«Qorgau» – күзет қызметіндегі бірегей жоба

Трансформация
04.11.2025, 10:15
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Бұл жолы дәстүрлі медиа-кездесу «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС бас директоры Нұржан Әлкеевпен «Burabay Express» электропойызында сұхбат-саяхат форматында өтті. Мекеме басшысы әңгімесін Әскерилендірілген теміржол күзетінің қысқаша тарихынан бастап, бүгінгі тыныс-тірлігі, уақыт талабына үн қосуы жолындағы заманауи цифрлық жүйелерге көшуі туралы баяндап берді.

«ӘТЖК» ЖШС Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да күш құрылымдарымен тығыз жұмыс істейді. Қоғамдық және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысып, төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетеді. Сондай-ақ Ресей, Белоруссия мен Қытай қауіпсіздік ұйымдарымен де ынтымақтастық орнатқан.  

«Қазіргі таңда ӘТЖК теміржол станциялары мен терминалдарды, көпірлер және әкімшілік ғимараттарды күзетумен қатар жүктерді ел ішіндегі және халықаралық бағыттарда, соның ішінде Қытай – Еуропа транзиттік дәлізі арқылы да ілеспе күзетпен қамтамасыз етеді. Қазіргі заман ағымы қауіпсіздік жүйесіне жаңа көзқарас қажет екенін көрсетіп отыр. Сондықтан біз ендігі жерде күзеттің дәстүрлі моделінен күзеттің гибридті моделіне көшеміз, бұл дегеніміз, адамның кәсібилігі мен заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері біріктіріледі. Цифрландыру, заңнаманы жетілдіру, артық қағазбастылықты азайту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың мақсаты – адамды ауыстыру емес, оны технологиямен күшейтетін заманауи қауіпсіздік экожүйесін қалыптастыру», – дейді Нұржан Төлетайұлы.  

Айтуынша, осы мақсатта Шұғыл басқару орталығы құрылып жатыр. Бұл орталық Әскерилендірілген теміржол күзетінің барлық филиалы мен посттарын бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіреді. Соның арқасында пойыз қозғалысын, жоспарланған жұмыстарды және тәуекелдері көп аймақтарды нақты уақыт режимінде бақылап, қажет кезде күзетті күшейту мүмкіндігі арта түспек.  

Бұрын теміржол күзетінің қызметкерлері шектеулі ақпаратпен жұмыс істеп, пойыздардың саны мен бағыты туралы нақты деректер болмағандықтан, шешімдерді факт бойынша қабылдайтын. Енді Шұғыл басқару орталығының арқасында «соқыр» әрекеттен алдын ала болжауға көше алады. Яғни қауіп туғанда емес, одан бұрын әрекет ету – ресурстарды дұрыс бөлу, жоспарлау және қауіпсіздікті барлық деңгейде қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Осылайша, теміржол күзеті тасымалдау процесін қауіпсіз ұйымдастыру, оны тек интуицияға емес, нақты деректерге сүйене отырып жүргізеді.  

«Осы тәсілді дамыта отырып, күзет моделінің болашақ жүрегі болатын «QORGAU» жүйесін жасап жатырмыз. Жүйені теміржол саласында бірнеше цифрлық жобаларды сәтті жүзеге асырып, жақсы нәтижелер көрсеткен қазақстандық жас мамандар әзірлеуде. «QORGAU» жүйесі темір жолдағы жүктердің сақталуын автоматты түрде бақылауға, маршруттарды, дабыл сигналдарын және бекеттердің жағдайын нақты уақыт режимінде қадағалауға арналған. 16 операцияны оңтайландыру пойызды тексеру уақытын 37%-ға қысқартып, қағаз құжаттары мен мұрағаттарды қажетсіз етеді. Қызметкерлерге деректерді қолмен жазудың қажеті болмайды: маршруттар, пойыздар және тексеру нәтижелері автоматты түрде жүйеге тіркеледі», – деп жаңа жүйенің ерекшелігімен бөлісті спикер.

Білгеніміздей, ӘТЖК қызметкерлеріне арналған арнайы мобильді қосымша да жасалуда екен. Ол маршруттық және бағыт парақтарын құрастырып, пойыздардың келуі мен кетуін тіркеп, күзет процесін бақыламақ және де әскерилендірілген теміржол күзетінің Шұғыл басқару орталығымен біріктіріледі. Болашақта бұл жүйе диспетчерлік қызмет, еңбекақы есептеу және Help-Desk қолдау қызметін де атқарып, күзет процесін толық цифрландырмақ. Осылайша, бұл жобаның жүзеге асырылуы орталықтандырылған басқаруға, нақты талдау мен болжам сапасын арттыруға, сондай-ақ адами факторларды азайтуға мүмкіндік береді.  

