Құрық порты: теміржол мен теңіз жолы түйіскен жер
Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш ашылған Құрық порты – бүгінде Қазақстандағы маңызды стратегиялық нысандардың бірі. Каспий теңізі арқылы Парсы шығанағына, Еуропаға шығуға мүмкіндік беріп отырған порт инфрақұрылымы жылдан-жылға дамып, мүмкіндігі де артып келеді. Қазақстан ғана Каспий теңізі арқылы екі бірдей теңіз қақпасына ие: Ақтау порты мен осы Құрық порты. Қарт Каспийдің шығыс жағалауында, ауа райына қолайлы шығанақта орналасқандықтан Құрық портында жылдың кез келген маусымында теміржол және автожол арқылы келген жүк паромдарын қабылдау тоқтамайды. Порт ашылғанда онда небәрі 1 айлақ, 6 теміржол, 1 вагон паркі болатын. Қазір жолдар саны 12-ге жетті, 2 парк, 4 айлақ бар. Екі айлақ теміржол паромдарын қабылдауға арналған. Порт тарихына небәрі бес жыл. 2016 жылы жалпыұлттық телекөпір кезінде бірінші өткізу кешені мен темір жол іске қосылған болатын. Содан бері елімізге Кавказ бен Еуропаға тікелей жол ашқан бұл нысан арқылы миллиондаған тонна жүк тасымалданды. 2017 жылы теміржол паромы терминалы алғашқы миллион тонна жүкті өткізді. Паром кешені арқылы бастапқыда Әзербайжанмен қатынас орнаған болса, кейін басқа елдермен толыға түсті. Теміржол паромымен негізінен астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химиялық заттар мен азық-түлік өнімдері тасымалы жанданды. Қазір порт Қытай, Қазақстан арқылы өтетін Каспий теңізімен шығып, Әзербайжан, Грузия, одан әрі Түркия мен Еуропа елдерін жалғайтын алтын көпір рөлін атқаруда. Теміржол мен теңіз жолын түйістіріп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып отырған нысан арқылы экспорттық және импорттық жүктердің талапқа сай тасымалдануы порттық станция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. «Құрық порты» станциясы ашылғанда небәрі 18 теміржолшы маманмен жұмыс басталған болса, қазір штат саны 80 адамға жетті. Оның 90 пайызы – жас станцияда жаңадан еңбек жолын бастаған жастар. Олар жас станциямен бірге өсіп, әр ауысымда 16 адамнан кезекке түсіп, үздіксіз келіп жатқан жүктерді қабылдап жөнелтіп, Қазақстан темір жолындағы бірден бір портты станцияда тәжірибе жинақтауда. Станция ғимараты екі қабатты. Онда порт диспетчерлері, СЭС, шекара, кеден қызметкерлері – барлығы бірге отырады. Телефон, интернет байланысы бар, жұмыс орындары қажетті оргтехникамен жабдықталған.
– Құрық станциясына келіп кететін кемелер Әзербайжандікі. Сонымен күніне бір паром қабылдап, біреуін жөнелтіп отырмыз. Бұл паромдармен бізге Түркия, Грузия, Әзербайжаннан негізінен тамақ өнімдері, тұрмыстық техника, тағы басқалар келеді. Бізден шығатын жүктер көбінесе шикізаттар. Транзиттік бағытта Қытайдан Түркия, Әзербайжанға, Еуропаға өтетін жүктердің басым бөлігін халық тұтынатын түрлі тауарлар құрайды. Егер әртүрлі жүктер болса бір паромда ұзындығына байланысты 36-38 вагон келеді. Цистернадан 48 дана болады. Шамамен бір паромда 4 мың тонна жүк келеді. Өткен жеті айда 4533 вагон тиеп, түсірдік. Тоннаға шаққанда 283 449 тонна, 200-ге жуық кеме. Әрине, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда төмен. Енді күзге қарай бидай тасымалы басталса, көрсеткіш артатын болар деп отырмыз, – дейді Құрық порты станциясы бастығының орынбасары Қанат Мұқатов.
