Қазалы жол дистанциясы өткен жылдың қорытындысын шығарып, үздік көрсеткішке ие болған 5-ші айналым басшысы Шынберген Ерхановтың ұжымын марапаттады.

Жалпы, дистанциядағы жиырмадан аса телім мен айналым арасынан жүлдеге үміткерлер аз болған жоқ, бірталайы бағалы сыйлық, қаржылай ынталандыру сый-сияпатына ие болды. Дистанция бастығы Аманкелді Құсанов пен кәсіподақ ұйымы төрағасы Дастан Әбішев бастаған сарапшылар алғашқы үштікке Қызылтам айналымынан Ерболат Баданов, Абыла телімінен Мұрат Абзалов және 1-айналымнан Нұрадин Құлманов ұжымдарын лайық деп тапты. Ал одан кейін қатарда ПД-7, 17, 9, 8, 21, 10 және 9-айналымдар аталды.

– Дистанция бойынша атқарылған барлық жұмыстар сарапшылардың саралауына ұсынылды. Қорытынды шығару барысында әріптестеріміздің көктемгі-күзгі комиссиялық тексерулердің қорытындысы, ішкі және сыртқы ревизиялық тексерулердің нәтижесі, басшылық құрамның дистанцияның әлеуетін арттыру мақсатында өткізетін тосын және кесте бойынша тексерулерінің қорытындысы, жалпы пойыздардың қозғалысын арттыру мақсатында дистанцияның алдына қойылған талаптар шеңберінде атқарылған жұмыстар легі назарға алынды. Нәтижесінде өзге айналымдарға қарағанда барынша аз кемшілік тіркелген ПЧУ-5 телімі бас жүлдеге ие болып, олардың атқарған жұмыстары дистанциялықтарға үлгі етілді, – дейді дистанцияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Дастан Әбішев.