Қызылорда теміржолының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, аймақтың бірнеше бекетінде басшылық қызмет атқарған тәжірибелі теміржолшы Толыбай Орекешовті әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды.

Арал теңізі станция бастығының орынбасары қозғалыс саласында қырық жыл тер төгіпті. Жасынан теміржол бойында өскен Толыбай Орекешовтің қозғалыс саласын таңдауының да өзіндік сыры бар екен. «Кешегі кеңестер одағы кезінде теміржолдағы ең жауапты сала қозғалыс саласы болды. Әуел баста мен машинист болғым келген, бірақ салмақтай келе бүкіл қозғалысты басқаратын өндіріс командирі болудың артықшылығын түсіндім. Қиындығы мен жауапкершілігі өз алдына, тікелей қозғалысты бақылауда ұстайтын бұл саланың қызығы да жетерлік, – дейді кейіпкеріміз.

– Біздің аймақтағы станция басшыларының ішіндегі ең тәжірибелі әрі білікті теміржолшы атанған Толыбай Орекешов ағамыз зейнет демалысына шығып отыр. Әрине, қырық жылғы бейнеттің енді зейнетін көру ләзім. Мұндай майталман теміржолшылардың тәжірибесі кейінгі жастарға қажет-ақ. Сондықтан Толыбай Орекешов зейнетке шықса да болашақ теміржолшылардың салалық жұмысқа төселуіне тәжірибесімен бөліседі деп сенеміз. Сонау жылдары Сексеуіл-Қоскөл жаңа телімі пайдалануға берілетін жылдарында Сексеуіл бекетінің басшылық құрамында қызмет еткен жан. Аймақ теміржолына бір кісідей еңбегі сіңген теміржолшыға тек алғыс айтамыз, – дейді бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Өмірзақұлы.

Арал теңізі станциясының басшысы Талғат Шүренов Қызылорда қосалқы бөлімшесінің бастығы Батырхан Базарбаев пен бөлімшенің кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Өмірзақұлының арнайы сыйлығы мен адресатын табыстап, талай жыл бірге еңбек етіп, қиын-қыстау кезеңнен бірге өткен әріптес ағасына ұжым атынан жылы лебізін білдіріп, қимай қоштасты.