Жібек жолы неге «ұлы» жол?

Жүк тасымалы
17.10.2023, 11:04

Kazinform агенттігі  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір белдеу, бір жол» ІІІ халықаралық форумы аясындағы Қытайға сапарына орай ауқымды жобаның Қазақстан келешегіндегі орны туралы сараптама ұсынды.

Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің баспасөз кеңсесі «Бір белдеу, бір жол» жобасына арнап биыл қазанда шығарған «Ақ кітапта» көне Жібек жолының тарихы 2000 жылдан асатыны баяндалған.

Бұл құрлық жолы Азия, Еуропа мен Африканы бір-бірімен байланыстырған. Ал осыдан 1000 жыл бұрын Батыс пен Шығысты байланыстырған теңіздегі Жібек жолы ашылған.

2013 жылы Қытай «ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты жобаны ұсынып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын көтерді. Бұл бастама көне Жібек жолының бүгінгі жалғасы саналып жүр.

«Бір белдеу, бір жолдың» әлеуеті қандай?

Қытай бастамашы болған бұл жоба әлемдегі ең ауқымды экономикалық жобаның бірі саналады.  

Ресми мәлімдемелерде оның басым бағыттары инфрақұрылымды дамыту екені айтылады. Яғни, сауда мен өнеркәсіп саласындағы көпжақты байланысты дамытып, мәдени-гуманитарлық алыс-берісті кеңейтуге бағытталған.

Жоба қамтуға қауқарлы кеңістіктің бәрінде сәтті жүзеге асса, әлемдегі ең ірі халықаралық серіктестік алаңына айналуы мүмкін.

«Ақ кітапта» «Бір белдеу, бір жол» жобасы бәріне бірдей ашық жол деп көрсетілген. Сол жолды Еуразия мен Африканың, Америка мен мұхит аймағының бүкіл елдеріне пайдалану ұсынылып отыр.

Бастаманы алға ілгерілетушілер жобаға қатысатын елдердің құқығы тең салымшы болатынын, түпкі пайдаға да теңдей иелік ететінін айтып жүр.

«Бір белдеу, бір жол» нарықтардың интеграциясын тереңдетіп, сауда мен инвестицияны либералдандырып, байланысты оңайлатыныны туралы насихат көп.

Бастама жаһандық деңгейдегі өнеркәсіп және өндіріс-сауда тізбектерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деген болжам бар. Оны жақтаушылар экономикалық жаһанданудың бәріне тиімді, теңгерімді, ашық, инклюзивті арнасы ретінде сипаттайды.

Жоба жария етілген 10 жылдың ішінде 150-ден астам ел, 30-дан астам халықаралық ұйым мегажобаны ҚХР-мен бірлесіп іске асыруға бағытталған құжаттарға қол қойған.

10 жыл не берді?

2013 жылдан 2023 жылға дейін Қытаймен «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында әріптестік орнатқан елдердің жалпы сауда айналымы 19,1 трлн долларға жеткен көрінеді.

Ал орташа даму қарқыны 6,4% болды деген дерек айтылады. Қытай мен жобаға қатысушы елдер арасындағы инвестициялық келісімдердің көлемі 380 млрд долларға жеткен.

Оның 240 млрд долларын Қытай тарапы салып отыр.

Серіктес мемлекеттер арасында қайта пысықталып, қол қойылған құрылыс келісімшарттарының жалпы құны 2 трлн долларға жеткен дейтін мәлімет бар.

2022 жылы ғана Қытай мен серіктес елдер арасындағы импорт пен экспорттың көлемі $2,9 трлн болған. Бұл — Қытайдың сыртқы сауда айналымының 45,4% деген сөз.

2023 жылғы тамыздың соңында 80-нен астам ел мен халықаралық ұйым осы жоба аясында кедергісіз сауда қарым-қатынасын түзу бастамасына келісім берді. Жоба аясында Қытай 28 ел мен аймақ арасында еркін сауда-саттық туралы 21 келісімшартты бекітті.

Тіпті Жібек жолы қоры ашылып, Азия инфрақұрылым инвестициясын дамыту банкі құрылды.

