Танымал тұлғаның тағлымды жолы

ҚТЖ келбеті
28.04.2026, 09:01

Техника ғылымдарының докторы, Халықаралық көлік академиясының академигі, Құрметті теміржолшы, ҚР еңбек сіңірген көлік қызметкері Амангелді Омаров 30 сәуірде сексен бес жасқа толып отыр. Түрксіб темір жолы пайдалануға берілген даталы күні теміржолшы отбасында дүниеге келгені кездейсоқтық десек те, мұнда бір тылсым бар секілді.

Қазақтан шыққан алғашқы сала басшыларының бірі, Түрксібтің бас инженері Жұмағали Омаровтың ұлы болуы да оның болашақ тағдыр-талайын туа сала айқындағандай. Балқаш қаласында туып-өскен Амангелді ағамыз 1960 жылы мектеп бітірген соң Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтына оқуға түседі.  

«Новосібірдегі институт ректоры кезінде Түрксібте жұмыс істеген Николай Кандаков деген кісі болатын. Сол кісінің бірде маған қарап тұрып: «Папа намного талантливый, чем ты» деп айтқаны бар. Осы сөз маған қамшы болды, кәсіби білікті маман болып қалыптасуыма күш-жігер берді. Осылайша, кешегі көшпенді елдің ұрпағы нағыз теміржол мамандары, инженерлер болып шыға келді. Әкелеріміздің қолымен жиырмасыншы ғасырдың аңызға айналған құрылысы Түрксіб салынды. Солардың тәжірибесі, шеберлік пен дағдысы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, теміржолшылардың біртұтас әулеттері қалыптасты», – деп еске алады бұл туралы өз естелігінде кейіпкеріміз.  

Тәуелсіздіктің алғашқы жеті жылында Алматы темір жолын басқарған Амангелді Жұмағалиұлы 2003 жылдан бері Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры. Айтуға оңай, бүкіл саналы ғұмырын отандық теміржол көлігінің өркендеуі мен дамуына арнаған жан бұл жолға әке даңқымен емес, өз еңбегімен, табан ақы, маңдай терімен жеткені анық.  

Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтын тәмамдап, жолдамамен Қазақ темір жолына келген соң еңбек жолын сонау Арыс жол дистанциясында бригадир болып бастайды. Бірнеше жыл оңтүстіктің ми қайнатар ыстығында нағыз еңбектің тайқазанында шыңдалып, жол шебері, аға шебер болып кәсіби тұрғыда өсе бастайды. Қарағанды жол дистанциясына бас инженер болып ауысқан соң да қалың қардан қалқан тұрғызып, боранмен алысып жүріп жолды ашқан талай төтенше жағдайларды бастан кешіп, өндірісте әбден пісіп жетіледі. 1971 жылы Балқаш жол дистанциясын, сосын Қарағанды жол дистанциясын басқарып, тәжірибесі толысқан маман бөлімше басшылығына келеді.  

1977 жылы Қарағанды теміржол бөлімшесінде жаңадан екінші жол салынды. Қарағанды – Жарық – Мойынты аралығын толық электрлендіру жұмысы басталды. Міне, осы үлкен жұмысты Амангелді Жұмағалиұлы басқарып, теміржол басшылығы алға қойған тапсырманы абыроймен орындап, барлық сүзгі-електен сүрінбей өтеді. Тәжірибелі теміржолшы 1983 жылы Алматы жол басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 1988-1990 жылдары Ақтоғай – Достық – Алашаңқай халықаралық теміржол магистралін жаңарту мен жаңғыртуды басқарып, маңызды жобаға зор үлес қосады.  

«1991 жылы осы халықаралық магистральді қабылдағанда Алматы теміржол басқармасының бастығы қызметіне бекітілдім. Екі ел арасындағы алғашқы жүк тасымалдау пойызы 1991 жылы 20 шілдеде жолға шықты. Ал 1992 жылдың 20 маусымында іске қосылған Алматы-Үрімші жолаушылар пойызы тарихи оқиға болды. Көп жұмыс жасалды. Жол бойындағы станциялар дамып, тұрмыстық үйлер, мектеп пен балабақшалар бой көтерді. Ағадыр, Жарық, Балқаш, Саяқ, Ақтоғай, Шеңгелді және Достық кентін ауызсумен қамтуға орай мыңдаған шақырым су құбырын тартып, жаңа жүйеге келтіруге тырыстық. Міне, Қытаймен алғашқы түйіспе арқылы содан бері жүк тасымалы миллиондаған тоннамен өлшеніп өсіп жатыр», – деп өткен күндерден сыр шертеді ардагер.  

