Қауіпсіздік форумы: Еңбек қорғаудың басты қағидалары

Қауіпсіздік
14.11.2023, 09:48
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да өндірістік қауіпсіздікке арналған V форум «Тәртіп. Қорғану. Қауіпсіздік» ұранымен өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі форум еңбек қорғау және қауіпсіздік саласындағы ірі сараптамалық алаңға айналып үлгерді. Қауіпсіздік саласына қатысты мәселелер, жарақаттанушылық деңгейін төмендетуге қатысты қабылданып жатқан шаралар талқыланатын форум аясында биыл да сөз алған спикерлер еңбек қауіпсіздігі саласындағы озық тәжірибелермен және жаңа технологияларды қолдана білу тәсілдерімен бөлісті.

Форумға «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Александер Ширхубер, Австрия Федералдық темір жолдарының өкілі Эдит Шиндльбахер, ҚТЖ және оның еншілес компанияларының, жол және магистральдық желі бөлімшелерінің басшылары, HSE саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.  

Бірінші болып сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов, жарақаттану оқиғаларына жасалған талдаулар, жазатайым оқиғалардың басым көпшілігінде олардың негізгі себептері жұмысшылардың еңбек және технологиялық тәртіпті сақтамауы және соның салдарынан жұмыс технологиясының бұзылуы екенін анықтап бергенін атап өтті. Сондықтан бүгінгі кездесудің мақсаты «Технологияны сақтау – еңбек қауіпсіздігінің негізі» деп белгіленуі кездейсоқ емес.  

«Темір жол – үздіксіз өзара байланысты өндірістік кешен. Сондықтан оның кез келген бір буынындағы технологиялық процестің сақталмауы пойыздар қозғалысының бұзылуына, жұмыстың тоқтап қалуына ғана емес, сонымен бірге жеңіл және ауыр салдары бар жазатайым оқиғалардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Өндірістегі жарақаттардың жоғары деңгейі өте өткір мәселе болып қала береді. Үкімет жыл соңына дейін 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауы керек. Ол жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек» деп атап өткен болатын. Осы ретте қауіпсіз жұмыс тұжырымдамасын әзірлеуге қатысу үшін ҚТЖ жұмыс тобына технологиялық процестерді жақсы білетін және мықты практикалық тәжірибесі бар ең білікті мамандар енгізілді», – дейді Қанат Есмұханұлы.  

Қанат Әлмағамбетов, сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық компанияға Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтаарал және басқа да бірқатар ірі теміржол жобаларын жүзеге асыруға зор жауапкершілік жүктегенін айтты. Жаңа және жаңартылған теміржол желілері өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Ал оларға қызмет көрсету үшін әрине технологиядан ауытқу құны жазатайым оқиғаларға әкелетінін түсінетін сауатты, тәжірибелі және тәртіпті кадрларды тарту қажет болатынын, сондықтан бұл жерде оқыту, нұсқама өткізу, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау, яғни жұмыс технологиясын сақтау мәселелері бірінші орынға қойылатынын жеткізді.