2023 жылғы маусымның аяғына қарай Жібек жолы қоры инвестиция көлемі 22 млрд доллардай болатын 75 жоба бойынша келісімшарт жасады.

Азия инфрақұрылым инвестициясын дамыту банкі 106 мүше тіркеп, жалпы көлемі 43,6 млрд доллар болатын 227 жобаны мақұлдаған.

«Бір белдеу, бір жол» аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі 139,4 млрд долларға жеткен.

Жаңа Жібек жолындағы Қазақстанның орны

2013 жылдың қыркүйегінде Астанадағы жиында ҚХР басшысы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасын бірлесіп іске асыруды ұсынды.

Соның аясында Қазақстан мен Қытай көлік, логистика, өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, туризм, білім және мәдениет салаларында белсенді әріптестік орнатып жатыр.

Бүгінде Қытай Қазақстан үшін ең ірі инвестиция салушы елдердің бестігіне кірді. Инвестиция мен өндіріс саласындағы жобаларға екі жақ та үлкен үмітпен қарап отыр.

Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн кейінгі 10 жылда Қытай мен Қазақстан арасында тығыз байланыс орнап, көлік-логистика саласында жемісті әріптестік қалыптасқанын айтады.

Дипломат бұл байланыс екі ел үшін тиімді болып қана қоймай, Еуразия құрлығында экономиканың дамуына ерекше серпін берді деп есептейді.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қытай мен Қазақстан арасындағы халықаралық әріптестіктің синониміне айналды. Екіжақты байланыс халықаралық, аймақаралық әріптестіктің қандай болуы керектігіне үлгі болатындай деңгейге жетіп отыр. «Қытай-Еуропа» бағытындағы теміржол және автокөлік дәлізі аймақтағы экономикалық алыс-берістің күре тамырына айналды», — дейді дипломат.

Яо Пэйшэн кейінгі 10 жылда Қытай мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік аясы кеңейгенін айтады.

«Қазақстан — әлемдік деңгейдегі астық қамбаларының бірі. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласындағы әлеуетіне көптеген елдер оптимистік болжаммен қарап отыр. Екі арадағы ауылшаруашылық әріптестіктің нақты нәтижесі де бар. 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ауылшаруашылық сауда-саттықтың көлемі 930 млн долларға жетіп, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 61,3% өсім көрсетті», — дейді ол.

ҚХР Бас кеден басқармасының мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданың жалпы көлемі 2022 жылы 31 млрд доллар болып, бір жылда 23% өсім көрсеткен. Ал теміржол арқылы екі арада 23 млн тонна жүк тасымалданған.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытай арасын байланыстырып тұрған Ляньюньган порты мен «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, «Қорғас — Шығыс қақпа» құрғақ порты Қытайдан Еуропаға жөнелтіліп жатқан жүктің басты арнасына айналып келеді.

Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қытайдың ірі қаржы мекемелерімен арадағы байланысты нығайтуға бет бұрған.

Ауыл шаруашылығындағы байланысты дамытуда екі елдің де көздеген мүддесі бар. 2015 жылдан бері Қазақстанның ауылшаруашылық тауарларын Қытай нарығына шығарудың фитосанитарлық талаптарын негіздейтін қаулыларға қол қойылды.

Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің саудасы өсіп келеді — Қазақстанның 1100-ден астам кәсіпорны Қытайға өз өнімін экспорттауға хақылы дейтін уағда бар.

Екі ел арасындағы электронды сауда-саттықтың арнасы да кеңейіп келеді.

2023 жылдың мамыр айында Қытайдың аса ірі JD.com онлайн-платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бұл платформаға 580 млн астам қолданушы тіркелген.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытайдың аймақтары өзара байланысты нығайтуға көшкен. Шаньдун телерадиостансасының директоры Люй Пэн Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясы мен Қазақстан арасындағы байланыс әртараптанып келе жатқанын айтады.

2023 жылдың қыркүйегінде «Қытай-Еуропа» бағыты арқылы қазақ астығын Шаньдунге таситын пойыз ашылды. Әлемдегі аса ірі Shandong Port Group порт операторы қазақстандық әріптестерімен көлік-логистика бағытындағы байланысты жолға қоюға кіріскен.