Амангелді ағамыз тағдырына айналған темір жолда жолықтырған ұстаздары мен әріптестерін ризашылықпен еске алады. Новосібір теміржол институтының «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» факультетінде В.Г.Альбрехт, Н.П.Кондаков, Г.М. Шахунянц, К.Шепотин, А.К.Дюнин, С.В.Амелин, К.К.Якобсон, М.Х.Ахметзянов, К.Н.Коржавин секілді мүйізі қарағайдай ғалымдардан дәріс алғаны бүкіл өміріне азық болғанын айтады. Аға буыннан алғашқы ұстазы болған әкесі Жұмағали Омаровпен қатар Мұстафа Қазбеков, Байзақ Пірманұлы, И.А.Задорожный, Мұхтар Бисембиев, Ербай Боранбаев, Ю.А.Расстрыгин, К.Н.Куниловский, М.Ф.Дидик, А.В.Стародуб, Г.В.Виноградов, Құдайберген Дүйсенұлы Көпжасаров, Ю.В.Панов, А.С.Голубченко, Рымбек Тұрғанбаевты және А.И. Ширяевті қазақ темір жолының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар және ұстаздарым деп санайды. Қатарластарынан Нығметжан Есенғарин мен Марат Хамзинге құрметі бөлек. Оларды қазақтар арасынан шыққан алғашқы СОБ, автоматика-телемеханика саласының мамандары ретінде ерекше бағалайды.  

Елімізде теміржолшы мамандардың жетіспеушілігі Амангелді Жұмағалиұлының жаңа мыңжылдықтың басында кәсіби теміржолшылар даярлайтын оқу орнын ашуына түрткі болды. Қазақ қатынас жолдар университеті міне ширек ғасыр көлік және коммуникация мен экономиканың басқа салаларына қажетті мамандар даярлап келеді. Университет кешенінде: «Станция кезекшісі»; «Пойыз диспетчері»; «Сұрыптау станциясы»; «Тұрақты токтың рельстік тізбектерін зерттеу»; «Рельстік тізбектердің жұмыс тәртібін есептеу»; «Бағдаршам әрекетінің принциптері мен құрылғыларын зерттеу»; «Түзеткіштерді экспериментальді зерттеу»; «Амплитудалық детекторды зерттеу»; «ҚТЖ зерттеу»; «Байланыстың сандық жүйесі»; «Сигнал спектрлерін зерттеу» сынды толық көлемдегі оқу бағдарламасын қамтитын зертханалар бар.  

Жүздеген, тіпті мыңдаған теміржолшыларға ұстаз болған ғалым, тау тұлғалы ардагерді кешегі-бүгінгі әріптестері атынан мерейтойымен құттықтаймыз.  

 

Берік АЙТБЕКОВ,  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппараты  

Ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Жаңалықтар / Мұрағат
15.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №73 15 қыркүйек 2026 жыл
Аймақтар
14.09.2026
Түрксібтің төл туындысына – 95 жыл
Жолаушылар тасымалы
14.09.2026
Пойызда үй жануарларын алып жүру кезінде жолаушы нені білуі керек?
Әлемде
14.09.2026
Ресей теміржолдарында пойыздардың рельстен шығуы мен соқтығысуы 13%-ға артты
Әлемде
14.09.2026
Alstom Канадаға 313 жолаушылар вагонын жеткізеді
Жаңалықтар
14.09.2026
Қызметтік иттердің көмегімен теміржолда 74 есірткі дерегі анықталды
Жаңалықтар
13.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
12.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойызы СҚО дала өртін сөндіру кезінде ТЖД-ға көмек көрсетті
Жаңалықтар
11.09.2026
ҚТЖ-да Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті
Жаңалықтар
11.09.2026
Теміржолшылар «Қауіпсіз өткел» акциясымен 127 өткелді қамтыды
Аймақтар
11.09.2026
Семейде күзгі тасымал күрт өсті
ҚТЖ келбеті
11.09.2026
Таспа талдау – қауіпсіздік кепілі
Қауіпсіздік
11.09.2026
Оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелері ескертілді
Аймақтар
11.09.2026
Жаңаөзен вокзалында ардагерлер бұрышы ашылды
Аймақтар
11.09.2026
Арыс станциясында Алаш көсемінің мұрасы дәріптелді
Жаңалықтар
11.09.2026
Үздік вагон депосы
Жаңалықтар
11.09.2026
Қозғалыстағы пойызға жармасқан азаматтар машинисті шұғыл тежеуге мәжбүр етті
Жаңалықтар / Мұрағат
11.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №72 11 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты