Өзбекстанда Қытайдың екінші CRRC пойызы қатынай бастады
Өзбекстанда қытайлық CRRC компаниясы шығарған екінші CR200J пойызы жолаушы тасымалына кірісті. Бес вагоннан тұратын push-pull үлгісіндегі құрам 10 қыркүйектен бастап Ташкент – Әндіжан бағытында күніне екі рет қатынайды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Пойыз төрт аялдаманы қоса есептегенде екі қала арасын 4 сағат 15 минутта жүріп өтеді. Бұған дейін бұл бағыттағы сапарға 6-7 сағат кететін.
Төрт жолаушылар вагонында эконом-кластағы 357 орын бар. Орындықтарды қозғалыс бағытына қарай бұруға болады. Вагондар климат-бақылау жүйесімен және мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған орындармен жабдықталған. Пойыздың пайдалану жылдамдығы сағатына 160 шақырымға жетеді.
«Узбекистон темир йуллари» компаниясы бас директорының орынбасары Фозил Шариповтың айтуынша, CR200J таулы аймақтарда жүруге бейімделген. Сондықтан болашақта оны Ташкент – Термез бағытына шығару мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.
CR200J үлгісіндегі алғашқы алты вагонды құрам тамыздың ортасынан бері Үргеніш халықаралық әуежайы мен Хиуа теміржол станциясын байланыстыратын жаңа желіде қатынап жүр.
Сонымен қатар Өзбекстан жылжымалы құрам паркін жаңартуды жалғастыруда. Елге ресейлік «Трансмашхолдингпен» ынтымақтастық аясында ЭП3Д электр пойыздары жеткізіліп, олардың соңғы құрастыру жұмыстары Ташкентте жүргізілуде. 2026 жылы чехиялық Skoda Group та Өзбекстанға электр пойыздарын жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол жеткізді.