«Қазақстан — әлемдегі астық дақылын жеткізуші ірі елдердің бірі саналады. Онда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Шаньдун проовинциясы да Қытайдағы ірі ауылшаруашылық өңір есептеледі. Мұның өзі осы салада екіжақты байланысты нығайтуға үлкен кеңістік ашып тұр», — дейді Люй Пэн.

Жалпы Қытай «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Орталық Азиядағы елдердің бәрімен тығыз байланыс орнатып жатыр. 2022 жылы Қытай мен Орталық Азиядағы бес елдің арасында сауда-саттық айтарлықтай өсіп, 70,2 млрд долларға жетті.

Қазақстанның бұл көрсеткіштегі үлесі басым — 45%. Қытай Сауда министрлігінің берген дерегі бойынша, наурыз айында Қытайдың Орталық Азия елдеріне салған инвестициясы 15 млрд доллардан асқан.

Екі арада іске асқан инвестициялық жобалардың жалпы құны 63,9 млрд доллар болған.

Жібек жолының келешегі

«Ақ кітапта» «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұзақ мерзімді межелейтін, трансұлттық және жүйелі жаһандық ауқымдағы жоба екені айтылған.

Жобаның креативке толы бастамалардың қайнар көзіне айналып, өміршең екенін көрсететініне сенетіндер баршылық. Қытай тарапының ресми мәлімдемелерінде бұл бастамаға қатысушылардың бәріне барынша ашық, инклюзивті экономикалық мүмкіндіктер ашылатыны айтылады.

Бейжіңде Қазақстан Президенті қатысатын «Бір белдеу, бір жол» ІІІ халықаралық форумына мемлекет басшыларымен қатар ірі ұйым жетекшілері де шақыртылып отыр.

Форумның негізгі тақырыбы — «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапалы етіп салу мәселесі болмақ.

 

Жаңалықтар
16.05.2025
Астанада Ақтау портында жаңа контейнер хабының құрылысы талқыланды
Спорт
16.05.2025
Жеңіс күні қарсаңында теміржолшылар арасында шағын футболдан турнир өтті
ҚТЖ келбеті
16.05.2025
Қырағы кезекші — қауіпсіздік кепілі. Арыс-Түркістан жолындағы оқиға
Спорт
16.05.2025
Маңғыстауда теміржолшылар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті
Аймақтар
16.05.2025
Тараз оқу орталығындағы жаңашылдықтар
Әлеумет
16.05.2025
Бақыттың кілті – еңбек пен сыйластықта
Қауіпсіздік
16.05.2025
Құрылғылар жұмысы қадағалануда
Жаңалықтар
16.05.2025
Транзит әлеуетіне арналған конференция өтеді
Жаңалықтар
16.05.2025
Қазақстан – Қытай: алғашқы көлік форумы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
16.05.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №37 16 мамыр 2025 жыл
Жаңалықтар
15.05.2025
Астанада алғаш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы өтіп жатыр
Жаңалықтар
15.05.2025
Қазақстан мен Қытай "Алматы-Сиань" бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосуды жоспарлап отыр
Жаңалықтар
15.05.2025
ЕО Елшісі Ақтау теңіз портына сапармен келді
Жолаушылар тасымалы
15.05.2025
9,5 мыңнан астам жолаушы пойыз бен вагонды ауыстырып отыру қызметтерін пайдаланған
Аймақтар
15.05.2025
Аралда теміржол өткеліне көпір салынды
Аймақтар
14.05.2025
«Әкем – асқар тауым»: Қызылордада әкелер мен ұлдар сайысы өтті
Қауіпсіздік
14.05.2025
20 мыңнан астам азаматқа теміржолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Әлемде
14.05.2025
Қытайда сутегімен жүретін пойыз алғаш рет жолға шықты
Жаңалықтар
14.05.2025
Мас жолаушы пойыздың тоқтау-кранын жұлып алып, тоқтауына себеп болды
Жаңалықтар
14.05.2025
Қытай Қазақстанға алғашқы CEA1 магистральдық электровозын жеткізді