Паромның ерекшелігі жүктер вагонмен жүктелетінінде екені белгілі. Станция теміржолшылары сол вагондарды паромның ішінен шығарып алып, тиеуде жүкті вагонымен орналастырады. Ол үшін станцияда екі маневрлік тепловоз жұмыс істейді. Тепловоздар вагондарды паром ішіндегі рельс жолдармен жылжытып әкеліп кемеге жайғастырады. Бұл процестің де белгілі бір уақыты және өз ережесі мен реті бар. Міне, біз күткен кезекті паром айлаққа жетті. Әдеттегідей порттың диспетчері кеменің келгені туралы хабарлады. Жүкті күтіп алу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның ішінде кеден, шекара, СЭС қызметкерлері және станциядан бір теміржолшы бар. Әркім өз бағыты бойынша паромның ішіне кіріп міндетін атқаруға тиіс. Станциядан баратын адам – құжаттарды өңдеу операторы. Ол шетелден жеткен вагондар құжаттарының толықтығын тексереді. Құжат пен тауар сәйкес пе, жоқ па, жүк толық па, мұқият қарауы қажет. Толық болса, қабылдап алады да ол құжаттарды әрі қарай транзит жөніндегі агенттерге тапсырады. Олар оны компьютерде өңдеп, келген вагондарды Қазақстанға қабылдайды. Бұл уақытта екінші жақта басқа жұмыстар жүріп жатады. Екі тепловоз төрт пойыз құрастырушымен бірге паромның ішіндегі вагондарды түгел станцияға алып шығады. Ендігі кезек жүк қабылдаушыларда. Олар жүкті қабылдамас бұрын әр вагонның пломбасы бұзылмаған ба, есігі ашыла ма, жоқ па, төбе мен еден бүтін бе, тесілмеген бе, ұрланбаған ба, бәрін қадағап тексеріп шығады. Ашық вагондардағы жүктің шашылып-төгілмей, сынбай, бүтін жеткенін тексереді. Одан соң тауар кассирлерінің жұмысы басталады. Олар кеден қызметкерлерімен қосылып елге кірген жүктерге транзиттік декларация толтырады. Осындай жүк қабылдау процесі аяқталғасын, толық қабылданған вагондар құрастырылып, тепловозға тіркеледі де Маңғыстау станциясына жөнелтіледі. Осы тәртіпте бір паромнан келген жүкті шығару, қабылдау, құжаттарын дайындау, тағысын тағы, бір операцияға шамамен 12 сағат уақыт жұмсалады. Кері бағытта да сондай. Экспорттық, транзиттік жүктерді құжаттарды өңдеу операторы, транзит бойынша агенттер қарап, құжаттарын жіберуге дайындайды. Өңдеу операторы құжаттарды паромға алып барып тапсырады. Әзербайжандық өкілдер тексеріп, қабылдаса, вагондарды тиеуге рұқсат беріледі. Содан соң пойыз құрастырушылар мен машинистер өз міндетін атқаруға кіріседі. Вагондар паромға орналастырылып, жүктер шетел асады. Оған 6 сағатқа жуық уақыт кетеді. – Бұрын жүк қабылдау 24 сағат, жіберу 12 сағат уақыт алатын. Соны бүгінде екі есеге дейін қысқартуға қол жеткіздік. Әлі де азайтуға жұмыстанудамыз. Оған қағазсыз технологияға көшудің де септігі бар. Пандемияға орай карантин талаптары күшейген кезде құжатты қолмен тапсыру, қабылдау болған жоқ. Бәрі электронды түрде жүзеге асты. Уақыт бүгінгіден де қысқарған. Бұл тәжірибе бір жағынан тиімді. Бірақ оны іс жүзінде күнделікті жалғастыруға мүмкіндік жоқ. Ол үшін Әзербайжан теміржолымен біздің теміржол арасында байланыс, жүйеге өзгерістер енгізу керек. Солай мүмкін болса толықтай қағазсыз технологияға көшуге, уақыттан да ұтуға болар еді. Онда келе жатқан құжаттарды алдын ала толық көріп, жасалатын операцияларды тездетуге ықпалын тигізеді, – деген станция бастығы орынбасарының айтуынша, келген жүктің арасында құжаттары толық емес вагондар да кездеседі екен. Ондай вагондар ағытылып, жүкті жіберген және қабылдайтын тараптарға хабарланады. Жетпейтін құжат электронды түрде келгесін ғана жүк тиісті жеріне жөнелтіледі. Ол құжаттың келуіне байланысты екі сағаттан бір күнге дейін созылуы мүмкін дейді. Құрық порты облыс орталығы Ақтау қаласынан 90 шақырым қашықта орналасқан. Станцияда жұмыс істейтіндердің көбі қаладан, Маңғыстау станциясынан қатынайды. Сондықтан мұнда қызметкерлер үшін арнайы көлік қарастырылған. Таңертен алып келіп, кезектен шыққандарды қайта жеткізеді. Оған қоса машинистер үшін порттағы жатақханадан орын бөлінген. Бір ауысымдағы кезекке төрт машинист түсетіндіктен екі адамдық екі бөлме солардыкі. Жұмыстан шыққаннан кейін өз бөлмелерінде тынығуына, тамақтануына толық мүмкіндік бар. Станцияда өзге жұмысшылар үшін де жағдай жасалған. Ауысымда болатын бір тәулік бойы демалатын, тамақ ішетін, жуынып, киініп-шешінетін орын жабдықталған. Жазда кондиционер, ыстық-суық сулы диспенсерлермен қамтылған.Тамақ ішетін бөлмеде мұздатқыш, қысқатолқынды пештер қойылған. Сондай-ақ, порт асханасынан арнайы жеңілдікпен тамақ ішуге болады. Порт әкімшілігі теміржолшыларға тамаққа елу пайыздық жеңілдік беріп отыр. – Әрине, бүгінгі «Құрықты» осыдан бес жыл бұрынғысымен салыстыруға келмейді. Уақыт өткен сайын дамып жатыр. Алдағы уақытта портқа дейінгі станция (предпортовая) ашылайын деп жатыр. Құрылысы 2019 жылы басталды, осы жылдың соңына дейін бітіп қалады. Оның 8 жолы бар. Станция іске қосылған жағдайда біздің мүмкіндіктер бүгінгіден күшейе түспек. Мәселен, қазірде паромнан түсірілген жүк вагондарын қанша болса да келгенін келгендей жіберудеміз. Егер жаңа станция ашылса жинақтап, көбірек вагон жіберуге мүмкіндік болар еді. Қазір біз паромнан 36 вагон түсірілсе, тек соның өзін ғана тепловозға тіркеп, Маңғыстау станциясына жөнелтеміз. 36 вагон бір құрамға аз. Ал жаңа станция жолдарына 72 вагон сыятын болады. Сонда осы жерден құрамды толықтырып жіберсек, Маңғыстау станциясына тоқтамай-ақ, әрі қарай тіке кетуіне мүмкіндік туады. Уақыт та, қаражат та үнемделеді, – дейді Құрық порты станциясы ашылғалы мұндағы жұмыстардың басы-қасында жүрген Қанат Айтбайұлы. Бұдан бөлек, қазір мұнда астық терминалы салынуда екен. 2023 жылы іске қосылуы жоспарланып отырған терминал порттыкі болғанмен, келетін вагондарға қызмет көрсетуші станция болмақ. Вагондарды тұйыққа қою, беру сияқты жұмыстарды атқаратын да, әрине, теміржолшылар. Бұл терминал жұмысын бастаса, жүк ағынын көбейтіп, станция көрсеткіштеріне оң ықпал етері сөзсіз деседі жергілікті теміржол басшылары.