Тоғыз жолдың торабындағы Шу станциясында орналасқан теміржол мекемелері арасында волейболдан өткен жарыста машинистер командасы жеңіске жетті.

Жамбыл теміржолшылар кәсіподағының бекіткен календарлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылған спорттық шараға 6 команда қатысты. Осы команданың бәрінен шеберлігі артық шығып, айқын басымдылықпен бірінші орынға шыққан Шу локомотив пайдалану депосының машинистері бұрыннан-ақ бәйгенің алдын бермейтін мықты ойыншылар болатын. Сондықтан олардың жеңісі бірауыздан мойындалып, жанкүйерлер қуана қол соғып, қошемет білдірді. Сондай-ақ Шу белгі беру және байланыс дистанциясы екінші орынға шықса, Әскерилендірілген теміржол күзетінің жігіттері үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар кәсіподақ тарапынан дайындалған бағалы сыйлықтармен марапатталды.