Жұмыс поселкесі Ақсай қаласының маңайында орналастырылған. Кен орнында біздің мекемеден басқа, «Теміржолқұрылыс» ААҚ-ның басқа облыстардағы филиалдарының мамандары да қызу еңбек етті. Әрине, бір айта кетерлігі, бұл нысанда шетелдік компаниялар да көп болды және олардың жұмыс сапасы мен қауіпсіздік шараларына қоятын талаптары өте жоғары деңгейде екеніне сол кездерде алғаш рет куә болдық. Ұмытпасам, 2002 жылдың тамыз айы болуы керек. Орал қаласында іссапардамын. Бір күні, «Теміржолқұрылыс» ААҚ филиалдарының бірнеше басшысы сол қалада жиналды. Арасында, құрылғанына көп уақыт бола қоймаған «Теміржолқұрылыс» ААҚ Ақтөбе филиалының бастығы Әуесбаев Тыныштықбай Омарұлы ағамыз да бар. Бұған дейін ол кісіні, темір жол басқармасында, күрделі жөндеу барысындағы «терезе» ұзақтығына келісім құжаттарын рәсімдеу барысында көретінмін. Сол сапарда жақынырақ танысып, Тыныштықбай Омарұлы мені әңгімеге тартты, сөйлесе келе  Ақтөбеге келген соң кабинетіне соғып кетуімді сұрады. Ақтөбеге келген соң, келіскеніміздей, Әуесбаевтың жұмыс орнына бардым. Ол кісі: «Асқар, сен жас жігітсің, ақша қуып жүре берме (мен қыруар ақша тауып жүр деп ойласа керек), қызметте де өсу қажет, маған жұмысқа кел деп қызмет ұсынды. Сонымен қатар, компьютер курсына мекеме есебінен оқытатынын айтып, көңілімнен шығатын кез келген оқу орталығынан төлемге құжат ұсынуды тапсырды. Осылайша, мен Тыныштықбай Омарұлымен бір мекемеде жұмыс істей бастадым. ...«Хромтау-Алтынсарин» жаңа теміржол желісінің құрылысы «Алкон» жабық акционерлік қоғамымен 2001 жылдың маусым айында басталып кеткен болатын. Алайда, Үкіметтің шешімімен 2002 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап құрылысты Хромтау станциясы жағынан бас мердігер «Теміржолқұрылыс» ААҚ, ал Алтынсарин станциясынан Хромтауға қарай бас мердігер «Қазавтожол» ЖШС жүргізетін болып белгіленді. Көп ұзамай Тыныштықбай Омарұлының басшылығымен жаңа темір жол құрылысына кірістік. Сол жылғы қазан айының соңғы күндерінің бірінде, іргесі қаланғалы тұрған Хромтау станциясында жаңа темір жол желісінің алғашқы рельсінің төселу сәті салтанатты шараға ұласты. Рельстерді бекітетін түйінге алғашқы бұранданы ҚР Көлік министрі Қ. Нағманов бекітсе, сол түйінге шампан ұрып сындыру рәсімі маған бұйырғанын мақтанышпен еске аламын. Ұзындығы төрт жүз шақырымнан астам теміржол желісінің құрылысы барысында 13 айрық бекет пен станциялар, локомотив деполары мен байланыс үйлері, вокзал ғимараттары және басқа да нысандардан тұратын зор кешен салынды. Құрылысын біздер жүргізген ұзындығы 165,3 шақырым жол учаскесінде Хромтау, Аққұдық, Әйтеке би атаулы жаңа станциялар, сонымен қатар Сарысай, Жоса, Құдықсай, Үйтас атты жаңа айрық бекеттер бой көтерді. Жаңа жол бойында 12 шағын көпір мен Ор өзені арқылы өтетін 1 үлкен көпір (ұзындығы 225 метр, материалы – болат), жол астындағы жүзден астам су өткізгіш құбырлар, ондаған шақырым электр және байланыс желілері, жалпы ұзындығы 20 шақырымнан астам қардан қорғау имараттары, тағы басқа нысандар бар. Құрылысқа бас мердігер мекемемен қатар, түрлі өңірлерден келіп, елуден астам қосалқы мердігер мекемелер атсалысты. Құрылыс барысында игерілген қаражат та миллиардтап саналады. Түйткілді мәселелер шұғыл қарастырылып, шешім де жедел қабылданатын. Мынадай бір оқиға есіме түсіп отыр: бірде, көлік министрі Қ.