– Еңбекті қорғау Компания қызметінің маңызды құрамдас бөлігі, өйткені теміржолшылардың 90%-ы жарақаттану қаупі жоғары аймақта жұмыс істейді. Осыған қарамастан нөлдік жарақатқа қол жеткізуге мүмкіндік бар және ол басқарылатын процесс. Оның жарқын мысалы ретінде, ҚТЖ желісіндегі кәсіпорындардың 73%-ның 5 және одан да көп жыл жарақатсыз жұмыс істеп келе жатқанын айтар едік. 276 кәсіпорын 20 жылдан астам, 3 кәсіпорын 30 жылдан астам уақыт бірде-бір рет жарақаттану оқиғасына жол бермеген. Бұл арада табыстың сыры – әрбір жұмысшы, кіші буын жетекшілерден бастап кәсіпорынның бірінші басшыларына дейін технологиялық процесте көрсетілген талаптарды қатаң сақтауында және орындауында болып тұр», – деп түйіндеді сөзін Қанат Әлмағамбетов.  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері – Техникалық саясат департаментінің бас инженері Батыр Котырев тиімді ішкі бақылау қауіпті әрекеттерді анықтауға және олардың жолын кесуге, сондай-ақ қауіпті жұмыстарды тоқтатуға мүмкіндік беретінін, алайда егер қызметкер өз өмірі мен денсаулығына байыппен қарамаса, ешбір ережелер жұмысты қауіпсіз ете алмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол 2024 жылға арналған міндеттер мен жоспарларға да тоқталып өтті. Олардың қатарында әлеуетті қауіп-қатерлер туралы жұмысшылардың көп бөлігіне хабардар ету және алдын алу жұмыстарына персоналдардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету; кәсіби ауру-сырқаудың алдын алу, ол үшін еңбек жағдайы бойынша өндірістік нысандарға уақытылы және сапалы аттестация жүргізе отырып, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін кемшіліктер анықталған жағдайда оларды жою; медициналық байқаулар мен оларды есепке алуды автоматтандыру; сала қызметкерлерінің білім-біліктілігін арттыру іс-шараларын жалғастыру; сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін сақтауға ықпал ететін техникалар мен технологияларды енгізу жұмыстарын одан ары жалғастыру, т.т. шаралар бар екен.  

Персоналдардың қауіпсіздігін арттыруға арналған цифрландырылған техникалық шешімдерді тираждау мәселесіне «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Владимир Петров тоқталды. Бүгінде Қоғамда 40 мыңнан астам станция қызметкері тіркелсе, соның 63%-ы қауіптілігі жоғары аймақта еңбек етеді. Статистикалық деректер Жүк тасымалында еңбек ететін машинистер және көмекшілері, пойыз құрастырушылар, вагондар қозғалысының жылдамдығын реттеушілер, пойыздарды қабылдап алушылар, т.б. мамандық иелеріне қатысты жазатайым жайттар жоқ емес және олардың арасында адам өліміне әкелген қайғылы оқиғалар да бар екенін көрсетеді. Осындай жағдайларды жою және болдырмау үшін Серіктестік жұмыс орындарында жұмысшылардың қауіпсіздігін жақсартуға арналған жүйелерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың ішінде персонал қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық техникалық шешімдердің ішінде ең өзектілері ретінде локомотивтерге бейнетіркегіштер орнату; вагондар алға жылжыған кезде қашықтан бейнебақылау жүйесін және медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесін енгізу, т.б. бар екен.  

Владимир Петров локомотивтерді бейнетіркегіштермен жарақтандырудың пайдасына тоқталды. Біріншіден, машинистердің темір жолға оң және сол қапталдан шолу жасауын жақсартады, екіншіден, маневр қозғалысы барысында пойыз құрастырушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, үшіншіден, «бір тұлға» қағидасымен жұмыс істеу кезінде локомотивті басқаруды жеңілдетеді, сонымен қатар онлайн режимінде пойыздың жағдайы мен локомотив бригадасының іс-қимылын бақылауға, сондай-ақ вандализм мен тонау әрекеттерінің алдын алуға, т.т. тиімділіктер бар көрінеді.  

Қазіргі таңда Серіктестіктің инвентарлық паркінде 278 бірлік локомотивке орнатылған 300-ден астам бейнебақылау камералары бар. Оның 57%-ы жолаушылар, 22%-ы маневрлік тепловоздарға, 21%-ы жүк локомотивтеріне орнатылған. Алдағы уақытта 400-ден астам локомотивке видеорегистратор сатып алу жоспарланып отыр екен. Сол кезде локомотивтерге орнатылған видеотіркегіштер саны 2 мыңнан асып жығылмақ.  

Пойыз құрастырудың қауіпсіздігін арттыру үшін «Қауіпсіз көзқарас» жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен, ол машинист жүргізетін операциялар кезінде құрастырушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал вагондар алға жылжыған кезде қашықтан бейнебақылау жүйесі екі маңызды компоненттен тұрады: мобильді бейнебақылау блогы және локомотив жабдығы. Жылжымалы қондырғы пойыздың артқы вагонында орнатылып, кескін жүргізуші кабинасындағы мониторда қашықтық торымен қабаттастырылған түрде көрсетіледі.  

Қауіпті аймақта жұмыс істейтін теміржолшылардың жұмысқа түсер алдында денсаулығын тексеру – ең маңызды мәселенің бірі. Осы ретте медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесін енгізу қазіргі заман талабы болып отыр. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС енгізіп отырған Бағдарламалық-аппараттық кешен ауысым алдындағы, сапар алдындағы және ауысымнан кейінгі, сапардан кейінгі медициналық тексерулерді ұйымдастыруға және өткізуге арналған. Жоба озық тәжірибе мәселелері бойынша тараптардың күш-жігерін біріктіруге және профилактикалық шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл өндірістік жарақаттарды айтарлықтай азайтуға және жазатайым оқиғалардың санын төмендетуге мүмкіндік бермек. Бүгінде ел өңірлеріндегі 25 локомотив пайдалану депосы медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесімен жарақтандырылған.  

Серіктестік басшысы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-да іске асырылып жатқан осындай ізгі шаралар еңбек қауіпсіздігін сақтауға көмектесетініне сенім білдірді.  

Форумда сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясының директоры Сәкен Рахметов шпал мен рельстерді тиеп түсіру барысында технологияның сақталуына тоқталды.  

«Шпалдарды/рельстерді тиеу-түсірумен байланысты жұмыстар кезіндегі өндірістік жарақаттарды жою үшін еңбек ұжымдарында және құрылымдық бөлімшелерде күн сайын «Қауіпсіздік минуты» және қауіпті жұмысты тоқтату құқығын пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар жұмыс орнындағы қауіп-қатерлерді анықтау кезінде қызметкердің санасы мен мінез-құлқын өзгертуге бағытталған.Сондай-ақ дирекция ескірген құрал-жабдықтар мен механизмдерді заманауи құрылғыларға ауыстыруда. Мәселен, 2023-2027 жылдар аралығында кран қондырғысы бар 20 мотовоз, 1589 рельсті көтергіш сатып алу жоспарлануда», – деді Сәкен Рахметов.  

Айтуынша, өндіріс қызметкерлерінің еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау бағытында білім-біліктілігін арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда 40 сағаттық бағдарлама бойынша 729 жұмысшы, 10 сағаттық бағдарлама бойынша 6177 жұмысшы оқытылған. Сондай-ақ 2024 жылды Магистральдық желі дирекциясы «Еңбек қауіпсіздігі жылы» деп жариялап отыр. Жыл шеңберінде технологиялық процестерді орындау кезінде еңбек жағдайларын жақсарту және қауіпсіз еңбек әдістерін қабылдау шараларын қамтылмақ.  

Маңызды жиында «СамұрықҚазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Александер Ширхубер сөз алып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ал Австрия Федералдық темір жолдарының өкілі Эдит Шиндльбахер аталған теміржолда еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру тәжірибесімен бөліссе, Компанияның Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева, жұмысшылардың қауіпті іс-қимыл болдырмайтын психологиялық күйіне жету тақырыбында баяндады.  

Форум аясында заманауи жеке қорғаныс құралдарының, медициналық жабдықтардың, VR технологияларының, жұмыс орнындағы қауіпсіздік саласындағы цифрлық шешімдердің көрмесі ұйымдастырылып, үш панельдік сессия өтті. Сонымен қатар қауіпсіздік және еңбекті қорғауда табысқа жеткен қызметкерлер марапатталды.  

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр