67 жылын теміржолға арнаған ардагер
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Жамбылдық қарт теміржолшы Қапай Айдарханұлы тоқсан жасқа толды. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов бастаған топ Құрметті теміржолшыны мерейлі жасымен арнайы барып құттықтады.
Қонақтарды қақпа алдынан өзі қарсы алған қариядан ішкі тәртіп пен жинақылық байқалады. Тоқсанға келсе де қуатты да тың, зердесі тозбаған. Филиал басшысы саладағы еңбек жолын сонау 1959 жылы станция кезекшісі болып бастап бірқатар өңірде түрлі басшылық қызметтерді атқарған ардагерді 90 жасымен құттықтап, Құттықтау хатын тапсырды. «Сол жылдары ерен еңбегіңіз үшін «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған сіздің даңқты еңбек жолыңыз тәжірибеңіз бен кәсіби шеберлігіңіз – теміржол саласындағы жастарға үлгі», – деп атап өтті Айдын Пайзылдаұлы.
Аймақтық ардагерлер кеңесінінң төрағасы Бауыржан Найманбаев қазақы жөн-жоралғыға сай ақсақалға шапан жапты. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Теміржолшы ардагерлер Орталық кеңесінің төрағасы Болатбек Дүйсемалиевтің мерейтой иесіне арнаған Алғыс хатын тапсырды.
Ал кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалы есебінен ардагер теміржолшының есеп-шотына 90 мың теңге қаржылай сыйлық аударылғанын айтып, бөлімшенің кәсіподақ ұйымы атынан қарияға азық-түлік себетін тарту етті.
– Бұл салаға Түркістан – Сібір темір жолы деген атау өзгеріп, Қазақ темір жолы құрылған 1959 жылы қабылдандым. Ол шақта оқу бітірген техник мамандар, инженерлер аз. Новосібір қаласында оқу бітірген соң, туған жерім Семейде станция кезекшісі болып жұмыс істедім. Үш бірдей аймақта – Батыс, Оңтүстік, Шығыс өңірлерінде еңбек еттім. Бір жерде жүк тасымалы бөлімінде, тағы бірінде станция бастығы болдым. Семей станциясын басқардым. «Құрметті теміржолшы» атағын алғаным сол жылдары. Солай-солай зейнеттік жасқа жеттік, – деп теміржол саласында еңбек еткен жылдарын естелік айтқан Қапай ақсақал арнайы іздеп келіп, ізет көрсеткен басшыларға ризашылығын жеткізіп, батасын берді.