Нұржан Әлкеев, цифрландыру бағытындағы алдағы күн жоспарларымен де бөлісті. Соның бірі, 2026 жылға межеленіп отырған әуеден бақылау, яғни әуе патрулін енгізіп, жеке күзетті ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (дрондармен) толықтыру екен. Олар ұзын теміржол учаскелерін бақылауға, рұқсатсыз кіруді тіркеуге және ықтимал қауіптерді тез анықтауға мүмкіндік береді. Дрондар жасанды интеллект модульдерімен жабдықталатындықтан, адам жүзін, объектілер мен қозғалысты тану сипатына ие болмақ. Бұл бақылаудың дәлдігін арттырып, қызметкерлердің жүктемесін азайтып, негізгі шұғыл тапсырмаларға көңіл бөлу мүмкіндігін күшейтпек. Сонымен қатар 2026 жылы цифрлық қауіпсіздік экожүйесінің негізгі элементтерінің бірі – GPS-пломбаларды енгізу де жоспарланған. Олар пойыздардың орнын нақты уақыт режимінде қадағалап, контейнердің ашылғанын, қозғалысын немесе ұзақ тоқтағанын тіркейді. Егер контейнер рұқсатсыз ашылса, пломба үзіліп қалса немесе маршруттан ауытқитын болса, құрылғы автоматты түрде сигналды «QORGAU» жүйесіне және Шұғыл басқару орталығына жібереді, бұл шұғыл әрекет ететін оңтайлы топтардың дереу хабардар болып, шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік береді.  

Болашақта интеллектуалды аналитикасы бар бейнебақылау жүйелері мен цифрлық видео-жетондар енгізу де ӘТЖК мамандарының ілкімді жобаларының бірі. Бұл құрылғылар үздіксіз бейне мен аудио жазып, ішкі жадыда сақтайды және кейін талдауға мүмкіндік береді. Видео-жетондар қызметкердің әрекетін бақылауға, төтенше жағдайларда оқиғаның толық көрінісін қалпына келтіруге және қызметтік тексерулерде дәлел базасын жасауға көмектеседі екен. Сайып келгенде, мұның бәрі біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, процестердің ашықтығын, шұғыл әрекетті және тасымалдаудың барлық кезеңінде жоғары деңгейдегі бақылауды қамтамасыз етуге септігін тигізеді.  

«Әскерилендірілген теміржол күзеті – бұл жай күзет ұйымы емес. Бұл – темір жолдың қалқаны, «ҚТЖ» жүйесінің тірегі және еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Біз ашық, адал әрі заманауи ұйым құрып жатырмыз. Мұнда әр қызметкер өзінің орны мен маңызды екенін сезініп, адал еңбек пен кәсібилік бағаланатын болады», – деп түйіндеді сөзін «ӘТЖК» ЖШС басшысы.  

 

Әлемде
15.05.2026
Биыл Ресей теміржолдарында апат пен пойыздардың рельстен шығу жағдайлары көбейген
Жолаушылар тасымалы
15.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы қатынайды
Аймақтар
15.05.2026
Қозғалыс қауіпсіздігін күзеткен теміржолшылардың аналарына құрмет көрсетілді
Инфрақұрылым
15.05.2026
Жаңаланған жолдар – қауіпсіздік кепілі
Аймақтар
15.05.2026
Көктемгі байқау кемшіліктерді анықтады
Аймақтар
15.05.2026
Семейлік теміржолшылар қаржылық сауаттылығын арттыруда
Жаңалықтар
15.05.2026
Астанада жас теміржолшылар үшін кәсіби бағдарлау курсы өтті
Аймақтар
15.05.2026
Әмбебап маман
Аймақтар
15.05.2026
Қауіпті сейілткен теміржолшының анасы алғысқа бөленді
Аймақтар
15.05.2026
Бір жұмысшы – бір өсімдік
Жаңалықтар / Мұрағат
15.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №37 15 мамыр 2026 жыл
Жаңалықтар
14.05.2026
ТМД темір жолдары интеграцияны нығайтуда
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Көлік вице-министрі «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске асырылу барысын тыңдады
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Солтүстік Қазақстандағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын
Аймақтар
14.05.2026
Маңғыстау теміржолының ардагерлері бас қосты
Әлемде
14.05.2026
Швеция жануарларды анықтайтын жасанды интеллект жүйесін сынақтан өткізіп жатыр
Инфрақұрылым / Инфографика
14.05.2026
Қазақстанда темір жолдарды жаңғыртудың жоспарланған көлемінің үштен бірі орындалды
Аймақтар
14.05.2026
Ардагерге тағзым – ұрпаққа өнеге
Жаңалықтар
14.05.2026
Шу станциясында полицейлер азаматты ажалдан аман алып қалды
Жолаушылар тасымалы
14.05.2026
1 маусымнан бастап Семей – Жалаңашкөл бағыты бойынша жол жүру тарифі өседі