Нағмановтың құрылыс ортасында жүргенін естіген Әйтеке би станциясының ақсақалдары келіп, теміржол желісінің ауыл арқылы өтетін орны, жоба бойынша, үнемі көктемгі су басып кететін аймақ арқылы бекіп кеткенін айтып, теміржолды ауылдың қарсы бетімен өткізген жөн екенін жеткізеді. Мәселеге қаныққан министр, сол жердегі тиісті мамандармен ақылдасып, ақсақалдар ұсынысы бойынша жобаға тиісті өзгеріс енгізуді, бас жобалаушы «Транспроект» ЖАҚ өкіліне тапсырып, шешімді жиналыс хаттамасымен сол жерде бекітіп берді. Нәтижесінде, Әйтеке би станциясының ғимараттары мен станцияішілік теміржолдары қазіргі күні тұрған орнына жайғастырылды. Мекеменің инженерлік-техникалық құрамына Хромтау қаласынан кеңсе ұйымдастырылып, сол жақта тұрып күні-түні жұмыс басында жүре беретінбіз.   Отбасымызға екі-үш аптада бір-екі күнге барып қайтатынбыз. Тыныштықбай Омарұлы Ақтөбедегі кеңседен сапарға шығып, учаскені аптасына бір рет толық аралап шығатын. Сондай сапарларында, жуырда ғана ауыр кеселге жасалған ота салдарына қарамастан, Хромтаудағы кеңсеге барлық мердігер мекеме басшыларының басын қосып, жиналыс өткізетін. Біз бұл жиналысқа, құдды бір емтихан тапсыратындай дайындалатынбыз, ол кезде мен жасанды имараттар бойынша учаске бастығы қызметін атқардым. Тыныштықбай Омарұлының қырағы жанарынан ешнәрсе тыс қалмайтын, бәрін тәптіштеп сұрап, мәселені талқыға салып, ақылмен кесіп-пішіп, біздің де пікірімізді біліп отыратын. Осындай тәжірибелі басшының басқаруымен, өз учаскеміздегі теміржолдың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстарын (ВСП) белгіленген кестеден екі апта бұрын аяқтадық. Бұған еліміздің көлік министрі Қ.Нағмановтың «Теміржолқұрылыс» ААҚ басшыларының атына жолдаған құттықтау жеделхаты дәлел. Бұдан кейін де, жоба құрамындағы басқа нысандардың құрылыстарын қарқынды жүргізу бойынша орасан шаруалар атқарылды. 2004 жылдың 30 қараша күні ақ түйенің қарны жарылды. Қостанай облысында орналасқан Арқа станциясында алғашқы жүк пойызының жөнелтілуі салтанатты түрде жүзеге асты. Шараға еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, жолдың лентасын қиып, жез қоңырауды соқты. Сөйтіп, болат илектің бір партиясы тиелген жүк пойызы су жаңа жолмен Хромтау бағытына қарай алғашқы сапарға  аттанған еді. Қуанбаған, шаттанбаған адам жоқ шығар сол жерде, үлкен кісілер көздеріне жас алды.  Жаңа теміржол желісінің іске қосылуы Ақтөбе мен Астана (Нұр-Сұлтан) арасындағы жолаушы және жүк тасымалының жолын еселеп қысқартып, бұрынғы қиындықтарды артта қалдырса, бұрын-соңды маңайында теміржол болмаған елді мекендер үшін бұл тіптен керемет жаңалық және жаңа мүмкіндіктер бастауы болды. Тыныштықбай Әуесбаевтың осы нысанды салудағы жанқияр ерлікке пара-пар еңбегі үшін мемлекеттік наградаға ұсынылып, «Парасат» орденімен марапатталды. Бар өмірін теміржол саласына арнаған ақсақал, жас ұлғаюы мен денсаулық жағдайына қарамастан, еліміз үшін маңызды жобалардың құрылысын басқаруды әрі қарай да жалғастырып, өмірінің соңғы жылдарына дейін еңбек етті. 2019 жылдың күзінде ауыр науқас салдарынан өмірден озғанға дейін жұмыстан қол үзбеді, бұл кезде ол кісінің жасы 78-де еді. Тірі болса биыл 2021 жылдың 20 наурызында 80 жасқа толған болар екен. Сөз соңында туып-өскен еліне, халқына адал қызмет етудің қайталанбас үлгісін көрсеткен абзал аға, тарлан теміржол құрылысшысының есімі, оның жарқын бейнесі ел есінде сақталуы керек. Сол үшін құрылысын өзі басқарған Хромтау-Алтынсарин теміржол желісі бойындағы бір станцияға Т.О. Әуесбаевтың есімі берілсе деген ұсынысымды жеткізбекпін. Ұсыныс қолдау тапса, бұл – өз ісін сүюдің, табандылық пен патриоттықтың жоғары үлгісін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдырған қайсар рухты жанға көрсетілген әділ және жарасымды құрмет пен баға болары сөзсіз. Ұсыныс ел ағаларының назарына ілініп, қолдаусыз қалмас деп үміттенемін.   Асқар Уәли, теміржолшы-инженер, Ақтөбе қаласы

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр