Ақтоғайдың арда азаматы

ҚТЖ келбеті
01.11.2024, 09:15
Қуаныш Қожаев

Абай облысы бойынша меншікті тілші

Ақтоғай локомотив пайдалану депосының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан теміржолшылардың бірі – Сейітбек Назарұлы. Бүгінде пайғамбар жасын бағындырып отырған ел ағасы темір жолда табаны күректей 40 жыл еңбек етіпті.

1961 жылы 1 қарашада Аягөз өңіріне қарасты Тарлаулы ауылында дүниеге келген Сейітбек ағамыз мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, грекрим күресінен республикалық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы атанады. Алайда ол мектеп бітіргесін спорт жолымен кетпей, арман қанатында Алматы қаласындағы теміржол техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіреді. Осы кезеңнен бастап өмірі теміржолмен тұтасып өрілді. Тіпті 1980-1982 жылдар аралығындағы әскери қызметін де Мәскеу түбіндегі теміржол ротасында абыроймен атқарыпты. Әскерден оралысымен тепсе темір үзер жас жігіт салалық қызметтің қайнаған ортасынан табылады. 1984-1997 жылдары Ақтоғай станциясының локомотив пайдалану депосында 2-ТҚК цехының шебері болып еңбек етеді. Мамандыққа деген адалдық оны білім мен біліктілігін ұштап, үнемі ізденіс үстінде жүруге жетеледі. Осылайша еңбек ете жүріп Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын сырттай оқып бітіреді. Ұзақ жылдар бойғы мол тәжірибе, ұйымдастырушылық қабілет жетістікпен қатар қызмет баспалдақтарымен өсуге жол ашады. Мәселен, 2002-2003 жылдары Ақтоғай локомотив пайдалану депосы директорының орынбасары, өндірістік пайдалану бөлімі бастығы қызметін жауапкершілікпен атқарады. Ал 2003-2007 жылдары «Локомотив» АҚ Аягөз локомотив пайдалану депосының Ақтоғай айналым депосында директор орынбасары қызметінде болды. Ал 2007-2016 жылдары «Локомотив сервис орталығын» да жоғары біліктілікпен басқарады. Әсіресе 2016-2020 жылдар ара лығындағы Ақтоғай локомотив пайдалану депосы филиалының директоры қызметін атқарған жылдары Сейітбек Назарұлы білікті машинистер мен машинист көмекшілерін, слесарьларды дайындауда күш-жігерін аямады. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде.  

Кейіпкеріміздің алғашқы еңбек жолы Ақтоғай локомотив депосының жаңа ашылған жылдарына дөп келіпті. Оны көптен танитын әріптестері ғимаратта жылыту жүйесі болмағанда, екі паровоз арқылы бүкіл депоны жылытып, теміржолшылардың жылы жерде жұмыс істеуіне жағдай жасаған тапқырлығын еске алды.  

1985-1990 жылдары Ақтоғой локомотив депосы ашылып, Ақтоғай-Саяқ, Достық-Алашанькоу теміржол телімдері салынды. Мақсат – ҚХР-мен қарым-қатынасты жақсарту, жүк және жолаушы тасымалын жолға қойып, ел экономикасын көтеру болатын. Ол үшін әлбетте локомотивтерге техникалық күтім жасаудың маңызы жоғары. Басшылық осы бағыттағы жұмыстарды Сейітбек Назарұлына сеніп тапсырды.  

– Ол күндер бүгінде тарихқа айналды. 1985 жылы Ақтоғай локомотив пайдалану депосының техникалық бақылау цехы ашылып, қырықтан аса білікті слесарьлар мен шеберлер жұмыла кірісіп, ең алғашқы 2 Т Э10Л-465 тепловозын дайындықтан өткізіп жолға шығарды. Қазіргі осы айтулы теміржолмен Қытай-Европа-Қытай, Мойынты-Балқаш, Саяқ-Ақтоғай, Достық-Алашанькоу бағытында жылжымалы құрамдар жүйіткуде. Ел үкіметі алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру жолында осындай маңызы зор іс-шараларға қатысқанымды мақтан тұтамын, – дейді кейіпкеріміз.  

Адал қызмет әрдайым абыройға бөлейді. Осынау жылдар аралығында Сейітбек Назарұлы ел үкіметі мен ұлттық компания басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға да ие болыпты. Атап айтсақ, Құрмет грамотасынан бөлек, 2013 жылы теміржол саласындағы айрықша еңбегінің нәтижесінде «Адал еңбегі үшін» медалін алды. 2015 жылы ҚР президентінің «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалін, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ Президентінің «Еңбектегі жетістіктері үшін» атаулы сағатымен марапатталды. Облыстық деңгейдегі мақтау қағаздары бір төбе.  

Сейітбек Назарұлы – жомарттық пен қайырымдылықтың да ерен үлгісін көрсетіп жүрген азамат. Ол жайында өзі көп сөз ете бермегенімен Ақтоғай, Аягөз өңірінің халқы жақсы біледі. Атап айтсақ, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай, азық-түлікпен үнемі көмек көрсетіп келеді. Сонау 2010 жылы Қопа ауылын тасқын су басқанда теміржол саласы басшыларының басын қосып, қызыл су алған үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп берді. Биылғы көктемде өңірдегі он шақты елді мекенді су басқанда, жеке меншік үлкен жүк тиегішін су тасқыны қайтқанша ел игілігіне берді. Осылайша ауыл халқының ризашылығы мен батасын алды. Тарлаулы ауылындағы имандылық үйінің шығындарын да өзі көтеріп алып жүр. Саналы ғұмырында екі мәрте ұмра қажылығын, бір рет үлкен қажылық рәсімдерін өтеп қайтқан исламның бес парызына берік азамат. Жастардың спортпен айналысуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, жыл сайын «Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы» В.Д.Жихарьев атындағы грек-рим күресінен республикалық турнир өткізіп, негізгі демеушісі болуда. Сейітбек Назарұлы отбасында да бақытқа кенелген жан. Зайыбы Сәулия Қалиасқарқызымен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Қызы Гүлдана мен ұлы Нұржан әке жолын қуып, теміржолда еңбек етуде.

 

Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ қызметкерлеріне арналған барлық сервис енді бір платформада
Инфрақұрылым
21.07.2026
Ақтөбе облысында вокзалдарды жаңғырту барысы тексерілді
Спорт
21.07.2026
Теміржолшы Эльбрус шыңында ҚТЖ туын көтерді
Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы Алматыда өрт сөндіруге қатысты
Қауіпсіздік
21.07.2026
Теміржол өткелдерінде профилактикалық рейдтер жалғасуда
Сұхбат
21.07.2026
Теміржол тарихындағы ең ірі жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
Әлеумет
21.07.2026
ҚТЖ атынан хабарласатын телефон алаяқтары көбейді
Жаңалықтар
21.07.2026
Еліміздің вокзалдарында кедергісіз орта қалыптасуда
Цифрландыру
21.07.2026
Ақтөбе теміржолы цифрландырудың жаңа деңгейіне өтуде
Инфрақұрылым
21.07.2026
ҚТЖ жыл басынан бері темір жолдың 686 шақырымын жаңартты
Жаңалықтар / Мұрағат
21.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №55 21 шілде 2026 жыл
Аймақтар
20.07.2026
ҚТЖ компаниядағы мемлекеттік тілдің үлесін 92 пайызға жеткізуді көздеп отыр
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
№81/82 «Нұрлы жол – Орал» Тальго пойызында әйелдер вагоны іске қосылады
Инфрақұрылым
20.07.2026
ҚТЖ Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын жеделдетеді
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ISO халықаралық төрт стандарты бойынша сертификаттарға ие болды
Жаңалықтар
20.07.2026
Өзбекстан мен Қытай Қырғызстан арқылы өтетін теміржол құрылысын бірлесіп бақылайтын болды
Әлемде
20.07.2026
Швейцария рельс арасына орнатылатын күн панельдерін сынақтан өткізді
Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады